Әлеуметтік жобаларМектеп футболы06 қараша

ALGA! жобасының түлектері облыстық мектеп лигасының чемпионы атанды.

БТКЛ және Nurmakov School командалары 5–6 сынып оқушылары арасындағы облыстық футбол турнирінің алтын жүлдегерлері атанды.
1

Жыл сайын Қарағанды қаласында 5–6, 7–8 және 9–11 сынып оқушылары арасында облыстық «Мектеп лигасы» футбол турнирі өтеді. Биыл ALGA! жобасымен байланысты екі команда өз санаттарында жеңімпаз атанды. Олар — Бірінші Теміртау классикалық лицейінің (ПТКЛ) қыздар командасы және Nurmakov School футболшылары.

Бұл жетістіктің ерекшелігі — қазіргі чемпиондар осыдан аз уақыт бұрын ALGA! жобасы аясында футболға алғашқы қадамдарын жасаған. QOFA Тимур Турловтың қолдауымен жүзеге асырып жатқан жобаның алғашқы жылғы түлектері бүгінде облыстық жарыстарда алтын медаль жеңіп алып, Қарағанды облысының намысын республикалық деңгейде қорғауға мүмкіндік алды.

БТКЛ командасы құрамының жартысынан астамын ALGA! жобасына қатысқан бесінші сынып оқушылары құрайды. Чемпиондық жолында қыздар Қарағанды қаласындағы Ғ. Мұстафин атындағы мектептің, Ақтоғай және Бұқар жырау аудандарының командаларымен кездесті.

Жас футболшылар үшін бұл алғашқы жарыс тәжірибесі емес. Бұған дейін олар «Болашақ ойындарына» қатысып, облыстық жарыстарда қола жүлдегер атанды. Ал биыл Суперкубокты жеңіп алды.

БТКЛ дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ержан Хомутовтың айтуынша, тұрақты ойын тәжірибесі қыздардың бұл жетістікке жетуіне көмектесті.

«ALGA! жобасы қыздардың дайындығында маңызды рөл атқарды. Олар өздеріне сенімді бола түсті және «Болашақ ойындарына», облыстық жарыстар мен Суперкубокқа қатысу арқылы құнды ойын тәжірибесін жинақтады. Мұның бәрі олардың алаңдағы ойынына оң әсер етті. Команда өзінің барлық мүмкіндігін толық көрсете алмаса да, қыздар жинаған тәжірибесі мен сенімділігін танытып, лайықты өнер көрсетті».

Ержан Хомутов, БТКЛ дене шынықтыру мұғалімі

Облыстық турнирде Nurmakov School тәрбиеленушілері де сәтті өнер көрсетті. 5–6 сынып оқушыларынан құралған команда өз санатында алтын медаль жеңіп алып, «Мектеп лигасының» республикалық кезеңінде Қарағанды облысының атынан өнер көрсету құқығына ие болды.

Жарыс туралы әсерімен ALGA! жобасының алғашқы жылғы түлегі, Nurmakov School командасының ойыншысы Қайсар Темірхан бөлісті.

«Турнир маған өте ұнады! Барлық матч қызықты әрі жеңіл өтті. Әр ойында қарсыластарымыздан екі гол айырмашылығымен басым түстік. Чемпион атануымызға ауызбіршілігіміз, командалық рухымыз және ешқашан берілмегеніміз көмектесті деп ойлаймын. ALGA! жобасы маған көптеген дос сыйлады және футболға қажетті көп нәрсені үйретті. Осы жобаның арқасында облыс чемпионы атандым. ALGA! жобасына рақмет!».

Қайсар Темірхан, Нұрмақов мектебінің футболшысы

Жас футболшылар үшін келесі сын — маусым айына алдын ала жоспарланған республикалық жарыстар. Әзірге турнир өтетін қала анықталған жоқ.

«Бұл — бүкіл командамыз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Алда бізді қарқынды дайындық күтіп тұр. Қыздар жеңістеріне өте қуанышты және алдағы жарыстың жауапкершілігін түсінеді. Қарағанды облысының атынан республикалық деңгейде лайықты өнер көрсету үшін бар күшімізді саламыз».

Ержан Хомутов, БТКЛ дене шынықтыру мұғалімі

ПТКЛ мен Nurmakov School командаларының жеңісі ALGA! жобасының алғашқы жылғы түлектерінің маңызды жетістіктерінің бірі болды. Жақында ғана мектептегі футбол сабақтарында ойынмен танысқан балалар бүгінде облыс чемпионы атанып, енді өңір намысын республикалық деңгейде қорғауға дайындалып жатыр.