8 қазанда Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Алайда мерекелік бағдарлама тек салтанатты жиынмен шектелген жоқ. Күн Қарағандыдағы футбол нысандарын аралаудан басталды. QOFA президенті Тимур Турлов делегациямен бірге Сұрыптау ауданындағы жаңартылған «Локомотив» стадионына барып, кейін «Шахтёр» футбол клубының болашақ академиясының құрылыс алаңын аралады.
Мерейтойлық күннің басты оқиғасы QOFA конференциясы болды. Оған Қазақстан футбол федерациясының өкілдері, қауымдастық серіктестері, жаттықтырушылар, педагогтер, спортшылар және Қарағанды футболының дамуына ұзақ жылдар бойы үлес қосып жүрген азаматтар қатысты. Жиында Тимур Турлов бастаған команданың алғашқы жұмыс жылы қорытындыланды: қандай нәтижелерге қол жеткізілгені, қай жобалардың жемісін бере бастағаны және алдағы уақытта қандай міндеттер тұрғаны талқыланды.
Алғашқы аялдама – «Локомотив»
Таңертең QOFA президенті Тимур Турлов делегациямен бірге Сұрыптау ауданындағы «Локомотив» стадионына барды. Бұл – 2026 жылы жаңғыртылған футбол нысандарының бірі.
«Локомотив» Қарағанды футболына бұрыннан таныс. Стадион жаттығулар мен жарыстар өткізу үшін белсенді пайдаланылып келеді. Сондықтан бұл жолғы мақсат жаңа нысанды нөлден бастап салу емес, қолданыстағы стадионды түбегейлі жаңарту болды.стадион.
Жұмыстар алаңды пайдалануға тікелей әсер ететін негізгі бөліктердің барлығын қамтыды. Мұнда жасанды төсеніш ауыстырылып, жаңа дренаж жүйесі орнатылды, асфальт жүгіру жолақтары жаңартылды. Сондай-ақ кешкі уақытта жаттығулар мен матчтар өткізуге мүмкіндік беретін сапалы жарықтандыру жүйесі жасалды. Жоба Freedom қолдауымен жүзеге асырылды.
Алаңның өзіне ерекше назар аударылды. Жаңа жасанды көгал төселгеннен кейін мамандар арнайы құралдар арқылы сынақтар жүргізді. Соққыны сіңіру деңгейі, тік деформациясы, алаң бетінің тегістігі және басқа да сипаттамалары тексерілді. Бұл көрсеткіштер төсеніштің сыртқы көрінісінен гөрі ойын кезіндегі қасиеттерін және футболшылардың жаттығу өткізуіне қаншалықты қолайлы екенін анықтау үшін маңызды.
Жүргізілген сынақтардың нәтижесі бойынша тексерілген көрсеткіштер FIFA Quality Pro санатының нормативтік талаптарына сәйкес келді.
Қайта жаңғыртудан кейін «Локомотивтің» күнделікті жұмыс істеу мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейді. Қазір мұнда «Шахтёр» футбол клубының құрылымындағы жасөспірімдер мен қыздар командалары жаттығады, балалар, жасөспірімдер, студенттер және әуесқойлар арасындағы жарыстар өтеді.
Инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының ауқымына Тимур Турлов кейін мерейтойлық конференцияда тоқталды.
«Сапалы әрі қауіпсіз жаттығу және ойын алаңдарынсыз біртұтас спорт жүйесін қалыптастыру мүмкін емес. Сондықтан инфрақұрылым – жұмысымыздың ең ауқымды бағыттарының бірі. 2026 жылы осы бағытқа салынған инвестиция көлемі шамамен 1 млрд теңгені құрады. FIFA Quality Pro деңгейіндегі кәсіби төсенішпен жабдықталған екі толық өлшемді алаң қайта жаңғыртылды. Олар – Қарағандыдағы "Локомотив" және Абайдағы "Жігер" стадиондары. "Аманат" спорт кешенінде де балалар жыл бойы жаттыға алатын жаңа алаң пайда болды. Инфрақұрылым футболдың даму қарқынына сай болуы керек. Футболмен айналысатын балалар саны артып келеді. Демек, олардың ойнайтын орындары да көбеюі тиіс».
