Осы жылдың 2-6 маусым аралығында өткен бұл турнирге 2012–2013 жылдары туған жас футболшылар қатысты. «Freedom» компаниясы мен Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының (QOFA) қолдауымен ұйымдастырылған бұл шара жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, жарыс тәжірибесін жинақтауына арналған маңызды алаңға айналды.
Доп додасына «Жастар» (Қарағанды), «Торпедо» (Саран), «SCAUT-1», «SCAUT-2», «United Kids» және «Жастар» (Теміртау) командалары қатысты.
Жарыс Еуропаның жетекші ұлттық чемпионаттарында қолданылатын айналмалы жүйе бойынша өтті. Бұл форматтың басты артықшылығы — әр команда барлық қатысушылармен кездесіп, барынша көп ойын тәжірибесін жинақтайды.
Бір сәтсіз ойыннан кейін команда жарыстан шығып қалатын плей-офф жүйесіне қарағанда, айналмалы жүйе әр футболшының алаңда көбірек уақыт өткізуіне, әртүрлі тактикалық тәжірибе жинақтауына және турнир бойы өзін дамытуына мүмкіндік береді.
Тартысты өткен кездесулердің қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді:
І орын — «SCAUT-1» командасы
ІІ орын — «Жастар» (Қарағанды) командасы
ІІІ орын — «Торпедо» (Саран) командасы
Жарыс дәстүрі бойынша жекелеген позицияларда ерекше көзге түскен ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталды:
«Үздік ойыншы» — Айдос Әбдірахманов
«Үздік сұрмерген»— Ясин Беделхан
«Үздік қақпашы» — Андрей Вибе
«Үздік қорғаушы» — Нұрасыл Мұтуаров
«Үздік жартылай қорғаушы»— Элсун Тейюбов
«Үздік шабуылшы» — Санжар Асанов
Турнирдің «Үздік бапкері» атағы жеңімпаз атанған «SCAUT-1» командасының жетекшісі Ахат Жолшоринге бұйырды.
Ұйымдастыру комитеті турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, сондай-ақ жеке марапат иелерін жетістіктерімен құттықтайды. Сонымен қатар, барлық командаларға спорттық мінез көрсетіп, әдемі ойын өрнегін байқатқаны және дамуға деген талпыныстары үшін алғыс білдіреді.



