Әуесқой турнирлер01 қазан

Qarmet Қазақстан әуесқой командалары арасындағы чемпионаттың қола жүлдегері атанды

Қарағанды облысының чемпионы Өскеменде өткен «Қазақстан Әуесқой Лигасының» финалдық кезеңінде өңір намысын қорғады.
1

Турнир 17 қыркүйекте басталды. Матчтар «Восток» стадионында және оның қосалқы алаңында өтті. Чемпиондық атақ үшін Қазақстанның әр өңірінен келген үздік әуесқой командалар сынға түсті.

Qarmet Қарағанды облысының біріншілігінде жеңіске жетіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Команданың Өскеменге сапарын QOFA Freedom қолдауымен ұйымдастырды: футболшыларға жарыс кезінде тұру және тамақтану қамтамасыз етілді.

Qarmet-тің қола жүлдеге дейінгі жолы

Топтық кезеңде Qarmet екі жеңіске жетті. Теміртаулықтар FC Bayram командасын 1:0 есебімен жеңіп, кейін Қостанайдың KSK командасынан 3:0 есебімен басым түсті. Топтағы соңғы матчта команда DN-ге 0:2 есебімен есе жібергенімен, плей-офф кезеңіндегі күресін жалғастырды.

Ширек финалда Qarmet BKS командасымен кездесті. Негізгі уақыт 2:2 есебімен аяқталып, пенальти сериясында теміртаулықтар 5:4 есебімен жеңіске жетті.

Жартылай финалда да жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Qarmet пен Zhelayev Nan негізгі уақытта 1:1 есебімен тең ойнады. Бұл жолы 11 метрлік соққылар сериясында қарсылас 6:4 есебімен басым түсті.

Турнир аяқталғаннан кейін Айдос Таттыбаев команданың нәтижесіне баға беріп, келесі мақсатын атады:

«Ойынға қарайтын болсақ, бүгін біз лайықты жеңіске жеттік деп ойлаймын. Әлі де жұмыс істеу керек тұстар бар. Бұл Qarmet үшін Қазақстан Республикасының алғашқы чемпионаты, сондықтан алдағы уақытта қателіктерімізді түзетеміз. Келесі жолы жақсырақ дайындалып келіп, финалда ойнауға тырысамыз. Бізге жанкүйер болып, қолдау көрсеткен теміртаулық жанкүйерлерімізге алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының чемпионатына сапарымызды ұйымдастырған демеушілерге ерекше алғыс білдіремін».

Айдос Таттыбаев, Qarmet шабуылшы

Қола жүлде үшін матчтағы 2:1 есебімен жеңіс

Үшінші орын үшін матчта Qarmet Оралдың Fusion командасымен кездесті. Ойын теміртаулықтар үшін оңай басталған жоқ: Qarmet бірінші болып гол жіберіп алды, кейін пенальтиді де жүзеге асыра алмады.

Соған қарамастан команда есепті теңестіріп, екінші голды соқты және басымдығын сақтап қалды — 2:1. Бұл жеңіс Qarmet-ке Қазақстанның әуесқой командалары арасындағы чемпионаттың қола жүлдесін әкелді.

Qarmet қорғаушысы Дмитрий Рыжук жартылай финалдан кейін команданың шешуші кездесуге ерекше дайындалғанын айтты:

«Финалға шығу үшін соңғы қадамды жасай алмадық. Бірақ бүгінгі ойын алдында жігіттермен үшінші орын үшін матчтың да маңызы кем емес деп келістік. Нәтижесінде қола жүлдеге ие болдық, ойыннан өзіміз де ләззат алдық және жанкүйерлерімізді қуанта алдық деп ойлаймын».

Дмитрий Рыжук, Qarmet қорғаушысы

«Қазақстан Әуесқой Лигасының» чемпионы Алматының DN Motors командасы атанды, ал күміс жүлдені Оралдың FC Zhelayev Nan командасы иеленді.

Теміртау командасының шабуылшысы Никита Малеев турнирдің үздік жас ойыншысы ретінде «Алтын бала» жүлдесін алды.