Әлеуметтік жобалар01 қараша

Қарағандыда 60 бала ALGA! bırınşı pas футбол фестиваліне қатысты

Қатысушылардың көпшілігі үшін бұл футболмен осындай форматта алғаш танысу болды. Мұнда ережелерді білу немесе гол соғу міндетті емес еді — алаңға шығып, өз күшін сынап көру жеткілікті болды.
1

«Аманат» спорт кешенінде ALGA! bırınşı pas футбол фестивалі өтті. Алаңға Қарағанды қаласындағы балабақшалардың 60 тәрбиеленушісі жиналды. Олар үшін футбол ойындары, доппен жаттығулар және аниматорлармен бірге ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Іс-шараны Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы (QOFA) Freedom қолдауымен өткізді.

Балалар бірнеше ойын аймағына бөлініп, түрлі футбол тапсырмаларын орындады. Олар допты басқаруды, кедергілерден өтуді, нысанаға дәл тигізуді және басқа қатысушылармен бірге жаттығуды үйренді. Біреулері тапсырмаларды алғашқы әрекеттен-ақ орындаса, енді біреулеріне көбірек уақыт қажет болды. Бірақ әр балаға тағы бір рет байқап көруге мүмкіндік берілді.

Футбол жаттығуларының арасында балалардың көңілін аниматорлар көтерді. Бағдарлама балалар бірсарынды тапсырмалардан шаршамай, түрлі белсенділікке ауысып отыратындай етіп ұйымдастырылды.

Бұл — Қарағандыда өткен екінші ALGA! bırınşı pas фестивалі. Мұндай форматтағы алғашқы іс-шара 2026 жылдың шілде айында ұйымдастырылды. Сол кезде ұйымдастырушылар ALGA! жобасының ең кішкентай қатысушыларын — балабақша тәрбиеленушілерін футболмен таныстыруды мақсат еткен болатын.

«Спортқа деген сүйіспеншілікті бала кезден қалыптастыру керек деп есептейміз. Бірақ кішкентай балаларға күрделі жаттығулар мен қатаң ережелер қызық емес екенін түсіну маңызды. Олар ойнағысы, қозғалғысы және жаңа нәрселерді байқап көргісі келеді. Сондықтан біз балаларды футболмен ойын арқылы таныстырамыз. Біздің міндетіміз — баланың спортпен айналысуға қызығушылығын оятып, әрі қарай да жаттығуды жалғастыруға ынталандыру».

Ғалымжан Қырықбай, ALGA! жобасының менеджері

ALGA! bırınşı pas фестивалінің негізгі мақсаты — балаларды спорт секцияларына бара бастағанға дейін футболмен таныстыру. Мұнда дәстүрлі турнир форматы мен орын үшін күрес жоқ. Оның орнына балалар допты сезінуді, қимыл-қозғалысын үйлестіруді және қатарластарымен қарым-қатынас жасауды үйренетін жаттығулар ұйымдастырылады.

Фестивальге «Думан» балабақшасының тәрбиеленушілері де қатысты. Балалармен бірге келген тәрбиеші Альбина Шегай бағдарламаның белсенді өтуі мен бүлдіршіндердің футбол тапсырмаларына қызығушылығын атап өтті.

«Маған фестиваль өте ұнады! Бағдарлама қызықты әрі белсенді болды. Балалар түрлі жаттығуларды қуана орындап, жүгіріп жүр. Біз балабақшамыздың тобымен келдік, балалардың барлығына ұнап жатқанын көріп отырмын. Мұндай іс-шараларды жиі өткізу керек деп ойлаймын. Олар балаларға ғана емес, ата-аналарға да қызықты. Барлығының басын қосып, уақытты пайдалы өткізуге мүмкіндік береді. Бүгін сенбі болса да, барлығы фестивальге қуана келді».

Альбина Шегай, «Думан» балабақшасының тәрбиешісі

Ата-аналар үшін де фестиваль балаларының жаңа ортада өзін қалай көрсететінін көруге мүмкіндік берді. Бұл жаста әр бала қандай спорт түрімен айналысқысы келетінін әлі біле бермейді. Ал мұндай шарада футболды алдын ала дайындықсыз байқап көруге болады.

Фестиваль қатысушыларының бірі Диана Пеннер үшін футбол — бұрыннан таныс спорт түрі. Оның үлкен ұлдары да футболмен айналысып, соның ішінде «Аманат» спорт кешенінде өткен турнирлерге қатысқан. Енді футбол алаңына кенже ұлы да шықты.

«Фестиваль керемет өтті! Барлығы жарқын, әсерлі, көңілді. Балалардың қуанып жүргені, оларға мұнда қызықты екені көрініп тұр. Әрқайсысы ләззат алып, спортпен айналысып жатыр. Мен ұл баланың анасы ретінде мұндай іс-шараларды толығымен қолдаймын және оларды жиі өткізу керек деп есептеймін. Кенже ұлым әзірге футболмен айналыспайды, тек ағаларымен аулада ойнайды. Ағалары кезінде футболға қатысып, соның ішінде осы „Аманатта“ өткен турнирлерге де қатысқан. Бүгінгі фестивальден кейін кенжем де футболға жазылғысы келуі мүмкін. Бәлкім, өзі-ақ: „Анашым, маған ұнады, тағы келейікші!“ деп айтар».

Диана Пиннер, ана

QOFA әртүрлі жастағы балаларды футболға тарту жұмыстарын жалғастырып келеді. ALGA! bırınşı pas фестивалі әлі спорт секцияларына қатыспайтын балаларды да футболмен таныстыруға мүмкіндік береді.

60 балабақша тәрбиеленушісі үшін бұл күн доппен ойнап, жаңа жаттығуларды байқап, қатарластарымен бірге уақыт өткізген ерекше күн болды. Ал олардың кейбірі фестивальден кейін ата-анасынан футбол үйірмесіне жазуды сұрауы да мүмкін.