Әлеуметтік жобалар16 қазан

QOFA Қарағанды облысында футболды дамытуға үлес қосқан волонтерлерді марапаттады

Әрбір футбол турнирінің артында ұйымдастырушылармен қатар, спортқа өз уақытын ерікті түрде арнайтын жандардың да еңбегі тұр. QOFA арнайы марапаттау рәсімін өткізіп, олардың қосқан үлесін атап өтті.
1

Волонтерлер жыл бойы QOFA жобаларын жүзеге асыруға белсенді қатысып, футбол алаңдарында ұйымдастырушыларға көмектесті, жарыс қатысушыларына қолдау көрсетіп, түрлі ұйымдастыру мәселелерін шешті. Олардың көмегімен Қауымдастық Қарағанды облысының түкпір-түкпірінен келген жас футболшыларды, жаттықтырушыларды, ата-аналар мен жанкүйерлерді біріктірген ондаған іс-шара өткізді.

Бұған дейін Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының 25 жылдығына арналған конференцияда жыл бойы ең көп волонтерлік сағат жинаған Саида Менисова марапатталған болатын. Алайда сол кезде QOFA жобаларын жүзеге асыруға елеулі үлес қосқан өзге волонтерлерді марапаттау мүмкін болмады. Сондықтан Қауымдастық арнайы рәсім ұйымдастырып, ерікті көмекшілерге QOFA президенті Тимур Русланұлы Турловтың атынан алғыс грамоталарын табыстады.

«Біздің әрбір турниріміз бен фестиваліміздің артында көптеген адамның еңбегі жатыр. Волонтерлер — осы команданың маңызды бөлігі. Олар жыл бойы іс-шараларды өткізуге көмектесіп, уақыттарын бөліп, бастама көтеріп, әрдайым қолдау көрсетуге дайын болды. Мерейтойлық конференцияда барлығын марапаттай алмадық, бірақ біз үшін ешкімді назардан тыс қалдырмау маңызды еді. Атқарған еңбектері, жауапкершіліктері және өңіріміздегі футболдың дамуына бейжай қарамағандары үшін әрқайсысына алғыс айтамын».

Данияр Карибаев, QOFA әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы

QOFA жыл бойы Қауымдастық командасының бір бөлігі болып, Қарағанды облысында футбол жобаларын жүзеге асыруға көмектескен барлық волонтерлерге алғыс білдіреді.