Әлеуметтік жобалар16 қараша

QOFA мамандары Teach for Qazaqstan білім беру іс-шарасына қатысты

Қауымдастық өкілдері ALGA! жобасы туралы айтып, балалар футболын дамыту тәжірибесімен бөлісті және мектеп басшыларымен бастаманы оқу орындарында одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
1

Teach for Qazaqstan — Freedom «Шапағат» қоры қолдайтын, Қарағанды облысы мен Абай облысында жүзеге асырылып жатқан білім беру бастамасы. Жоба шағын қалалар мен ауылдық елді мекендердегі мұғалім тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Бағдарламаға педагогикалық емес мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарын бітірген түлектер қатысады. Олар арнайы дайындықтан өтіп, педагог кадрлар жетіспейтін мектептерде жұмыс істейді.

QOFA мамандары да оқу бағдарламасына қатысып, кездесу аясында ALGA! жобасын таныстырды. Жобаны Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы Тимур Турловтың қолдауымен жүзеге асырады. Қауымдастық өкілі Ғалымжан Қырықбай QOFA қызметі, балалар футболын дамыту және ALGA! жобасының оқушыларға беретін мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Кездесуден кейін қатысушылар Teach for Qazaqstan жобасына қатысатын мектептерде ALGA! жобасын дамыту және футбол сабақтарына көбірек баланы тарту жолдарын талқылады.

«Балалар мен мұғалімдердің адами капиталын дамытуды мақсат ететін, бізбен ортақ көзқарасты бөлісетін адамдармен кездесулер әрдайым жаңа идеяларға шабыт береді. Білім беру саласының өкілдері ALGA! жобасына сырт көзбен қалай қарайтынын тыңдау мен үшін қызықты болды. Олардың жобаны жай ғана футбол үйірмесі емес, спорт арқылы балалардың ұйымшылдығын, жауапкершілігін және білуге деген құштарлығын қалыптастыру мүмкіндігі ретінде қабылдағаны қуантты. Біз де дәл осы мақсатты көздейміз».

Ғалымжан Қырықбай, ALGA жобасының менеджері!

Айта кетейік, үш мектеп бүгінде екі жобаға да қатар қатысып келеді:

  • №12 жалпы білім беретін мектеп (Балқаш);

  • Қаныш Сәтбаев атындағы қосымша білім беру орталығы-мектеп (Абай);

  • Токаревка тірек мектебі (Ғ. Мұстафин кенті).

Ортақ мүдделерді біріктіру де кездесуде талқыланған тақырыптардың бірі болды. Мектеп өкілдері мен ұйымдастырушылар балалардың дамуына көбірек мүмкіндік беру үшін білім беру және спорт бастамаларын қалай ұштастыруға болатыны жөнінде пікір алмасты.

«Жұмыс бағыттарымыз әртүрлі болғанымен, QOFA мен Teach for Qazaqstan ұйымдарын ортақ құндылықтар мен балалардың және мектеп қауымдастықтарының дамуына көбірек мүмкіндік жасау мақсаты біріктіреді. QOFA футболды тек физикалық дамудың құралы ретінде ғана емес, балалардың жауапкершілік, тәртіп, көшбасшылық және командада жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру мүмкіндігі ретінде де пайдаланады. Бізге осындай тәсіл жақын. Екі ұйымның тәжірибесін біріктіру арқылы балалар мен педагогтерге қосымша мүмкіндіктер ұсынып, білім мен тәжірибе алмасып, мектеп қауымдастықтарын бірге дамыта аламыз. Мұндай ынтымақтастықтың әлеуеті зор және ұзақ мерзімді өзгерістерге негіз бола алады деп сенеміз».

Александр Урмашов, «Teach for Qazaqstan» қоғамдық қорының өңірлік өкілі

QOFA үшін бұл кездесу педагогтермен жақынырақ танысуға, олардың ұсыныстарын тыңдауға және ALGA! жобасын жаңа мектептерде дамыту мүмкіндіктерін талқылауға жол ашты. Өйткені жоба аясындағы футбол — тек жаттығулар мен матчтар ғана емес, сонымен қатар балалардың бірлесіп жұмыс істеуді, жауапкершілік алуды және ортақ мақсатқа жетуді үйренуіне мүмкіндік беретін орта.