Делегацияның келесі аялдамасы «Шахтёр» футбол клубы академиясының құрылыс алаңы болды.
«Шахтёр» академиясы қалай салынып жатыр?
«Локомотивте» делегация құрылысы аяқталған жобаны көрсе, академия аумағында алдағы уақытта жүзеге асырылатын ауқымды жұмыстармен танысты.
Болашақ академия жас футболшыларды даярлауға қажетті негізгі жағдайларды бір аумақта біріктіруі тиіс. Жоба бойынша 3500 көрерменге арналған стадион, жыл бойы жаттығу өткізуге мүмкіндік беретін жабық манеж және жеке толық өлшемді жаттығу алаңы қарастырылған.
Сонымен қатар мұнда ұлдар мен қыздарға арналған интернат, медициналық кабинеттер, жаттығу залдары, бассейн, сауна және асхана орналастыру жоспарланып отыр.
Яғни бұл жай ғана бірнеше футбол алаңын салу жобасы емес. Жас ойыншылар бір кешенде тұрып, жаттығып, күш-қуатын қалпына келтіре алады. Ал жабық манеждің болуы қыс мезгілінде де толыққанды жаттығу процесін жалғастыруға мүмкіндік береді.
Академия құрылысы – біртұтас футбол жүйесін қалыптастыру бағытындағы ауқымды жұмыстың бір бөлігі. Бұл жүйе баланың мектептегі алғашқы жаттығуларынан бастап, тұрақты жарыстарға қатысуына және кәсіби дайындыққа өтуіне дейінгі кезеңдерді өзара байланыстыруы тиіс.
Сонымен бірге академия «Шахтёр» футбол клубының қазіргі дайындық жүйесінің жалғасы болмақ. Клуб командалары төртінші жыл қатарынан Freedom QJ League жарысына қатысып, тұрақты ойын тәжірибесін жинақтап, еліміздің жетекші академияларымен бәсекеге түсіп келеді.
QOFA-ға – 25 жыл
Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы 25 жыл бұрын тіркелген. Алайда мерейтойлық конференцияда ұйымның тарихымен қатар бүгінгі жұмысы мен болашағына да ерекше назар аударылды.
Қауымдастық қызметіндегі жаңа кезең 2025 жылғы 17 тамызда Тимур Турлов QOFA президенті болып сайланған кезде басталды. Сондықтан конференция жаңа команданың алғашқы жұмыс жылын қорытындылаған маңызды жиынға айналды.
Ресми бөлім басталар алдында қатысушылар 2025–2026 жылдары өмірден өткен, Қарағанды облысы футболының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Конференцияның ресми бөлімін QOFA бас хатшысы Талғат Қаржаубаев жүргізді. Жиындағы маңызды шешімдердің бірі – Иван Блаттың Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының құрметті президенті болып сайлануы.
Иван Блат – QOFA-ның құрметті президенті
Иван Блат Қарағанды футболына ұзақ жылдарын арнады. Оның қызметінің елеулі бөлігі өңірдегі төрешілікті дамытуға байланысты. Қазір Иван Владимирович QOFA төрешілер комитетін басқарады, төрешілерді даярлауға және облыстық деңгейдегі төрешілік жүйесін жетілдіруге атсалысып келеді.
Оның көпжылдық еңбегі мен Қарағанды облысы футболының алдындағы қызметі мерейтойлық конференциядағы маңызды шешімге негіз болды. Тимур Турловтың ұсынысымен делегаттар Иван Блатты QOFA-ның құрметті президенті етіп сайлады.
