Әлеуметтік жобалар24 шілде

Қарағандының әуесқой лигасынан Қазақстан құрамасына дейін: Ислам Құрбановпен сұхбат

Әуесқой футбол көп спортшы үшін үлкен жетістіктерге бастайтын алғашқы баспалдақ. Ислам Құрбанов та дәл осындай жолдан өтті. Бүгінде ол сурдофутзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының қақпасын қорғайды.
1

«Пантера» командасы бірнеше жылдан бері QOFA ұйымдастыратын әуесқой турнирлерге қатысып келеді. Бұл – есту қабілеті бұзылған футболшылардан құралған ерекше команда. Ассоциация аталған ұжымды үнемі қолдап келеді. Мәселен бұған дейін Freedom компаниясының демеуімен ойыншыларға жаңа ойын формасы табысталған болатын. Бүгінде «Пантера» Қарағанды облысындағы футбол қауымдастығының маңызды мүшелерінің бірі.

Команда ойыншыларының бірі – қақпашы Ислам Құрбанов. Ол әуесқой футболдан бастап, сурдофутзалдан Қазақстан ұлттық құрамасына дейін жетті. Құрама сапында Азияның есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы ADFF чемпионатында ел намысын қорғады. Сол жарыста Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке жетіп, Азия чемпионы атанды.

Сурдофутзал – есту қабілеті бұзылған спортшыларға арналған спорт түрлерінің бірі. Оның ережелері кәдімгі футзалға өте ұқсас. Негізгі айырмашылығы – ойыншылар алаңда бір-бірімен ым-ишара және көзбен байланыс арқылы түсініседі. Қазақстанда бұл спорт түрі қарқынды дамып келеді. Ұлттық құрама Халықаралық саңыраулар спорт комитеті (ICSD) мен Азия саңыраулар спорт федерациясы (ADFF) ұйымдастыратын халықаралық жарыстарға тұрақты қатысып, жоғары деңгейін дәлелдеп жүр. Соның бірі – Азия чемпионатындағы жеңіс. Мұндай құраманың сапына ену – көп жылғы еңбектің нәтижесі.

Біз Исламмен футболдағы алғашқы қадамдары, Қазақстан құрамасындағы ойыны, Азия чемпионатындағы жеңісі, сурдофутзалдың дамуы және алдағы мақсаттары туралы әңгімелесіп ой бөліскен едік.

Футболға қалай келдіңіз? Неліктен қақпашы болуды таңдадыңыз және бұл позиция сіз үшін нені білдіреді?

– Футболмен 2012 жылдан қызығып айналыстым, ал 2017 жылы тұрақты жаттыға бастадым. Басынан-ақ қақпашы болғым келді. Себебі қақпашы команда нәтижесіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Бұл орында ойнау үшін жақсы реакция, өзіңе деген сенімділік және ойынның ең қиын сәттерінде сабыр сақтай білу керек. Сондықтан осы бағытта дамуды таңдадым.

Сіз сурдофутзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Азия чемпионатына қатыстыңыз. Бұл жарыс сіздің спорттық жолыңызда қандай орын алады?

– Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында ойнау – спорттық мансабымдағы ең маңызды кезеңдердің бірі. Өз елімді халықаралық деңгейде таныстыру мен үшін үлкен мәртебе болды. Азияның ең мықты командаларына қарсы ойнап, мол тәжірибе жинадым, жаңа адамдармен таныстым және өзімді жоғары деңгейде сынап көрдім. Осы жарыс маған үздіксіз еңбек пен тұрақты жаттығудың нәтиже беретінін көрсетті. Бұл чемпионат менің есімде өмір бойы сақталады.

Спорттық мансабыңыздағы ең үлкен жетістігіңіз қайсы?

– Мен үшін ең үлкен жетістік – Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алу. Бұл – көп жылғы еңбектің және спортта өсуге деген үлкен талпыныстың нәтижесі. Сондай-ақ шешуші ойындарда командама көмектесіп, кейін бірге жеңіске қуанып, медаль алған сәттер де мен үшін өте қымбат. Осындай сәттер өзіңді дамытуға күш береді.

Есту қабілеті бұзылған футболшылар бүгінде қандай қиындықтарға жиі кездеседі? Соңғы жылдары қоғамның инклюзивті спортқа деген көзқарасы өзгерді деп ойлайсыз ба?

– Ең үлкен мәселе – сурдоспортқа көңілдің аз бөлінуі. Соның салдарынан жарыстар, оқу-жаттығу жиындары және даму мүмкіндіктері жеткіліксіз болады. Көпшілік біздің жарыстар мен жетістіктер туралы әлі де аз біледі. Дегенмен есту қабілеті бұзылған спортшылар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, Қазақстанның намысын халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап жүр. Менің ойымша, жағдай біртіндеп жақсарып келеді. Инклюзивті спортқа қызығушылық артып, адамдар біздің жетістіктеріміз туралы көбірек біле бастады. Осындай қолдау алдағы уақытта да көбейе береді деп сенемін.

Қазақстанда сурдофутзал мен инклюзивті футболды дамыту үшін не жетіспейді? Бұл спортқа көбірек адамды қалай тартуға болады?

– Менің ойымша, ең алдымен жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын көбейту керек. Сонда спортшылар тәжірибе жинап, шеберліктерін арттыра алады. Сонымен қатар сурдофутзал туралы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жиірек айту маңызды. Адамдар біздің ойындарымыз бен жетістіктерімізді көрген сайын бұл спортқа қызығушылық та арта түседі. Федерациялар, демеушілер және мемлекеттің қолдауы да өте маңызды.

Алға қойған жоба жоспар қандай?

– Қазір басты мақсатым – қақпашы ретінде дамуды жалғастырып, шеберлігімді арттыру және Қазақстан ұлттық құрамасына қайта шақырту алу. Ірі халықаралық жарыстарда ойнап, медаль жеңіп, командама пайда әкеліп, елімнің намысын абыроймен қорғағым келеді. Мен үшін ең бастысы – тоқтап қалмай, үнемі алға ұмтылу.

Бірнеше жылдан кейін өзіңізді футболда қалай елестетесіз?

– Мен ойыншылық мансабымды мүмкіндігінше ұзақ жалғастырып, футболдан ләззат алғым келеді. Мансабым аяқталғаннан кейін де спортта қалғым келеді. Мүмкін қақпашылар бапкері болармын немесе Қазақстанда сурдофутзалды дамытуға үлес қосармын. Өз тәжірибемді жас спортшыларға үйретіп, осы спорт түрінің дамуына үлес қосқым келеді. Келесі буынның бұдан да үлкен жетістіктерге жетуіне көмектессем деймін.