Футбол – тек жарыс емес, адамдарды бір мақсат жолында біріктіретін үлкен мүмкіндік. Осы идеяны негізге алған QOFA футбол қауымдастығын әлеуметтік маңызды іске жұмылдыруды көздейді. Турнирден жиналған қаражат Sensorica Plus орталығының жұмысын дамытуға және балаларға көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға бағытталады. Ендеше, орталықтың жұмысы мен негізгі бағыттарына тоқталайық.
Нақты қажеттіліктен туған орталық
Sensorica Plus сенсорлық дамыту орталығының ашылуына өмірлік жағдай себеп болды.
««Орталықты ашу идеясы жақын адамдарымыздың өміріндегі жағдайдан кейін пайда болды. Бізге жақын отбасының баласына аутизм спектрі бұзылысы диагнозы қойылған кезде қажетті көмекті іздей бастадық. Осы кезде Қарағандыда ерекше қолдауды қажет ететін балаларға арналған сапалы әрі жүйелі қызметтердің жеткіліксіз екенін байқадық.»
Бүгінде орталық әр баланың жеке ерекшелігін ескере отырып жұмыс істейді. Мұнда әртүрлі сала мамандары бірлесіп, балалардың дамуына бағытталған жеке бағдарламалар әзірлейді. Sensorica Plus орталығының негізгі бағыттарының бірі – сенсорлық дамыту сабақтары. Бұл сабақтар баланың қоршаған ортаны қабылдауын жақсартуға, ойлау қабілетін дамытуға және күнделікті өмірге қажетті дағдыларды қалыптастыруға көмектеседі.
Орталық сөйлеу тілінің кешігуі, психосөйлеу дамуының кешеуілдеуі, аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ), назар тапшылығы және гиперактивтілік синдромы (СДВГ), Даун синдромы, церебралды сал ауруы және басқа да даму ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істейді. Әр бала мамандармен кездесуден кейін жеке бағдарлама бойынша қабылданып, ата-аналармен тұрақты байланыс жүргізіледі. Бұл баланың қажеттілігін жақсы түсініп, оның дамуына дұрыс бағыт таңдауға мүмкіндік береді.
«Біздің басты мақсатымыз – көбірек балаға сапалы көмек көрсету және әр отбасы өз қаласында қажетті қолдауды ала алатын жағдай жасау. Мұндай бастамалар тек қаржылай көмек емес. Бұл – ерекше балалар мәселесіне қоғам назарын аударып, ата-аналарға сенім беретін маңызды қадам.»
Қоғамдағы жақсы өзгерістер адамдардың ортақ мақсат жолында бірігуінен басталады. QOFA ұйымдастыратын қайырымдылық турнирі – спорт пен жанашырлықты біріктіретін осындай бастамалардың бірі. Бұл күні футбол алаңы тек жарыс өтетін орын емес, ерекше балалардың болашағына бағытталған қолдау алаңына айналады.
Турнир 1–2 тамыз күндері Қарағанды қаласы, Аманат спорт кешені, Карбышев көшесі 7/5 мекен-жайында өтеді. Турнир туралы толық ақпарат пен жаңалықтарды QOFA-ның ресми әлеуметтік желілерінен бақылауға болады.