Қауымдастық жұмысындағы бүгінгі өзгерістер Қарағанды футболын ұзақ жылдар бойы дамытып келген адамдардың еңбегінсіз мүмкін болмас еді. Иван Блаттың үлесі – осы тарихтың маңызды бөлігі.
Конференцияда басқа да ұйымдастырушылық шешімдер қабылданды. QOFA Атқарушы комитетінің құрамына Дмитрий Быстров, Наталья Комлева және Мейрам Сериков бірауыздан сайланды.
Сондай-ақ делегаттар «Қарағанды облысының футболы» корпоративтік қоры мен «Қарағанды облыстық футзал, мини-футбол, жағажай және әуесқой футбол қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің QOFA құрамына кіруін бірауыздан мақұлдады.
Ұйымдастырушылық мәселелер қаралғаннан кейін Тимур Турлов қауымдастықтың өткен жылдағы жұмысы туралы есеп берді. Делегаттар есепті бірауыздан қабылдады.
QOFA президентінің баяндамасында жекелеген жобалардың нәтижелері ғана емес, олардың бір-бірімен қалай байланысуы керектігі де басты назарда болды.
«Біз жекелеген бастамалардан бас тартып, өңірлік футболды дамытудың біртұтас моделін қалыптастыруға кірістік. Қазір QOFA спорт жүйесінің барлық деңгейінде нақты жұмыс істеп жатыр. Оған мектепке дейінгі және мектеп футболы, балалар мен жасөспірімдер жарыстары, ересектер арасындағы әуесқой футбол, әлеуметтік және инклюзивті жобалар, жаттықтырушыларды, төрешілерді және басқа да мамандарды даярлау, футбол инфрақұрылымын дамыту кіреді. Осының бәрі жүйенің негізін құрайды. Барлық бағыттың арасында өзара байланыс пен үйлесім болуы аса маңызды. Мұны бір баланың мысалында түсіндіруге болады. Ол қай жерде тұрса да, мектепте футболмен алғаш танысуға, жарыстарға тұрақты қатысуға, қаласа кәсіби дайындық жүйесіне өтуге, кейін футболда ойыншы, төреші, жаттықтырушы немесе басқа маман ретінде қалуға мүмкіндік алуы керек».
Оның айтуынша, бүгінде Қарағанды облысында қалыптасып жатқан модель болашақта Қазақстанның басқа өңірлеріне де үлгі бола алады.
Бір жыл ішінде Freedom өңірдің футбол жобалары мен инфрақұрылымына шамамен 2 млрд теңге инвестиция салды. Бұл қаржы тек спорт нысандарын салуға ғана емес, тұрақты жарыстар ұйымдастыруға, мамандар даярлауға және мектеп футболын дамытуға да бағытталды.
Соның айқын мысалдарының бірі – ALGA! жобасы. Бір жыл бұрын жоба 10 мектептен басталса, қазір оған 40 мектеп қатысады. Олардың қатарында шалғай аудандардағы білім беру ұйымдары да бар. Жобаны дамытуға шамамен 70 млн теңге бағытталды. Мектептер футбол жабдықтарын алып, дене шынықтыру мұғалімдері UEFA D бағдарламасы бойынша білімін жетілдіріп жатыр.
Сонымен қатар Freedom BFL лигасы дамып келеді. Қысқы маусымда жарысқа 159 команда мен шамамен 2700 бала қатысса, жазғы маусымда 107 команда мен 1900-ден астам ойыншы бақ сынады. Жарыстарды дамытуға шамамен 50 млн теңге жұмсалды.
Тимур Турлов балалар футболы үшін матчтардың өзі ғана емес, олардың қандай жағдайда өтетіні де маңызды екенін атап өтті. Бұл ретте жарыстарды ұйымдастыру сапасы, төрешілік, трансляциялар, AI-камераларды пайдалану және ақпараттық сүйемелдеу ерекше рөл атқарады.
