Іс-шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей қатысты.
Дене шынықтыру және бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған семинар «Космонавт» қонақүйінің конференц-залында өтті. Дәрістерді UEFA A-Elite санатындағы жаттықтырушылар Дмитрий Васильев пен Арсен Инкарбеков жүргізіп, бастауыш мектепте футболды оқытудың заманауи әдістемелерін таныстырды.
Мұғалімдерге 32 сағаттық оқу жоспарын құру, сабақ бағдарламасын жасау қағидаттары және сыныптан тыс футбол секцияларын ұйымдастыру жолдары үйретілді. Қатысушылар топтық тапсырмалар орындап, жобалар әзірлеп, тәжірибе алмасты.
«Қарағандыны футболдың бесігі десек, артық айтқандық емес. Сондықтан облыс әкімдігі Freedom компаниясымен бірлесіп, осы спорт түрін дамытуға басымдық беріп отыр. Бүгінгі семинардың басты мақсаты — футболды насихаттауға бағытталған жобаны сәтті жүзеге асыру. Футбол — бұл жай ғана ойын емес, бұл қозғалыс пен шынығу мектебі, мінез тәрбиесінің құралы әрі қоғамды біріктіретін күш»
Семинар өңір мектептерінде дене шынықтырудың үшінші сабағын алғаш рет футбол түрінде енгізуге мұғалімдерді дайындауда маңызды қадам болды.



