Әуесқой турнирлер14 қыркүйек

Айдос Тәттібаев: «Команданың чемпиондығы маңыздырақ, ал сұрмергендік — жағымды бонус»

QOFA-ға берген сұхбатында форвард әуесқой футбол, Кирилл Верхотуровпен бомбардирлер бәсекесі және Qarmet командасынын алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
1

Облыстық біріншіліктің бірінші жартысынан кейін QOFA Freedom қолдауымен ұйымдастыратын турнирдің сұрмергендер көшін «Шахтёр-Болаттың» бұрынғы ойыншысы, қазіргі «Абай» шабуылшысы Кирилл Верхотуров бастап тұрды. Ол 28 гол соқты. Сол кезде біз онымен маусымның алғашқы бөлігі және үздік сұрмерген атағы үшін талас туралы әңгімелескен едік.

Екінші айналымда Верхотуровтың басты қарсыласы Айдос Тәттібаев болды. Ол — Қарағанды футболының түлегі әрі «Шахтёрдың» сапында ұзақ жыл өнер көрсеткен шабуылшы. Кәсіби мансабында 341 матч өткізіп, 97 гол соққан. 2021 жылы Қазақстан құрамасында дебют жасады, ал 2019 жылы Бірінші лиганың үздік сұрмергені атанды.

Айдостың өзі бастапқыда жеке статистикасын мүлде бақыламағанын айтады. Алайда екінші айналымда бірінші орын үшін талас оған қосымша мотивация берген. Нәтижесінде ол алға шығып, маусымды 38 голмен аяқтады.

Біз Айдоспен үлкен кәсіби мансабынан кейін де алаңға шығуын жалғастыруының себебі, облыстық біріншіліктің деңгейі, Верхотуровпен бәсекесі және Qarmet-тің алдағы мақсаты туралы әңгімелестік.

Маусым қорытындысы үздік сұрмергеннің көзімен

— Артыңызда үлкен кәсіби мансап бар, оның ішінде Қазақстан құрамасында да ойнадыңыз. Облыстық деңгейде ойнауды жалғастыруға не құлшыныс береді?

— Жауабым қарапайым — футболға деген махаббат ешқайда жоғалмайды. Сондықтан болар, әлі күнге дейін алаңға шығып, енді әуесқой деңгейде өзім үшін ойнап жүрмін.

— Өткен маусымдағы Қарағанды облысы біріншілігінің деңгейін қалай бағалайсыз?

— Әуесқой футболда жақсы командалар әрқашан болған және бола береді. Мұнда бұрын кәсіби деңгейде ойнаған футболшылар көп. Сондықтан Қарағанды облысындағы командалардың басым бөлігінің деңгейі жаман емес деп айта аламын. Әрине, әуесқой футбол өлшемімен бағаласақ.

— Маусымның бірінші жартысынан кейін үздік сұрмерген Кирилл Верхотуров болды. Оның нәтижелерін және сұрмергендер жарысын бақылап жүрдіңіз бе?

— Біріншіліктің басында сұрмергендер жарысына аса мән бермедім, тіпті бақылаған да жоқпын. Бірақ «тәбет тамақпен бірге келеді» демекші, екінші айналымда Кирилл екеуіміз гол саны бойынша және үздік сұрмерген атағы үшін шынымен бәсекелесе бастадық. Осындай салауатты бәсекенің болғаны әрқашан жақсы.

— Нәтижесінде біріншілікті 38 голмен аяқтадыңыз. Кәсіби футболда ұзақ жыл ойнағаннан кейін шабуылшы үшін гол соғудан алатын эмоция өзгере ме?

— Әрине, Премьер-лигада «Шахтёр» сапында гол соғу — мүлде бөлек, сөзбен жеткізуге қиын сезім. Бірақ шабуылшы үшін кез келген ресми матчтағы әр гол маңызды. Қай деңгейде ойнасаң да гол соғу әрқашан жағымды.

— Маусым қорытындысы бойынша сіз үшін қайсысы маңыздырақ: 38 гол мен үздік сұрмерген атағы ма, әлде Qarmet-тің чемпиондығы ма?

— Әрине, мен үшін Qarmet-тің чемпиондығы маңыздырақ. Мені бұл командаға бастапқыда дәл осы мақсатқа жетуге көмектесу үшін шақырды. Міндетті орындай алғанымызға және команданың жеңісіне өз үлесімді қоса алғаныма өте қуаныштымын. Ал үздік сұрмерген атағы — жай ғана жағымды бонус.

— Мансабыңызда еурокубоктарда да гол соқтыңыз. Сонда гол соғу кімге қиынырақ — Конференциялар лигасында румыниялық ФКСБ-ға ма, әлде облыстық біріншілікте «Абайға» ма?

— Облыстық біріншілік туралы айтсақ, бізге гол соғу ең қиын болған команда — «Абай».

Меніңше, кәсіби футболды, әсіресе Конференциялар лигасы сияқты деңгейді әуесқойлар лигасымен салыстыру дұрыс емес. Бұл — мүлде екі бөлек деңгей.

— Чемпиондыққа қол жеткіздіңіздер, сұрмергендер жарысында жеңдіңіз. Енді алда қандай мақсат бар?

— Енді команданың жоспары — Қазақстан Республикасының чемпионатына барып, сол жерде Қарағанды облысын лайықты таныстыру.

Әуесқойлар арасындағы Қазақстан чемпионаты 17–27 қыркүйек аралығында Өскеменде өтеді, ал турнир жеңімпазы Қазақстан Кубогында ойнау құқығына ие болады.