Жарыстың басты мақсаты – футболды қайырымдылықпен ұштастырып, ерекше балаларға қолдау көрсету, қоғам назарын әлеуметтік маңызы бар мәселелерге аудару және спорт қауымдастығын игі іске біріктіру.
«Бұл турнирдің маңызы өте зор. Жарысқа қатысуға ниет білдірген командалардан көптеген өтініштер келіп түсті. Бірақ турнирді екі күннің ішінде өткізу жоспарланғандықтан, 16 команданы іріктеп алдық. Басты мақсатымыз – футбол арқылы қайырымдылыққа үлес қосу және спорт қауымдастығын бір игі мақсатқа біріктіру болды.»
Турнирдің финалында «Майкудук» пен «Прогресс» командалары кездесті. Шешуші ойында қос ұжым да жеңіс үшін барын салып, тартысты ойын көрсетті. Нәтижесінде «Майкудук» ұжымы қарсыласын 1:0 есебімен жеңіп, жарыстың жеңімпазы атанды.
«Қайырымдылық турнирінде бірінші рет ойнап тұрмыз. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Мықты,мықты ұжымдар шақырылған екен. Әр ойын сайын екпін қостық. Финалда тартысты болды. Ең басты осындай шараға қатысып өз үлесімізді қосқанымызға қуаныштымын.»
Финалдық кездесу алдында көрермендер үшін арнайы шоу-матч ұйымдастырылды. Оған «Шахтер» футбол клубының бас бапкері Андрей Финонченко, клубтың бұрынғы ойыншылары Евгений Тарасов, Сергей Ткачук сондай-ақ футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Дәурен Нұрғожин, Михаил Першин сынды футболшылар және блогерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Танымал спортшылардың қатысуы шараның мазмұнын арттырып қана қоймай, турнирдің негізгі идеясын – футбол арқылы қоғамды біріктіріп, игі іске қолдау көрсету мақсатын айқындай түсті.
«Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ең бастысы – осындай шараларға қатысу, достармен кездесіп, пікір алмасу және жанкүйерлерге қуаныш сыйлау әрдайым жағымды әсер қалдырады. Мұндай кездесулер футболдың тек ойын емес, адамдарды біріктіретін, жақсы эмоция сыйлайтын ерекше құндылық екенін көрсетеді. Ерекше балаларды қолдауға бағытталған бұл бастамаға қатысу біз үшін үлкен мәртебе.»
Турнир барысында жиналған барлық қаражат «Сенсорика Плюс» ерекше балаларды дамыту орталығының тәрбиеленушілеріне бағытталады. Қайырымдылық футбол жарысы Қарағандыдағы спорт қауымдастығының әлеуметтік бастамаларға бейжай қарамайтынын тағы бір мәрте көрсетті.
«Бұл турнир біз үшін үлкен қолдау болды. Ерекше балаларға көрсетілген әрбір көмек олардың дамуына, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне ықпал етеді. Осындай игі бастаманы ұйымдастырған QOFA өкілдеріне, жарысқа қатысқан командаларға және қолдау білдірген барлық азаматтарға алғысымызды білдіреміз.»



