Мектеп футболы26 шілде

Freedom BFL алғашқы турлар. Көш басында кімдер келеді?Freedom BFL алғашқы турлар. Көш басында кімдер

Қарағанды облысындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Freedom BFL жазғы маусымы қарқын алып келеді.
1

Турнирге 105-тен астам команда қатысуда. Қатысушылар туған жылдары бойынша бөлінген, ал командалар саны көп жас санаттарында қосымша А және B лигалары құрылған. Мұндай жүйе U12 және U8 санаттарында қолданылады.

Командалардың өткізген матч саны әртүрлі болғандықтан, турнирлік кестеге белгілі бір ескертпемен қараған жөн. Алты ойын өткізген ұжым екі матч қана ойнап, әлі жеңілмеген командадан жоғары орналасуы мүмкін. Төменде әр жас санатындағы көшбасшылар мен үздік сұрмергендерге шолу жасаймыз.

U16: сенімді қорғаныс «Тұран-Топар» командасын шыңға шығарды  

«Тұран-Топар-U16» бес матчтан кейін 10 ұпай жинап, турнир кестесінің бірінші орнына жайғасты. Команда 15 гол соғып, өз қақпасына небәрі 4 доп жіберген.

Екінші орында төрт кездесуден кейін 9 ұпай еншілеген NURMAQOV футбол мектебі келеді. Доп айырмасы — 14:4. Үздік үштікті 9 ұпайы бар Altai-U16 түйіндейді, бірақ олар қарсыластарынан бір матч артық өткізген (доп айырмасы — 12:4).

Турнирдің үздік бомбардирі әзірге Тимур Жадрин («Тұран-Топар-U16»). Оның еншісінде төрт матчта соғылған 5 гол бар.

U14: көшбасшылардың қателесуге қақысы жоқ

U14 санатында командалар әртүрлі матч санын өткізгендіктен, турнир кестесі ерекше қызықты қалыптасып келеді. Amanat-1-U14 жеті ойыннан кейін 13 ұпаймен көш бастап тұр. Одан кейін алты кездесуде 12 ұпай жинаған JANAARQA U14 орналасқан. Үшінші орында алты матчтан соң 11 ұпайы бар «Киік Supernovas-U14» келеді.

Бірінші және үшінші орын арасындағы айырмашылық небәрі екі ұпай. Ал олардың соңынан аз матч өткізген бірнеше команда өкшелеп келеді. Мысалы, Maykuduk-U14 үш ойында-ақ 9 ұпай жинаса, Scaut 2012 A үш матчтан кейін 7 ұпайға ие және турнирдегі ең үздік доп айырмасын көрсетіп отыр — 14:2. Кейінге қалған кездесулер сәтті өтсе, көш басындағы жағдай толық өзгеруі мүмкін.

Турнирдің үздік сұрмергені — Денис Киселёв («Nomad-3-U14»). Ол небәрі екі матчтың өзінде 10 рет мергендік танытып, чемпионаттағы ең әсерлі жеке көрсеткіштердің бірін тіркеді.

U13: Scaut 2013 A қарсыластарына мүмкіндік бермей келеді

Бес турдан кейін Scaut 2013 A ұпайдан шашау шығармай көш бастады. Команда барлық бес матчта жеңіске жетіп, 39 гол соқты және небәрі 4 гол өткізіп алды. Бұл — турнирдегі шабуыл мен қорғаныстағы ең үздік көрсеткіш.

Екінші орында төрт ойыннан кейін 9 ұпай жинаған Scaut 2013 B келеді. Олар көшбасшыдан бір матч кем өткізгендіктен, арадағы айырманы қысқартуға толық мүмкіндігі бар.

Үшінші орында төрт кездесуде 7 ұпай еншілеген Amanat-U13 орналасқан. Команданың доп айырмасы — 12:6.

Чемпионаттың үздік мергені әзірге Ерасыл Омаров («Scaut 2013 A»). Ол бес матчта 14 гол соғып, ең жақын қуғыншыларынан бес голға ұзап кетті.

U12, А лигасы: Жеңіліс көрмеген қос құрам

А лигасында әзірге чемпиондық үшін екі команда таласып келеді. Jas Batyr-1-U12 мен «Шахтер 2015 А» төрт матчтан кейін 10 ұпайдан жинаған. Алайда 21 гол соққан Jas Batyr-1-U12 шабуылдағы нәтижелілігінің арқасында турнир кестесінің бірінші сатысында тұр. Өз кезегінде «Шахтер 2015 А» қорғаныста сенімдірек көрінеді — төрт ойында небәрі 3 гол ғана жіберген.

Үшінші орында Scaut 2014 A орналасқан. Команда үш матчта 6 ұпай жинады және көшбасшылардан бір ойын кем өткізгендіктен, алдағы кездесулерде жоғарғы орындарға жақындауға толық мүмкіндігі бар.

