Әуесқой турнирлер31 шілде

Маусымның бел ортасы: Freedom Қарағанды облысы біріншілігінің алғашқы айналым қорытындысы

Ойын күнінің басты оқиғалары, турнир кестесіндегі командалардың жағдайы және чемпионаттың үздік сұрмергені Кирилл Верхотуровпен сұхбат.
1

QOFA ұйымдастыруымен өтіп жатқан Freedom Қарағанды облысы біріншілігінің кезекті 12-туры жанкүйерлерге футболдың бүкіл сұлулығын сыйлады: ірі есеппен аяқталған матчтар, күтпеген нәтижелер, жарқын жеке өнер көрсетулер және жоғары орындар үшін тартысты ойындар.

Матчтарға шолу

«Qarmet» — «Дорожник» — 6:0

Турдың басты матчында күтілген тартыс болған жоқ. Бірінші таймның ортасына дейін «Дорожник» төтеп бергенімен, 22-минутта Ерлан Тұтқабаев есеп ашты. Осыдан кейін чемпионат көшбасшысы ойын тізгінін толықтай өз қолына алды.

Үзіліске дейін Кемалов есепті еселесе, екінші тайм бастала сала дубль авторы атанды. Ойынның соңғы жиырма минутында «Qarmet» қарсыласын толықтай талқандады: Захаренко бір рет, ал Айдос Тәттібаев екі рет мергендік танытты.

Чемпионат көшбасшысы қатардан он екінші жеңісіне қол жеткізіп, басты чемпиондық үміткер екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

«Осакаровка» — «Абай» ФК — 0:11

«Абай» ойын тағдырын алғашқы таймда-ақ шешіп қойды. Әлімбаев пен Аманжоловтың голдары, Ахметовтің дублі және Бекасиловтың дәл соққысы алғашқы 45 минутта-ақ қонақтарға 5 доптық басымдық берді.

Екінші таймда чемпионаттың үздік сұрмергені Кирилл Верхотуров көшбасшылықты қолға алды. Шабуылшы 47, 55, 67 және 71-минуттарда көзге түсіп, покер орындады. Соңғы минуттарда Сойкин екі гол соғып, есепті 11:0-ге жеткізді. «Абай» үшін бұл — осы маусымдағы екі таңбалы есеппен аяқталған екінші жеңіс.

«Карсити» — «Саран» ФК — 1:0

Турдың ең тартысты матчы Қарағандыда өтті. Алғашқы таймда қос ұжым бір-бірінің қақпасына жол таба алмады, ал ойын тағдырын үзілістен кейінгі жалғыз эпизод шешіп кетті. 55-минутта Дамир Мейірхан «Карситиге» жеңіс сыйлап, командасына маңызды үш ұпай алып келді.

НИШ Ustaz — «Асан» ФК — 2:14

Ойын күнінің ең өнімді матчы күтпеген жағдаймен басталды: 7-минутқа қарай НИШ Ustaz Ахметкәрімовтің дублінің арқасында 2:0 есебімен алға шықты. Алайда бұдан кейін бастама толығымен «Асанның» қолына өтті. Үзіліске дейін қонақтар қарсылас қақпасына жеті доп соқса, екінші таймда тағы сондай гол енгізді.

Кездесудің басты қаһарманы — покер авторы атанған Новиков. Нұрғалиев пен Амангелдин хет-трик жасаса, Жүнісов дубль авторы атанды. Командалар соққан 14:2 есебі турдың ең ірі жеңісі ретінде тіркелді.

«Арлан» — «Жауыртау» СК — 0:2 

«Жауыртау» спорт клубы осы маусымдағы ең маңызды жеңістерінің біріне қол жеткізді. Есепті 31-минутта Дулат Қазыбек ашса, матч соңында ол дубль авторы атанып, кездесуге нүкте қойды. Осы жеңістің арқасында қонақтар турнир кестесінің ортасындағы тығыз топта орнын сақтап қалды, ал «Арлан» көшбасшыларға жақындау мүмкіндігінен айырылды.

Турнирлік жағдай

12-турдан кейін чемпиондық жарыстағы тартыс одан әрі қыза түсті. Qarmet еш ұпай жоғалтпай, 36 ұпаймен көш бастап тұр. «Абай» футбол клубы бір рет ұтылып (дәл осы көшбасшыдан), 3 ұпайға қалып келеді.

Қола медаль үшін күресте де тартыс өте жоғары. «Дорожник» үшінші орында келеді, бірақ «Арлан» оларға тек қосымша көрсеткіштер бойынша жол беріп тұр. Ал «Жауыртау» бұл турдағы жеңісінен кейін көшбасшылар тобына едәуір жақындап қалды.

Чемпионаттың басты оқиғасы келесі турда өтеді. Qarmet пен «Абай» өзара кездесу өткізеді, бұл матч алтын медальдың тағдырына тікелей әсер етуі мүмкін. «Абайдың» жеңісі ұпай алшақтығын қысқартып, чемпиондық бәйгеге үлкен интрига қайтарады. Ал Qarmet жеңіске жетсе, басымдығын 6 ұпайға дейін арттырып, бас жүлдеге үлкен қадам жасайды.

