Делегация танысқан алғашқы футбол нысандарының бірі — Сұрыптау ауданындағы «Локомотив» стадионы. Оны Freedom қолдауымен Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы (QOFA) қайта жаңғыртты. Стадионға FIFA Quality Pro деңгейіндегі жасанды көгал төселіп, дренаж жүйесі мен жарықтандыру жаңартылды. Сондай-ақ биіктігі сегіз метрлік доп ұстағыш торлар мен жылжымалы қақпалар орнатылып, алаңды айнала орналасқан жүгіру жолы қалпына келтірілді.
Жаңартылған алаң жабынының сапасын Мёнхенгладбахтың «Боруссия» клубының академияларды дамыту жөніндегі менеджері Вольфганг Хайльман ерекше атап өтті.
«Германияда алғаш пайда болған жасанды алаңдардың сапасы аса жоғары емес еді. Бірақ технологиялар үнемі дамып келеді. „Локомотив“ стадионы — жасанды жабын өндірісінің қаншалықты алға жылжығанының айқын мысалы. Бүгінде мұндай көгалдардың сапасы жақсарып, сипаттамалары жағынан табиғи көгалға барған сайын жақындай түсуде».
Неміс маманының айтуынша, «Боруссияның» 11 футбол алаңының тек үшеуінде ғана жасанды жабын бар. Қалғандары — табиғи көгал төселген алаңдар. Оларда негізінен кәсіби және жастар командалары ойнайды. Алайда қыста ауа температурасы нөлден едәуір төмен түсетін Қарағанды үшін мұндай тәсіл әрдайым қолайлы бола бермейді.
Хайльман жергілікті климат жағдайында жасанды көгалды пайдалану орынды шешім екенін түсіндірді. Оның үстіне технологиялар үздіксіз жетілдіріліп, заманауи жасанды жабындардың сапасы артып, табиғи көгалға жақындай түсуде.
Сапардың келесі маңызды аялдамасы «Шахтёр» клубының жаңа академиясы салынып жатқан алаң болды. Тимур Турловтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба өңірдегі жас футболшыларды даярлау мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге бағытталған.
Болашақ академия аумағында 3500 көрерменге арналған стадион, жабық футбол манежі, жаттығу алаңдары, интернат, медициналық кабинеттер, жаттығу залдары және тәрбиеленушілердің жаттығуына, тұруына әрі қалпына келуіне қажетті басқа да нысандар қарастырылған.
Қонақтарға Қарағанды облысында балалар футболын дамыту жұмыстары туралы да айтылды. Ал балалар турнирлері өтетін орынды көрсету үшін делегация «Аманат» спорт кешеніне барды. Мұнда Қарағанды мен облыстың басқа елді мекендерінен келген балалар командалары қатысатын Freedom BFL матчтары өткізіледі. Лига жас футболшыларға тұрақты түрде ойындарға қатысып, жарыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік береді.
Вольфганг Хайльман футбол қауымдастығы мен кәсіби «Шахтёр» клубының тығыз байланысына да назар аударды. Оның айтуынша, Қарағанды облысының Германияда да әрдайым кездесе бермейтін артықшылығы бар.
«Қарағанды облысының мүмкіндіктері өте зор. Мұнда футбол қауымдастығы бұқаралық футболға, ал кәсіби клуб жоғары деңгейдегі ойыншыларды даярлауға жауап береді. Егер осы екі құрылым тығыз байланыста жұмыс істесе, бұл — мінсіз үлгіге жақын жүйе. Германияда жағдай сәл басқаша: бір өңірде өзара бәсекелесетін көптеген клуб болуы мүмкін. Ал мұнда қауымдастық пен кәсіби клуб арасында тығыз байланыс орнатып, талантты балаларды бірге анықтауға және олардың дамуына көмектесуге мүмкіндік бар. Егер бұл жүйе дұрыс жұмыс істесе, бұқаралық футбол да, кәсіби клуб та ұтады».
Делегацияға ALGA! мектеп жобасының жетістіктері де таныстырылды. Мәселен, осы бағдарлама аясында футболмен айналыса бастаған он қыз бүгінде «Шахтёр» академиясында жаттығып жүр. Бұл жаңалық неміс маманының ерекше ықыласын тудырды.
«Бұл керемет! Ұлдар үшін де, қыздар үшін де жүйе дәл осылай жұмыс істеуі керек. Маған бұл жоба өте ұнайды. Сіздердің мүмкіндіктеріңіз шынымен де зор, өйткені жүйе әлі қалыптасу кезеңінде».
Делегация «Шахтёр» академиясының QJ League аясындағы матчын да тамашалады. «Боруссия» өкілдері жас футболшылардың ойынын көріп, Қазақстандағы жастар арасындағы жарыстардың қалай ұйымдастырылатынымен танысты.
Сапар барысында делегация Қарағанды футболының түрлі бағыттарын көрді: жұмыс істеп тұрған балалар жобалары мен жаңартылған алаңдардан бастап, болашақ кәсіби футболшыларды даярлайтын академия құрылысына дейін.
Вольфганг Хайльман бұл жүйенің әлеуеті жоғары екенін айтып, неміс клубы өз тәжірибесімен бөлісе алады деген үмітін білдірді.
«Бұл — тамаша үлгі. Біз оның әлеуетін көріп отырмыз және өз тәжірибеміз арқылы көмектесе аламыз деп үміттенеміз».