Чемпионаттың үздік сұрмергені — Эмир Акимбеков (Jas Batyr-1-U12). Ол төрт матчта 8 гол соқты. Сонымен қатар оның командаластары Струк пен Ахмет те кемінде төрт рет мергендік танытып, көшбасшы ұжымның шабуылын ең қауіптілердің біріне айналдырып отыр.

U12, B лигасы: Derby турнир көш бастады

Derby-U12 алты матчтан кейін 13 ұпай жинап, В лигасында бірінші келеді. Сонымен қатар команда турнирдегі ең нәтижелі ұжым саналады — 26 гол соғып,7 доп өткізген.

Екінші орында бес кездесуден кейін 12 ұпай еншілеген Scaut 2014-U12 тұр. Команданың доп айырмасы — 17:4. Үздік үштікті алты ойыннан кейін 11 ұпай жинаған «Санлин-Майкудук-U12» қорытындылап тұр (доп айырмасы — 12:8).

Турнирдің үздік бомбардирі әзірге Абылайхан Сақабай (Derby-U12). Оның еншісінде төрт матчта соғылған 8 гол бар.

U11: күнтізбедегі айырмашылық интриганы сақтап тұр

U11 санатында бірнеше команда чемпиондыққа нақты үміткер саналады. Қазір турнир кестесінің бірінші орнында бес матчтан кейін 12 ұпай жинаған «Шахтёр 2017-А» тұр.

Одан екі ұпайға қалып келе жатқан Scaut 2016 B төрт ойыннан кейін 10 ұпай еншіледі. Оның үстіне дәл осы команда чемпионаттағы ең нәтижелі шабуылға ие — төрт матчта 23 гол соққан.

Үздік үштікті барлық үш кездесуінде жеңіске жеткен «Шахтёр 2016» түйіндейді. Команда небәрі үш матч өткізіп, 9 ұпай жинаған. Көшбасшыларға қарағанда ойын саны аз болғандықтан, олар бірінші орын үшін басты үміткерлердің бірі болып қала береді.

Сұрмергендер жарысында Амир Нуржан (Scaut 2016 B) көш бастап келеді. Оның еншісінде төрт матчта соғылған 7 гол бар.

U10: Жеңіліс көрмеген «Киік»

Бес турдан кейін «Киік Supernovas-U10» 15 ұпаймен жеке-дара көш бастап тұр. Команда барлық бес матчта жеңіске жетіп, 22 гол соқты және өз қақпасына 9 доп өткізіп алды. Осылайша олар әзірге бірде-бір ұпай жоғалтпаған жалғыз ұжым.

Екінші орында алты ойыннан кейін 13 ұпай жинаған Derby-U10 орналасқан. Команда көшбасшыдан бір матч артық өткізгенімен, дәл сондай — 22 гол соққан.

Үшінші орында алты кездесуден кейін 12 ұпай еншілеген Amanat-U10 келеді. Дегенмен дәл осы команда чемпионаттағы ең нәтижелі шабуыл көрсетуде. Осы уақытқа дейін 39 мәрте қарсылас қақпасынан мүлт кетпеген. Бұл көрсеткіш турнирдегі барлық қарсыластардан әлдеқайда жоғары.

Сұрмергендер көшінде Омар Мейрам (Amanat-U10) алда келеді — 6 матчта 10 гол. Одан кейін Шерхан Қуат («Киік Supernovas-U10») пен Клим Сейферлинг (Derby-U10) тоғыз голдан соққан. Екеуінің айырмашылығы тек өткізген матчтар санында: Шерханға бұл нәтиже үшін бес матч жеткілікті болса, Клим алты ойын өткізді.

U9: Көшбасшылық үшін алты команда таласуда 

U9 жас санатында чемпионаттағы ең тартысты бәсекелестік орын алуда. Қазіргі таңда турнирлік кестенің бірінші орнында төрт матчтан кейін 12 ұпай жинаған Scaut 2017 C-U9 келеді. Команда 34 гол соғып, өз қақпасына небәрі 5 доп жіберген.

Дәл осындай 12 ұпай Nomad-U9 командасында да бар. Алайда олар бір ойын артық өткізіп, қосымша көрсеткіштер бойынша көшбасшыдан қалып отыр.

Үшінші орында бес матчтан кейін 9 ұпайы бар Scaut 2017 B орналасқан. Бірақ чемпионаттың ерекшелігі — үздік үштіктің сыртында тұрған тағы үш команда да 9 ұпай жинап үлгерген. Оның үстіне Maykuduk-U10 мен Scaut 2018 небәрі төрт ойын өткізген. Сондықтан кейінге қалған кездесулер аяқталғаннан кейін турнир кестесінің жоғарғы бөлігі айтарлықтай өзгеруі мүмкін.