Сұрмергендер жарысы: Верхотуров 24 гол соғып үлгерді

Маусымның басты жаңалығы — «Абай» ФК шабуылшысы Кирилл Верхотуров. «Осакаровка» қақпасына соққан покерінен кейін ол 12 матчтағы гол санын 24-ке жеткізіп, Freedom Қарағанды облысы біріншілігінің ең үздік сұрмергені позициясын сақтап қалды.

Ойыннан кейін Кирилл өзінің футболдағы жолы, сұрмергендер жарысы және чемпиондық тартыс туралы айтып берді.

— «Шахтер» жанкүйерлері сізді жартылай қорғаушы ретінде таниды, кейін орталық қорғаушы болып ойнадыңыз, ал қазір чемпионаттың үздік сұрмергенісіз. Мұндай футболдық трансформация қалай жүзеге асты?

— Мен «Шахтер» футбол орталығында жаттыға бастадым. Алғашында орталықта, кейін қапталда жартылай қорғаушы болып ойнадым. Жаңылмасам, 2019 жылы команданы Сергей Александрович Мищенко баптаған кезде мені шабуылдаушы жартылай қорғаушы ретінде шығара бастады. Сол маусым өте сәтті өтті: Екінші лигада 11–12 гол соғып, 6 рет нәтижелі пас бердім.

Одан кейін Бірінші лигада өнер көрсететін «Шахтер-Болатқа» ауыстым. Онда мені орталық қорғаушы ретінде қоя бастады. Жағдай солай болды: негізгі құрамда ойнағым келді, сондықтан бейімделіп, жаңа позицияны меңгеруге тура келді.

— 2020 жылғы маусымнан кейін сіз футболдан көрінбей кеттіңіз. Осы бес жыл қалай өтті: қайда ойнадыңыз, алаңнан тыс немен айналыстыңыз және футболды мүлдем қою туралы ой болған жоқ па?

 — Кәсіби футболдан кеткеннен кейін алғашқы жарты жыл оңай болған жоқ. Шыны керек, бүкіл өмірімді футболға арнағандықтан, ары қарай не істерімді, қай бағытта жүрерімді түсінбедім.

Бірақ бара-бара бәрі орнына келді. Қазір жеке кәсіпкермін, Hamply.kz интернет-дүкенін дамытып жатырмын. Негізінен шәйнектер мен басқа да тұрмыстық техника сатамыз. Тіпті бизнесті футболмен байланыстырудың да сәті түсті: өз командамыздың демеушілерінің бірі болып, жарна төлеуге көмектестік, ал турнирлердің бірінде қатысушылар арасында өзіміздің шәйнектерімізді ұтып алу мүмкіндігін ұйымдастырдық.

Сонымен қатар футболдан бір күн де қол үзген емеспін. Бірден барлық әуесқой турнирлерде ойнай бастадым: футзалдан Қарағанды Суперлигасында, облыстық жарыстарда ойнадым, ұзақ уақыт «Гефест» сапында өнер көрсеттім. Енді, міне, туған «Абай» командасының намысын қорғап жүрмін.

Футболды тоқтату туралы ой мүлде болған жоқ. Осы бес жылда бір ай да футболсыз жүрмеген сияқтымын.

— 12 турдан кейін сізде 24 гол бар, ал Айдос Тәттібаевта — 19. Осы жарысты бақылап жүрсіз бе және мұндай тәжірибелі шабуылшымен бәсекелестік қосымша мотивация бере ме?

 — Айдосты көптен бері танимын. Оны Бірінші лигада ойнап жүрген кезінен көрдім. Ол ең үздік сұрмерген атанды, «Шахтерде» ойнады, команда капитаны болды.

Бұл бәсеке маған ерекше мотивиция береді деп айта алмаймын. Мен ең алдымен өзім үшін ойнаймын. Әрине, кімнің қанша гол соққанын қарап отырасың, маусымның үздік бомбардирі атанғың келеді. Бірақ біз үшін ең маңыздысы — командалық мақсаттар. Қазір бүкіл ойымыз «Қарметпен» болатын матчта — жеңіске жетіп, ұпай санын теңестіргіміз келеді.

— Осы маусымда жалғыз жеңіліс бар. Ол дәл осы «Қарметке» есе жіберген едік. Келесі кездесуде есе қайтарып қана қоймай, чемпиондыққа деген мүмкіндікті сақтап қалу үшін командаңыздың ойынында не өзгеруі керек?

— Ол кезде біз пенальтиден гол жіберіп алып, 0:1 есебімен ұтылдық. «Қарметтің» құрамы шынымен өте күшті. Команданың жартысы өткен жылы кәсіби деңгейде ойнаған: біреулері «Шахтерде», біреулері футзалдан «Биосферада» өнер көрсетті. Өте шебер футболшылар, көбісімен «Шахтер» жүйесінде бірге ойнағанмын.

Бірақ бізде де өзгерістер бар. Алғашқы айналымнан кейін мәселесі бар позицияларды жабуға көмектесетін бірнеше тәжірибелі ойыншымен құрамды күшейттік. Ең бастысы — бабымыз бен бағытымыз сай. Бұл матчтың маңызын өте жақсы түсініп отырмыз. «Қарметпен» ойнауға да, оларды жеңуге де болады. Жексенбіде жүз пайыз емес, екі жүз пайыз күшті салып ойнаймыз.