Мамандар даярлау да жеке бағытқа айналды. QOFA жаттықтырушылар мен жас төрешілерді оқытуды дамытып келеді. Ал BASTA! жобасы арқылы студенттерге футбол ұйымының ішінде тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.
QOFA жобаларының артында тұрған адамдар
Конференцияның маңызды бөлігінің бірі марапаттау рәсімі болды. QOFA педагогтерді, жаттықтырушыларды, спортшыларды, серіктестер мен еріктілерді – қауымдастық жобаларының мектептерде, жаттығуларда, матчтар мен турнирлерде жүзеге асуына үлес қосып жүрген адамдарды марапаттады.
Алғашқы марапаттау бөлімі ALGA! жобасына арналды. Өткен жылы мектеп футболы жобасы айтарлықтай кеңейді. Алайда жалпы көрсеткіштердің артында мұғалімдер мен мектеп басшыларының күнделікті еңбегі тұр.
Соның бір мысалы – №19 мектеп. Оның директоры Гүлдана Асамиданова білім беру ұйымының ALGA! жобасына белсенді қатысқаны үшін марапатталды. Мектеп жобаға қатысатын сыныптар саны бойынша көшбасшылардың біріне айналып, алғашқы ALGA! турнирінде жеңіске жетті.
Бұл оқиғаның жалғасы да ерекше. Жобаға қатысқан мектептің он оқушы қызы кейін «Шахтёр» құрылымында футболмен айналыса бастады.
Марапатталғандардың қатарында Бірінші Теміртау классикалық лицейінің дене шынықтыру мұғалімі Ержан Хомутов та болды. Ол ALGA! жобасының белсенді педагогтерінің біріне айналып, өз лицейінде футбол сабақтарын дамытып, жобаға жаңа білім беру ұйымдарын тартуға көмектесіп келеді. Биыл оның жетекшілігіндегі лицей командасы ALGA! Суперкубогын жеңіп алды.
Марапатталғандардың бірі – «Аманат» спорт кешендерінің иесі Сәкен Кәрібаев. Оның балалар футболымен байланысы көп жылдан бері жалғасып келеді.
«Аманат» алаңдары балалар жарыстарын, соның ішінде Freedom BFL матчтарын өткізу үшін тұрақты пайдаланылады. Спорт кешені алаңдарын жеңілдетілген шарттармен, іс жүзінде тегінге жуық ұсынады.
Биыл ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. QOFA Freedom қолдауымен «Аманат» жабық манежіндегі жасанды төсенішті толық жаңартты. Жұмыстарға 30 млн теңге бағытталып, алаңға FIFA Quality Pro санатындағы жасанды көгал төселді.
Сәкен Кәрібаев үшін футбол әлдеқашан жай ғана спорттық бизнес болудан қалған. Ол QOFA-ның қазіргі жобалары басталғанға дейін де инфрақұрылымға қаржы салып, балалар командаларына алаңдарын ұсынып келген. Алайда Тимур Турлов бастаған команда келгеннен кейін қауымдастықпен ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді.
«Тимур Турловтың командасы келгенге дейін қауымдастықпен мұндай өзара байланыс болған жоқ. Қазір біз ортақ мүдделерді тауып, бірлесіп жұмыс істей бастадық. Мен үшін ең бастысы – мұның балалар футболын дамытуға көмектесуі».
Осылайша «Аманаттың» балалар футболына көпжылдық қолдауы енді спорт инфрақұрылымын бірлесіп дамыту бағытында жалғасын тапты.
Қарағандыдан әлем чемпионатына дейін
2026 жылы Қазақстан құрамасы церебралды сал ауруы бар футболшылар арасындағы әлем чемпионатына тарихта алғаш рет қатысып, бірден қола медаль жеңіп алды. Үшінші орын үшін өткен кездесуде қазақстандық команда Англияны 7:2 есебімен жеңді.
Ұлттық құрама сапында Қарағандының екі өкілі – Анатолий Федоровский мен Виталий Крадин болды. Екеуі де қарағандылық «НОДА» командасында ойнаған.
