Үлкен аренаға барлығы 16 жас футболшы шықты. Олардың қатарында ALGA! әлеуметтік жобасының қатысушылары мен балалар үйінің тәрбиеленушілері бар. Жас спортшылар көпшілік көрерменнің алдында өз шеберліктерін көрсетіп, үлкен спорттық аренада тәжірибе жинақтады.
Шоу-матч Phygital форматында өтті. Алғашқы кезеңде ALGA! командасы басымдық танытты. Ал жасыл алаңдағы ойында QOFA спортшылары таразы басын теңестіріп, кездесуді соңына дейін тартыста ұстады. Негізгі уақыт жеңімпазды анықтай алмады. Матч тағдыры пенальти сериясында шешіліп, QOFA командасы 7:6 есебімен жеңіске жетті.
«Менің жасым 11-де. Бұл ойында мен 1 гол соқтым. Бүгін мен үшін керемет күн болды. Осындай алаңда, осындай тамаша жағдайда ойнауға мүмкіндік бергені үшін бәріне алғысымыз шексіз. Ойын тартысты өтті. Бізге берілген басты нұсқаулық алаңға мінез көрсетіп шығып жеңіске жету керек болды. Соңына дейін күрестік және жеңіске жеттік.»
Ойын қорытындысы бойынша жеңімпаз командаға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы кубок табысталды. Ал жарыстың үздік ойыншысы атанған Юрий Кульгускинге Sony PlayStation 5 сыйға берілді. Сонымен қатар жасыл алаңда өнер көрсеткен барлық футболшылар да марапаттан тыс қалған жоқ. QOFA атынан әр қатысушыға арнайы сый-сияпат табысталып, жас спортшыларға қолдау көрсетілді.
Шоу-матчтың басты мақсаты — тек жеңімпазды анықтау емес, балалар футболын және инклюзивті спортты дамыту, әрбір балаға өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік беру. Мұндай бастамалар жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттырып, өз күшіне деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
«Балаларды қалай іріктедік? Мәселен, бірінші Теміртау классикалық лицейі ALGA! жобасының ең мықты үш командасының қатарына кіреді және әдістемелік тапсырмаларды сапалы орындау көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Киберспорттағы жоғары нәтижелері мен жетістіктері үшін арнайы интернаттың 5 тәрбиеленушісін тізімге қостық.»
Шара Қарағанды облыстық футбол ассосациясы (QOFA), United Esports Leagues киберспорт федерациясының және Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
«Жалпы бұл халықаралық турнирінде Қарағандылық ұжымдар тамаша ойын көрсетті деуге толық негіз бар. Сондай-ақ, бүгін балалардың ойынына куәгер болдық нағыз шоу болды. Тең дәрежеде өрбіген тартысты кездесуге куәгер болдық. Болашақ солардікі сол себепті қолдау керек деп ойлаймын.»
Айта кетейік, Қарағанды облысы Қазақстанда Phygital бағытын дамытуды алғаш қолға алған өңірлердің бірі. Дәстүрлі спорт пен заманауи технологияны ұштастыратын бұл бағыт балаларды спортқа тартуға, бұқаралық спортты дамытуға және жасөспірімдерге жаңа мүмкіндіктер ашуға жол береді.
Ал ALGA! әлеуметтік жобасы балаларға әлеуметтік жағдайына қарамастан футболмен айналысуға, спорттық қабілеттерін дамытуға және өз әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Осындай жобалар жас спортшылардың үлкен аренаға шығуына жол ашып, олардың болашаққа деген сенімін арттырады.



