Алғашқы іс-шараға «Айгөлек», «Айсұлу», «Балақай», «Шаңырақ» және «Жұлдыз» балабақшаларынан 50-ден астам бала қатысты.
Бүлдіршіндер үшін бұл күн ерекше әсерге толы болды. Мерекелік форматта өткен шарада олар футбол элементтері енгізілген эстафеталармен қимылды ойындарға қатысып, түрлі сайыстарда бақ сынады. Аниматорлар мерекелік көңіл күй сыйлап, балалардың шат-шадыман күйде уақыт өткізулеріне мүмкіндік жасады.
ALGA! жобасының басты мақсаты – балаларды ерте жастан белсенді өмір салтына баулу, қозғалысқа қызығушылығын арттыру және футболмен ойын арқылы таныстыру.
«Бүгінгі ALGA! "бірінші пас" іс-шарасы бүлдіршіндердің спортпен және футболмен алғашқы танысуына арналған бастама. Біз үшін бұл жай ғана мерекелік кездесу емес, балалардың белсенді өмір салтына бастар алғашқы қадамы. Алдағы уақытта бұл жобаны өңірдің өзге де балабақшаларында жалғастыруды жоспарлап отырмыз.Балалар спортты ойын арқылы оңай қабылдайды. Осындай іс-шаралар арқылы салауатты өмір салтының негізі ерте жастан қалыптасады деп сенеміз.»
Шара соңында барлық бүлдіршіндерге QOFA атынан арнайы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар жобаның өтуіне қолдау көрсеткен Zigi Zaga мен «Биосфера» компанияларына ұйымдастырушылар ерекше алғыстарын білдірді.Іс-шараға қатысқан ата-аналар да тың бастамаға жоғары баға берді.
«Балаларымыздың осындай қызықты әрі пайдалы іс-шараға қатысқанына қуаныштымыз. Бүгін олар ойнап, қимылдап қана қоймай жаңа әсер алды. Жаңа орта,жаңа достар тапты. Сол үшін осындай жобаны ұйымдастырып, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлаған QOFA ұжымына және демеушілерге алғысымызды білдіреміз.»
ALGA! жобасы бұған дейін Қарағанды облысының мектептерінде жүзеге асырылып келеді. Енді бастама балабақшаларды да қамтып, балалардың спортқа деген қызығушылығын ерте жастан қалыптастыруға жаңа мүмкіндік ашады. Бүлдіршіндермен келесі кездесу қыркүйек айына жоспарланып отыр. Сәйкесінше әр кездесу сайын балалар саныда арта түспек.