QOFA Freedom қолдауымен командаға футбол жабдықтарын алуға, жаттығу алаңдарын жалға алуға және жарыстарға баруға көмектеседі. Анатолий мен Виталий үшін «НОДА» тұрақты жаттығып, футбол ойнауға мүмкіндік берген орта болды. Кейін ұлттық құрамаға жол ашылып, енді олардың жетістіктері әлем чемпионатының медалімен толықты.
Мерейтойлық конференцияда екі футболшы да тарихи жетістігімен құттықталды.
«Бізге әлем чемпионатына қатысуға көмектескен QOFA-ға және осы іске атсалысқан барша азаматтарға шын жүректен алғыс айтқым келеді. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында Қазақстанды халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік алдық. Біз еліміздің намысын абыроймен қорғап, мықтылармен бәсекеге түсе алатынымызды және жоғары нәтижелерге қол жеткізуге қабілетті екенімізді дәлелдеуге тырыстық. Бұл біз үшін өте маңызды тәжірибе болды».
Бұл оқиғамен қатар Inclusive Football Temirtau жаттықтырушысы Алмас Асылбековтің еңбегін де атап өткен жөн. Ол Теміртауда мүмкіндігі шектеулі балалардан топ жинап, олар үшін тұрақты футбол жаттығуларын ұйымдастырды. Уақыт өте келе балалардың тұрақты жаттығу процесі қалыптасып, өз командасы пайда болды.
Осы еңбегі үшін Алмас Асылбеков те конференцияда марапатталды.
Qarmet облыс чемпиондығынан республикалық қолаға дейін
Теміртаулық Qarmet Қарағанды облысының чемпионы атанып, өңір намысын Қазақстанның әуесқой командалары арасындағы чемпионатында қорғау құқығына ие болды. Республикалық кезеңде команда жүлделі орындар үшін күресті жалғастырып, турнирді үшінші орынмен аяқтады.
Конференцияда команданың жаттықтырушысы Денис Эстрейх, Qarmet компаниясының маркетинг жөніндегі директоры Назар Марьенко және футболшы Айдос Тәттібаев марапатталды. Соңғысы үшін маусым ерекше нәтижелі өтті: 38 гол соққан ол Қарағанды облысы біріншілігінің үздік сұрмергені атанды.
«Конференция жоғары деңгейде өтті. Мұндай іс-шаралар Қарағанды облысында футболдың дамуына ықпал етеді деп есептеймін. Жыл сайын жарыстардың деңгейі ғана емес, оларды ұйымдастыру сапасы да артып келе жатқаны қуантады. Бүгінде футбол инфрақұрылымына, алаңдарды жаңғыртуға, төрешілік сапасына және жаттығу жағдайларын жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде. Жақында Сұрыптау станциясындағы жаңартылған футбол алаңында болдым. Жабындысының сапасы өте жоғары. Мұндай өзгерістер өңірдегі футболдың дамуына оң әсер ететініне сенімдімін».
Еріктілер – футбол өмірінің маңызды қатысушылары
Маусым бойы олар қауымдастықтың матчтарын, турнирлерін және басқа да іс-шараларын өткізуге көмектесіп келеді. Қатысушылар мен командаларды қарсы алады, алаңдарда жұмыс істейді, ұйымдастырушыларға қолдау көрсетеді және көзге бірден түсе бермейтін, бірақ маңызды көптеген міндетті атқарады.
Олардың есімдері қорытынды хаттамалар мен жаңалықтарда сирек кездеседі. Дегенмен әрбір ірі іс-шараның артында олардың да еңбегі тұр.
Мерейтойлық конференцияда QOFA бүкіл еріктілер командасына алғыс білдірді. Команда атынан марапатты Саида Менисова қабылдады.
