Әлеуметтік жобалар24 тамыз

ALGA! жобасы аясында QOFA жаңа муралды таныстырды

Ауқымды композиция Орбита-1 шағынауданындағы екі тұрғын үйдің қасбетіне салынды. Бұл — QOFA жүзеге асырып жатқан ALGA! жобасының кезекті бастамаларының бірі.
1

Мурал бірден екі ғимараттың — №40 және №41 үйлердің қасбетіне салынды. Бір-біріне қарама-қарсы орналасқан екі қасбет ортақ композициямен біріктірілген. Орын таңдағанда муралдың қалалық кеңістіктің бір бөлігіне айналып, тек шағынаудан тұрғындарына ғана емес, көпшілікке де көрінуі біз үшін маңызды болды. 

Байқаудан іске асыруға дейін

Жоба көктемде QOFA мурал эскизіне ашық байқау жариялаған кезде басталды. Суретшілер мен дизайнерлерге балалар футболы, қозғалыс, командалық ойын және белсенді өмір салты тақырыптарын өз көзқарасымен жеткізу ұсынылды.

Байқауда суретші-дизайнер Александра Тукенованың эскизі үздік деп таңдалды. Нәтижелер жарияланғаннан кейін жобаны жүзеге асыруға дайындық басталды.

Одан кейін Урбанистика орталығының мамандары композицияны екі ғимараттың сәулеті, көлемі мен орналасуына бейімдеді. Негізгі міндеттердің бірі — суреттің жақыннан да, алыстан да анық әрі тұтас көрінуін қамтамасыз ету болды.

Жоба Freedom және Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Серіктестермен бірлескен жұмыстың арқасында мурал идеясы толық жүзеге асып, жұмыс аяқталды.

Муралдың негізгі идеясы қандай?

Композицияның басты кейіпкерлері — балалар мен футбол. Алайда муралдың мазмұны бір ғана спорт түрімен шектелмейді. Онда қозғалыс, достық, командалық ойын және белсенді өмір салты идеялары көрініс тапқан. Бұл құндылықтар ALGA! жобасының негізгі қағидаларымен де үндеседі.

Мурал «Қарағанды Арена» мұз сарайының жанында орналасқан. Мұндай көршілік те өзіндік мәнге ие: мұнда футбол мен хоккей бір-біріне қарсы қойылмайды. Керісінше, бұл Қарағандының спорттық қала екенін және әр баланың өзіне жақын спорт түрін таңдау мүмкіндігі болуы керектігін көрсетеді.

«Біз үшін бұл, ең алдымен, көпшілікке жақсы көрінетін қалалық кеңістік. Мұнда мыңдаған адамға жететін әлеуметтік әрі спорттық ойды жеткізуге болады. Мұз айдынымен көршілес орналасуын футбол мен хоккейді бір-біріне қарсы қою деп қабылдамаймыз. Керісінше, бұл Қарағандының спорт қаласы екенін және әр баланың өзіне ұнайтын спорт түрін таңдауға мүмкіндігі болуы керектігін көрсетуге мүмкіндік береді.»

Данияр Карибаев, QOFA әлеуметтік жобалар бөлімінің жетекшісі

ALGA! қала өмірінің бір бөлігіне айналып келеді

ALGA! — балаларды футболмен таныстырып, спортты олардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдыруға бағытталған QOFA-ның әлеуметтік-білім беру жобасы. Жобаға қатысатын мектептерде бастауыш сынып оқушыларының дене шынықтыру пәніндегі үшінші сабағы футболға арналады.

Алайда ALGA! тек мектептегі сабақтармен шектелмейді. Жыл бойы балалар үшін турнирлер, фестивальдер және басқа да футбол іс-шаралары өткізіледі. Енді жобаның идеялары Қарағанды көшелерінде де көрініс тапты.

Жаңа мурал — осы жұмыстың жалғасы. Ол арқылы футбол мен белсенді өмір салты туралы бүкіл қалаға түсінікті түрде айтып, Қарағандының қалалық келбетінің бір бөлігіне айналатын нысан жасағымыз келді.