«Шахтер» академиясы – болашақ футболшылардың жаңа базасы
Сапардың алғашқы нысаны – құрылысы қарқынды жүріп жатқан «Шахтер» футбол академиясы.Оқу-жаттығу орталығы шамамен 10 гектар аумақта орналасады. Мұнда 3,5 мың көрерменге арналған стадион, жыл бойы жаттығуға мүмкіндік беретін жабық манеж, толық өлшемді жаттығу алаңы, оқу сыныптары, медициналық блок, жатақхана, бассейн және басқа да қажетті бөлмелері бар әкімшілік-тұрмыстық кешен салынады.
Жобаны Freedom компаниясы Қарағанды облысының әкімдігімен жасалған меморандум аясында қаржыландыруда. Академия пайдалануға берілгеннен кейін өңірдегі жас футболшылар толыққанды дайындықтан өтіп, оқу мен спортты қатар алып жүруге мүмкіндік алады.
«Бұл жердегі негізгі нысанның 70 пайыз жұмысын еңсердік. Яғни, оқу, спорттық және жатақханадан тұратын үш корпустың алғашқы қабатын көтердік. Алдағы айда толықтай аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Жақында жасанды желектің монтаж жұмыстары басталады. Ол жерде германиялық дренаж жүйесі орнатылады. Сондай-ақ алаңдарды жылыту, автоматты суару жүйесі болады. Жыл соңына дейін инженерлік жұмыстарды, жылу жүйесі мен электр желілерін тартуды аяқтау жоспарланып отыр.»
«Локомотив» стадионы жаңартылуда
Делегация сонымен қатар Сұрыптау ауданындағы «Локомотив» стадионында жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарымен де танысты.
Стадионды қайта жаңғырту Freedom қаржысына жүргізілуде. Жоба аясында негізгі алаң толық жаңартылып, алғаш рет заманауи дренаж жүйесі орнатылады. Сонымен қатар FIFA Quality Pro сертификаты бар жаңа жасанды жабын төселіп, бұған дейін болмаған жарықтандыру жүйесі алғаш рет іске қосылады. Жөндеу аяқталғаннан кейін стадион балалар футбол мектептері мен жергілікті командалардың негізгі оқу-жаттығу базаларының біріне айналады.
«Осы нысанда біз алғаш рет дренаж жүйесін жасап жатырмыз. Осыған орай су ағатын науалар орнатылуда — бұрын стадионда мұндай болмаған. Алаңға келетін болсақ, төселетін жабын Қытайда өндірілген және оның FIFA Quality Pro сертификаты бар. 7 қыркүйекке дейін жасанды жабын мен жарықтандыру жүйесін монтаждауды аяқтауымыз керек. Жарық қосылған соң кешкі уақытта да жаттығуға, ойнауға мүмкіндік туады.»
«Шахтер» стадионы халықаралық талаптарға сай жаңартылуда
Жұмыс сапары барысында делегация «Шахтер» орталық стадионында жүргізіліп жатқан реконструкциямен де танысты.
Қазіргі таңда мұнда UEFA мен Қазақстан футбол федерациясының талаптарына сәйкес жаңа жасанды газон төселген. Сонымен қатар трибуналар, баспасөз орталығы, шешінетін бөлмелер, дыбыс жүйесі және инженерлік коммуникациялар кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Жоба аяқталғаннан кейін стадион республикалық және халықаралық деңгейдегі ресми кездесулерді қабылдай алады.
«Бұл жерде дыбыс жүйесі бойынша толықтай жұмыстар аяқталды. Жасанды жасыл желегіміз төселді. Спортшыларға арналған сауықтыру кешенін қыркүйек айында тапсырамыз. Ол жерде бассейн мен сауна қарастырылған, спортшылардың қайта қалпына келуіне барлық жағдай жасалады. Биыл қазан айының соңына қарай стадионды пайдалануға береміз. Ал 19 мың көрермен орындықтарын ауыстыру жұмыстары келесі жылы кезең-кезеңімен жүргізіледі.»
Сапар барысында Рохус Шох жасөспірім футболшылардың дайындық орталығында болып, тәрбиеленушілермен кездесті. Кейін Қазақстан Бірінші лигасының кезекті турында өткен «Шахтер» – «Каспий» матчын тамашалады.
Атап өту керек, мұндай ауқымды жобаларды жүзеге асыру кәсіпкер Тимур Турловтың жүйелі жұмысының, сондай-ақ Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожуховтың үйлесімді ынтымақтастығының арқасында мүмкін болды. Дәл осы серіктестіктің арқасында өңірде бұқаралық және балалар-жасөспірімдер футболының инфрақұрылымы жүйелі түрде дамып келеді.



