Команда атынан Теміртау бірінші классикалық лицейінің 11 тәрбиеленушісі шығады. Олармен бірге командада жыл бойы Phygital жобасына қатысқан арнайы интернаттар мен балалар үйлерінің тарбиеленушілері де ойын көрсетеді: жыл ішінде UEL Team командасымен бірлесіп FIFA бойынша сабақтар өткізілді, ал мекемелердегі ойын аймақтары PlayStation консольдарымен жабдықталды. Мұндай формат «ALGA!» жобасының басты идеяларының бірін — футболды қарым-қатынас, командалық жұмыс және өмірлік тәжірибесі әртүрлі балаларды біріктіру құралы ретінде пайдалануды көрсетеді.
«ALGA!» жобасын Freedom қолдауымен QOFA жүзеге асыруда және ол Қарағанды облысының мыңдаған мектеп оқушысының басын қосты. Тұрақты жарыстардан бөлек, қатысушылар үшін білім беру және әлеуметтік бастамалар ұйымдастырылады, ал балалардың «Болашақ ойындарына» қатысуы жоба үшін жаңа кезең болмақ.
Өнер көрсету үшін неліктен дәл осындай команда таңдалғаны туралы QOFA әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы Данияр Кәрібаев айтып берді.
«„Болашақ ойындарының“ футбол дисциплинасына қатысу үшін біз Теміртау бірінші классикалық лицейінің 11 тәрбиеленушісінен құралған команданы жібереміз. Бұл мектептің таңдалуы кездейсоқ емес: бүкіл оқу жылы бойы балалар «ALGA!» жобасының үздік үш командасының қатарынан көрініп, дайындықтың жоғары деңгейін көрсетті. Сонымен қатар лицейдің өзі де мектеп футболын дамытуды белсенді түрде қолдап, жобаны жүзеге асыруға жоғары деңгейде атсалысты.
Дегенмен спорттық нәтиже жалғыз іріктеу критерийі емес. Біз үшін бір командада жалпы білім беретін мектептің, арнайы интернаттар мен балалар үйлерінің балаларының бірге өнер көрсетуі ерекше маңызды. Футбол — бұл ойыннан да зор ұғым екеніне сенімдіміз. Бұл — балаларды өмірлік жағдайларына, ерекшеліктеріне немесе оқитын жеріне қарамастан біріктіретін ортақ тіл.
Біз кәдімгі мектеп оқушыларының арнайы интернатта оқитын балалардың да дәл өздеріндей дарынды, мақсатшыл және футболға ынталы замандастары екенін көргенін қалаймыз. Сонымен бірге арнайы интернаттар мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері үшін бұл — өзін біртұтас команданың бөлігі ретінде сезінуге, жаңа достар табуға және спорттың жаңа мүмкіндіктер аша алатынына, әлеуетті арттыруға әрі адамдар арасындағы кез келген кедергілерді жоюға қабілетті екеніне көз жеткізуге берілген мүмкіндік».
Шоу-матч жоба қатысушылары үшін ALGA! жобасын халықаралық іс-шарада таныстыруға, жаңа ойын тәжірибесін жинақтауға және басқа елдердегі қатарластарымен танысуға мүмкіндік береді. Басым көпшілігі үшін бұл мұндай жоғары деңгейдегі алаңда өнер көрсетудің алғашқы тәжірибесі болмақ.