Мергендер жарысында Ролан Конкышов (Maykuduk-U10) көш бастап келеді — төрт матчта 10 гол. Оның командаласы Роман Струк тоғыз рет мергендік танытса, үшінші орынды бірден бірнеше ойыншы бөлісіп тұр. Олардың қатарында Бексұлтан Қымбат (Scaut 2017 C-U9), Қожаахмет Калиев (Scaut 2017 B) және Мирон Федотов («Территория футбола-U9») бар. Үшеуінің де еншісінде 8 голдан.

U8, А лигасы: табыстың кілті – сенімді қорғаныс 

Бес турдан кейін Meteor 2018 13 ұпаймен турнир кестесінің бірінші орнын сақтап тұр. Команда небәрі 3 гол өткізіп алған, бұл — А лигасындағы ең үздік қорғаныс көрсеткіші. Ең жақын қуғыншыдан арадағы айырмашылық әзірге үш ұпай.

Екінші орында 10 ұпайы бар Scaut 2018 B келеді. Ол көшбасшылар арасындағы ең нәтижелі команда саналады — бес матчта 20 гол соққан.

Үшінші орында бес ойыннан кейін 9 ұпай жинаған Scaut 2018 A орналасқан. Команда барлық негізгі қарсыластарымен бірдей матч өткізгендіктен, алдағы турларда үздік үштіктегі орындар үшін күрес бұрынғыдан да шиеленісе түсуі мүмкін.

Жүлделі орындарға таласқа Nomad-5-U8 де араласуы ықтимал. Команда төрт матчта 7 ұпай жинады және негізгі қарсыластарына қарағанда бір ойын кем өткізген.

Бомбардирлер жарысында әзірге Александр Виценко («Территория футбола А-U8») көш бастап келеді — бес матчта 9 гол. Одан кейін үш кездесуде 7 гол соққан Ибрахим Боранбай (Scaut 2018 A) орналасқан.

U8, B лигасы: Nomad-2 сенімді түрде көш бастап келеді

Төрт турдан кейін Nomad-2-U8 бірде-бір ұпай жоғалтпай, 12 ұпаймен турнирдің жеке көшбасшысы атанып отыр. Команда 28 гол соғып, небәрі 4 доп өткізіп алды.

Екінші орында 10 ұпайы бар Derby-U8, ал үшінші сатыда дәл сондай 10 ұпай жинаған Maykuduk-U8 келеді. Қосымша көрсеткіштер бойынша Derby жоғары тұр.

Көшбасшы үштік бірдей төрт матч өткізгенімен, чемпионаттағы интрига әлі де сақталып отыр. ФЦВА-U8 небәрі үш ойын өткізіп, 6 ұпай жинады. Егер кейінге қалған кездесулерде сәтті өнер көрсетсе, команда жүлделі орындар үшін таласқа қосыла алады.

Турнирдің басты жұлдызы әзірге Амирхан Кинжегалиев («Тұран-U8»). Оның командасы төртінші орында тұрғанымен, шабуылшы алты матчта 17 гол соғып, Freedom BFL-дің барлық жас санаттары бойынша ең үздік бомбардир атанып отыр. Ең жақын қуғыншылар — Ералы Мукатаев (Derby-U8) пен Ислам Берікжан (Nomad-2-U8) — 11 голдан соққан.

U7: Scaut сенімді көш бастап келеді алайда...

Төрт турдан кейін Scaut 2019 A бірде-бір ұпай жоғалтпаған жалғыз команда болып отыр. Ұжым барлық төрт матчта жеңіске жетіп, 12 ұпай жинады және 25 гол соқты — бұл жас санатындағы ең үздік шабуыл көрсеткіші.

Екінші орында «Территория футбола-U7» келеді. Команда 7 ұпай жинап, қарсыластар қақпасына 22 гол соққанымен, өз қақпасына 14 доп жіберіп алған.

Үздік үштікті үш матчтан кейін 6 ұпай еншілеген United Kids-U7 түйіндейді. Команда көшбасшыларға қарағанда бір ойын кем өткізгендіктен, кейінге қалған кездесуде жеңіске жетсе, жоғары орындар үшін күресті одан әрі шиеленістіре алады.

Бұл жас санатындағы ең жарқын ойыншының бірі — Александр Виценко («Территория футбола-U7»). Ол небәрі төрт матчта 16 гол соғып, Freedom BFL маусымындағы ең нәтижелі футболшылардың бірі атанып отыр.

U6: олардың кезегі әлі алда

Ең кішкентай футболшылар әзірге алғашқы матчтарын күтуде. U6 лигасы әлі басталған жоқ. Алты жастағы бүлдіршіндер үлкендер ондаған гол соғып жатқан кезде өздерінің алғашқы ысқырығын күтіп жүр.

Олардың алғашқы голдары, алғашқы жеңістері және алғашқы эмоциялары әлі алда деп сенеміз.