Болашаққа арналған жоспарлар
Мерейтойлық конференция өткен жылдың нәтижелерін атап өтумен қатар, алдағы жұмыс бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Өткен маусымда QOFA бірден бірнеше деңгейде жұмыс жүргізді. ALGA! мектептерде футболды дамытып жатыр, Freedom BFL балаларға тұрақты жарыс тәжірибесін береді, облыс қалаларында жаңа және жаңартылған алаңдар пайда болуда. Сонымен қатар әуесқой және инклюзивті футбол дамып, академия құрылысы мен кәсіби «Шахтёр» клубымен жұмыс жалғасып келеді.
Дегенмен жобалардың жүзеге асу кезеңдері әртүрлі. Кейбірі ондаған мектепті қамтып, мыңдаған қатысушыны біріктіріп үлгерді. Басқалары әлі де кеңейіп жатыр, ал ең ірі инфрақұрылымдық жобаларды алдағы уақытта аяқтау қажет.
Конференцияда Тимур Турлов футболдың одан әрі дамуы QOFA, «Шахтёр» футбол клубы, QJ League, Freedom және өңір билігінің бірлескен жұмысына байланысты екенін атап өтті.
«Бүгін айтылған барлық жобалар мен бастамалар QOFA, "Шахтёр" футбол клубы, QJ League, Freedom және өңір билігінің бірлескен жұмысының нәтижесі болды. Мұндай үйлесімді ынтымақтастық барлық жерде кездесе бермейді. Бұл бізге шынымен маңызды нәрсе қалыптастыруға сирек мүмкіндік беріп отыр. Біз бірге футбол адамның бүкіл өмірінде қолжетімді болатын модель құрып жатырмыз. Ол мектеп пен кәсіби дайындықтан бастап, ересектер деңгейіндегі футболға және осы салада жұмыс істеуге дейінгі жолды қамтиды. Бірінші жыл ішінде біз осы жүйенің толыққанды іргетасын қаладық. 2027 жылы Freedom QOFA жобаларына шамамен 1,8 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр».
Ол облыс әкімдігімен ынтымақтастыққа да жеке тоқталды. Өңір билігі Орталық «Шахтёр» стадионын қайта жаңғыртты. Ал 2027 жылы стадион аумағында бюджет қаражаты есебінен жыл бойы жұмыс істейтін орташа көлемдегі жабық манеж салу жоспарланып отыр.
Конференция аяқталғаннан кейін Тимур Турлов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Күннің қорытындысы – «Шахтёр» стадионында
Түстен кейін делегация «Шахтёр» футбол клубының жаңартылған базасы мен Орталық стадионға барды.
2026 жылы Freedom қолдауымен клуб базасы қайта жаңғыртылды. Қазір мұнда «Шахтёрдің» жас тәрбиеленушілері тұрады.
Орталық стадионда да өзгерістер болды. Әкімдік қаражаты есебінен футбол алаңының төсенішi ауыстырылып, трибуна астындағы үй-жайлар жөнделді.
Мерейтойлық бағдарламаның соңғы бөлігі футбол матчына ұласты. Қарағандылық «Шахтёр» өз алаңында «Академия Оңтүстік» командасын қабылдады. Бұл уақытқа дейін клуб Қазақстан Премьер-лигасына қайта оралу міндетін орындап үлгерген еді.
Осылайша QOFA-ның 25 жылдығына арналған мерейтойлық күн аяқталды. Бірнеше сағаттың ішінде бір бағдарламаға қауымдастықтың тарихы мен бүгінгі жұмысы тоғысты: футбол инфрақұрылымы, мектеп және балалар футболы, осы саланы күнделікті дамытып жүрген адамдар, әуесқой және инклюзивті командалар, сондай-ақ кәсіби клуб.
Ширек ғасыр – QOFA үшін маңызды белес. Алайда конференцияда өткен 25 жылдан гөрі алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар туралы көбірек айтылды. Осы тұрғыдан алғанда мерейтой қорытынды нүкте емес, қауымдастық дамуының келесі кезеңіне бастау болды.



