Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы (QOFA) өкілдері Данияға жұмыс сапарымен барып, футбол доптары мен спорттық жабдықтар өндіретін әйгілі еуропалық компаниялардың бірі — Select компаниясының орталық кеңсесінде болды.
Select компаниясының негізін 1947 жылы Дания ұлттық құрамасының бұрынғы қақпашысы Эйгил Нильсен қалаған. Бүгінде бренд жетекші футбол ұйымдарымен серіктестік орнатып, бірқатар еуропалық чемпионаттарды доптармен қамтамасыз етеді. Олардың қатарында Данияның 3F Superliga және Швецияның Allsvenskan чемпионаттары бар. Сонымен қатар Select Sport тобына кіретін немістің Derbystar компаниясы сегіз маусым бойы Германия Бундеслигасы мен Екінші Бундеслиганың ресми доп жеткізушісі болды.
Жұмыс кездесуі барысында тараптар өзара серіктестіктің нәтижелерін қорытындылап, бірлескен жұмыстың жетістіктерін талқылады және келесі жылға арналған жоспарларды белгіледі. Әсіресе ALGA! жобасын одан әрі дамыту және мектептерді қажетті футбол жабдықтарымен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
2026 жылы ALGA! жобасы аясында Қарағанды облысындағы 30 мектепке 1200 Select футбол добы сатып алынып, жеткізілді. Нәтижесінде оқушылардың футболмен айналысу мүмкіндіктері кеңейіп, мектептер жаттығу өткізуге қажетті спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Кездесу барысында тараптар мектеп футболының ерекшеліктері мен жобаға қатысатын білім беру ұйымдарының қажеттіліктерін ескере отырып, спорттық жабдықтардың жиынтығы мен жеткізу шарттарын да талқылады.
Мұндай тәсіл мектептерді сапалы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, жобаның өзіндік визуалды стилін қалыптастыруға да мүмкіндік береді.
«Біз үшін Select компаниясымен серіктестіктің мектептер мен балаларға нақты пайда әкелуі маңызды. Біздің мақсатымыз — жоба қатысушыларын спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, футболмен айналысуға қолайлы жағдай жасау. Сондықтан серіктестеріміздің ALGA! жобасының қажеттіліктерін ескере отырып, арнайы шешімдер әзірлеуге дайын екенін жоғары бағалаймыз. Алдағы ынтымақтастығымыздың әлеуеті зор деп сенемін».
Данияға жасалған жұмыс сапары QOFA мен Select арасындағы халықаралық серіктестікті нығайту жолындағы кезекті қадам болды. Тараптар алдағы уақытта да бірлескен жұмысты жалғастырып, ALGA! жобасына арналған арнайы шешімдерді әзірлеуді және Қарағанды облысы мектеп оқушыларының футболмен айналысу мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді.


