Басты мақсаты – аймақ арбитрлерінің теориялық және физикалық дайындығын күшейтіп, жаңа футбол маусымына жан-жақты әзірлеу. Оқу бағдарламасы Қазақстан футбол федерациясы өткізген республикалық жиындардың материалдары негізінде жасақталды. Теориялық сабақтар 4, 5 және 11 мамыр күндері Қарағанды қаласындағы «Террикон алқабы» орталығында өтті.
Бағдарлама аясында UEFA 2025:2 оқу материалдары негізінде арнайы бейнетест ұйымдастырылды. Сонымен қатар алғашқы күні қатысушылар Ойын ережелері бойынша теориялық тест тапсырды. Бейнематериалдарды талдау арқылы төрешілер ойын эпизодтарына дұрыс баға беру, шешім қабылдау жылдамдығы мен дәлдігін арттыру бағытында тәжірибе алмасты.
Физикалық дайындық тесті, Ойын ережелері бойынша тест және бейнетест барлық қатысушылар үшін міндетті болды. Семинар қорытындысы бойынша аймақ төрешілері жаңа маусым алдындағы дайындықтарын жетілдіріп, кәсіби біліктіліктерін арттырды. Шара Қарағанды облыстық футбол ассоциациясы мен демеушісі Freedom ұйымдастыруымен өтті.
Мұндай оқу-жаттығу жиындары төрешілердің бірыңғай талап бойынша жұмыс істеуіне, халықаралық стандарттарға сай шешім қабылдауына және облыстық футбол деңгейінің дамуына оң әсерін тигізеді.



