31 қазанда Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында ALGA! қатысушылары үшін үйреншікті футбол жарыстарының орнын зияткерлік сайыс басты. Футбол добының орнына — математикалық есептер, футбол алаңының орнына — мектеп кабинеттері. Алайда мақсат өзгерген жоқ: өз қабілеттерін көрсетіп, нәтижеге қол жеткізу.
Қатысушылар математика және логика бойынша тапсырмаларды орындап, зейінділігін, тапқырлығын және күрделі жағдайларда шешім таба білу қабілетін көрсетті.
Олимпиаданың өткізілуі QOFA мен Nurmakov School арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясындағы алғашқы нақты қадам болды. Қауымдастық Freedom қолдауымен жүзеге асырып жатқан ALGA! жобасының арқасында оқушыларға футболда ғана емес, білім саласында да жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Сынақ қорытындысы бойынша үздік 15 қатысушы анықталады. Олар бір жыл бойы Н. Нұрмақов атындағы мектептің мұғалімдерімен дайындалып, бесінші сыныпқа түсуге мүмкіндік алады.
«Бүгінде табысты футболшы тек спортшы ғана болмауы керек. Ол жан-жақты, әсіресе зияткерлік тұрғыдан дамыған тұлға болуы тиіс. Қазіргі футбол жақсы физикалық дайындықпен қатар, ойлау, жағдайды талдау және жылдам шешім қабылдау қабілетін талап етеді. Сондықтан біз үшін ALGA! қатысушыларының футбол алаңында ғана емес, оқуда да жетістікке жетуі маңызды. Балалардың дамуына барынша көп мүмкіндік бергіміз келеді. Н. Нұрмақов атындағы мектеппен ынтымақтастық — спорт пен білімнің бірін-бірі толықтыра алатынының жақсы мысалы».
Футбол мен білім қатар жүргенде
Н. Нұрмақов атындағы мектеп өзінің академиялық жетістіктерімен танымал. Оның оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадаларда табысты өнер көрсетіп жүр. Атап айтқанда, мектеп оқушыларының бірі Сербияда өткен Халықаралық жасөспірімдер география олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды.
Сонымен қатар мектеп тек білім саласында ғана емес, спортта да жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Оның футбол командасы Қарағанды облысының балалар футбол лигасы — Freedom BFL-дің қазіргі чемпионы.
Бұл мысал спорт пен білімдегі жетістіктердің бірін-бірі толықтыра алатынын көрсетеді. Футбол тәртіпке, жылдам шешім қабылдауға және командада жұмыс істеуге үйретсе, математика мен логика сабақтары ойлау, зейін қою және ақпаратты талдау қабілеттерін дамытуға көмектеседі.
Олимпиада қатысушыларының алдағы дайындығы қалай ұйымдастырылатыны туралы Nurmakov School мұғалімі Мұрадил Мұсаев айтып берді.
«Біз балалардың футболға қызығушылық пен жақсы оқуды қатар алып жүруге болатынын түсінгенін қалаймыз. Жоба қатысушыларының арасында білім саласында да қабілетін ашуға мүмкіндік беру маңызды болып отырған дарынды балалар бар. Олимпиадада үздік нәтиже көрсеткен 15 оқушымен мұғалімдеріміз бір жыл бойы жұмыс істейді. Біз күрделі тапсырмаларды талдап, математикалық және логикалық ойлау қабілеттерін дамытамыз әрі балаларды бесінші сыныпқа түсуге дайындаймыз».
Н. Нұрмақов атындағы мектеппен ынтымақтастық ALGA! қатысушыларына қосымша білім алу мүмкіндіктерін ашты. Ал үздік нәтиже көрсеткен 15 оқушы үшін бұл олимпиада өңірдегі үздік мектептердің біріне түсуге дайындықтың алғашқы қадамы болмақ.



