Ассоциация23 қазан

«Шахтёр» чемпиондық маусымды аяқтады

Клуб Қазақстан Премьер-лигасына оралуын жанкүйерлерімен бірге атап өтті — алдымен өз стадионында, кейін салтанатты марапаттау рәсімінде.
1

22 қазанда Қарағандының «Шахтёр» клубы маусымдағы соңғы үй матчын өткізді. Кеншілер өз алаңында «Қайрат-Жастар» командасын қабылдап, 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Алайда бұл нәтиже чемпионаттың басты қорытындысына әсер еткен жоқ. «Шахтёр» маусым аяқталуына екі тур қалғанда Қазақстан Бірінші лигасында бірінші орынды қамтамасыз еткен болатын.

Матч аяқталған соң команда Бірінші лига чемпионы атануын салтанатты түрде атап өтті. Футболшылар мен жаттықтырушылар штабы бұл қуанышты сәтті өз стадионында жанкүйерлерімен бірге бөлісті.

Соңғы кездесудегі жеңіліске қарамастан, қарағандылықтар үшін маусым сәтті аяқталды. Команда алдына қойған басты міндетін орындап, келесі маусымда Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсету құқығына ие болды.

«Шахтёр» үшін бұл жай ғана жоғары дивизионға оралу емес. Бұл — өзінің тарихы, чемпиондық атақтары мен қазақстандық футболға сіңірген еңбегі арқылы лайықты орын алған деңгейіне қайта көтерілу.

«Шахтёрдің» чемпиондығы салтанатты кеште атап өтілді

Келесі күні, 23 қазанда, Қарағандыдағы Достық үйінде «Шахтёрдің» чемпиондығына арналған салтанатты кеш өтті. Футболшылар мен жаттықтырушылар штабымен бірге клуб басшылығы, құрметті қонақтар және жанкүйерлер команданың Премьер-лигаға оралуын атап өтті.

Кеншілерді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтады. Сондай-ақ клуб иесі Тимур Турлов командаға бейнеқұттықтау жолдады.

Салтанатты рәсімде футболшылардың жеке жетістіктері де атап өтілді. Бірінші лиганың үздік сұрмергені атанған Артём Литош маусым барысында Қазақстан ұлттық құрамасының кеңейтілген тізіміне де енді. Ал «Шахтёрдің» тұрақты капитаны Игорь Шацкий өзінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, Бірінші лиганың үздік қақпашысы атанды.

Клубтың үздік жас ойыншысы болып Нурали Азатказы танылды. Жас футболшы үшін бұл маусымның маңызы ерекше болды: ол негізгі құрамда дебют жасап, қатар QJ League турнирінде өнер көрсетті және жеке марапатқа ие болды.

«Маусымның үздік жас ойыншысы атанғаныма өте қуаныштымын. Маған сенім артқан, қолдау көрсеткен барлық адамға, бүкіл «Шахтёр» ұжымына алғыс айтамын. Мені командаға жақсы қабылдаған жігіттерге де ерекше рақмет. Келесі маусымда Премьер-лигада ойнап, негізгі құрамнан орын алып, алаңда өзімнің үздік қасиеттерімді көрсете аламын деп үміттенемін».

Нуралы Азатказы, «Шахтёр» қорғаушы

Жоғары дивизионнан түсіп қалғаннан кейін де командаға қолдау көрсетуді тоқтатпаған жанкүйерлерге ерекше көңіл бөлінді. «Шахтёр» капитаны Игорь Шацкий оларға арнап сөз сөйлеп, Премьер-лигаға оралу футболшылар мен жанкүйерлердің ортақ жетістігі екенін атап өтті.

«Бізге қолдау көрсеткен, сенім артқан және ең қиын сәттерде де командамен бірге болған барлық жанкүйерімізге рақмет. Бұл жеңіс — бәріміздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі. «Шахтёрдің» Премьер-лигада өнер көрсету құқығына ие болып, өзіне лайықты орнына оралғанына өте қуаныштымыз».

Игорь Шацкий, «Шахтёр» қақпашы

Кештің басты сәті футболшыларға Бірінші лиганың алтын медальдары мен чемпиондық кубоктың табысталуы болды. Салтанатты бағдарлама аясында жанкүйерлерге арналған автограф-сессия, музыкалық қойылымдар ұйымдастырылып, қарағандылық клубтың чемпиондық маусымы туралы сериалдың тизері көрсетілді.

Енді «Шахтёр» 2027 жылғы маусымға дайындықты бастайды. Екі жылдық үзілістен кейін Қазақстанның екі дүркін чемпионы елдің ең мықты командалары қатарында қайта өнер көрсетеді. Алда кеншілерді жаңа қарсыластар, жоғары бәсекелестік және Премьер-лигада Қарағандының намысын лайықты қорғау міндеті күтіп тұр.