Әлеуметтік жобалар12 қыркүйек

ALGA! фестивалі Балқашта өтті

Бір алаңда Балқаш қаласы, Ақтоғай және Шет аудандарындағы он мектептің 3–4 сыныптарында оқитын 500 оқушы бас қосты.
1

Бағдарламаның негізгі бөлігі футбол станциялары болды. QOFA әдіскерлері мен нұсқаушылары балалар ағымдағы оқу жылы бойы ALGA! сабақтарында орындайтын жаттығуларды дайындады. Қатысушылар бір станциядан екіншісіне ауысып, доппен түрлі тапсырмаларды орындап, жаңа элементтерді бірден тәжірибе жүзінде қолданып көрді.

Фестиваль Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының (QOFA) президенті Тимур Турловтың және Қарағанды облысының Білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараға Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Руслан Сыздықов пен QOFA бас хатшысы Талғат Қаржаубаев қатысты.

Футбол бағдарламасын өткізуге қауымдастықтың әдіскерлері мен нұсқаушылары атсалысты: олар тапсырмаларды түсіндіріп, жаттығуларды көрсетіп, әр станцияда балаларға көмектесті.

«Біздің мақсатымыз — балаларды кәсіби футболшы ету емес. Біздің мақсатымыз — оларды футболмен таныстыру. Ең бастысы — балаға қызықты болуы және оның ұсынылған жаттығуды орындай алуы. Егер осындай фестивальден кейін бала үйіне барып, ата-анасына: “Мен футболмен айналысқым келеді”, — десе, бұл біз үшін үлкен жеңіс.»

Данияр Кәрібаев, QOFA әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы

Бағдарлама тек футбол жаттығуларымен шектелмеді. Негізгі алаңның айналасында үйлесімділікті, ептілікті, қимыл-қозғалыс пен командалық жұмысты дамытуға арналған тағы 12 ойын аймағы жұмыс істеді.

500 қатысушы бірнеше топқа бөлініп, фестиваль барысында әртүрлі алаңдарда кезекпен белсенділіктерге қатысты. Соның арқасында балалар уақыттың басым бөлігін қозғалыста өткізіп, түрлі жаттығулар мен ойындарды байқап көрді.

«Фестиваль туралы ұлымнан білдім. Ол сабақтан келген соң: “Әке, ертең футбол фестивалі болады, соған баруым керек”, — деді. Күн өткен сайын оның футболға деген қызығушылығы артып келеді, доп теуіп, “Футболшы болғым келеді”, — дейді. Қазір жаттығып жүр. Егер футболшы болса, әрине, біз оны әрқашан қолдаймыз.»

Смахан Ержан, фестивальге қатысушының әкесі

ALGA! жобасының географиясы кеңеюде

Балқаштағы фестивальдің басты ерекшеліктерінің бірі — бірден үш аумақтан келген оқушылардың қатысуы. Жергілікті балалармен бірге стадионға Ақтоғай және Шет аудандарының оқушылары да келді.

Жаңа оқу жылында ALGA! жобасы Қарағанды облысы бойынша 40 мектепке дейін кеңейді. Сондықтан мұндай фестивальдер әртүрлі елді мекендердегі жоба қатысушыларын бір алаңда біріктіріп, мектептегі тұрақты сабақтарды ауқымды ойын форматындағы іс-шаралармен толықтыруға мүмкіндік береді.

«Өткен жылы он мектеп қатысты, олардың ішінде негізінен бір ғана ауыл мектебі болды, қалғандары қалалық мектептер еді. Қазір ауылдық мектептердің саны көбейді. Осы фестивальге алты аудандық және ауылдық мектеп келді. Балалар алыс жолды еңсеріп, Балқашқа арнайы жетті. Біз үшін футболмен танысу мүмкіндігі барынша көп балаға қолжетімді болғаны маңызды.»

Ғалымжан Зәдешұлы, QOFA әлеуметтік жобалар бөлімінің маманы

Фестиваль жалпы марапаттау рәсімімен аяқталды. 500 оқушының барлығына сыйлықтар мен футбол формасы табысталды.