Саран қаласындағы №17 мектеп-гимназияда ALGA! жобасы бойынша алғашқы футбол сабағы өтті. Бұл шара балалар үшін ғана емес, ата-аналар үшін де үлкен оқиғаға айналды. Алаңға бірден екі сынып — 4 «А» және 4 «Г» оқушылары шықты. Барлығы 38 бала қатысты: 23 ұл және 15 қыз.
Сабақ ауқымды болғандықтан, мұғалімдер мен инструкторлар қауіпсіздікке ерекше назар аударды. Арнайы осы күнге лайықталған жаттығулар балалардың белсенді қимылдауына, бір-бірімен соқтығыспауына және жарақаттан сақтануына мүмкіндік берді. Оқушылар еркін доп теуіп, командалық жұмысты меңгеріп, достық әрі қауіпсіз ортада өздерін сенімді сезінді.
Сабаққа қатысқан оқушының әжесі алған әсерімен бөлісті.
«Мен ALGA! жобасына шын жүректен тәнтімін. Бүгін футболдың жай ғана ойын емес, тәртіпке баулитын, балаларды біріктіретін пайдалы әрі қызықты спорт екенін көзіммен көрдім. Біздің мектепте осындай мүмкіндік пайда болғанына өте қуаныштымын»
Ал оның немересі, 4 «А» сынып оқушысы, өз ойын былай жеткізді
«Мен робофутболмен айналысамын, енді нағыз футболды да байқап көрдім. Сабақ қатты ұнады! Әсіресе әкелінген инвентарь — доптар, манишкалар, қақпалар — бәрі керемет. Ойнағым келе берді»
Мұғалімдердің айтуынша, мұндай сабақтар балалардың тек дене шынығуына ғана емес, мінез-құлқының қалыптасуына да ықпал етеді. Олар бір-бірімен тіл табысуды, командада ойнауды және қателіктен қорықпауды үйренеді.
ALGA! жобасы Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының (QOFA) бастамасымен, Қарағанды облысы әкімдігі, Білім басқармасы және Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен жүзеге асуда. Бас демеуші — Freedom.



