Ауқымды іс-шараға лиганың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турлов, лига президенті Рохус Шох, Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы міндетін атқарушы Александр Кеплин, сондай-ақ өңірлік футбол ұйымдарының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында лига президенті биылғы маусымдағы негізгі жаңашылдықтар туралы кеңінен айтып берді. Оның сөзінше, QJ League жыл сайын дамып, ауқымын кеңейтіп келеді. Биыл лига төрт жас санатын қамтиды. Олардың қатарына алғаш рет U-15 санаты қосылды. Ал U-16, U-17 және U-18 командалары өз жарыстарын жалғастырады. Енді жасөспірімдер арасындағы барлық турнирлер толықтай лиганың басқаруына өтеді. Бұл — лигаға артылған жоғары сенім мен үлкен жауапкершіліктің белгісі.
Александр Кеплин лиганың тек футболшыларды ғана емес, футбол индустриясының мамандарын даярлауда да маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Бұл жоба алаңнан тыс жұмыс істейтін мамандардың дамуына үлкен мүмкіндіктер береді. Біз бастаманың ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталғанын әуел бастан түсіндік. Әлемдік тәжірибеде мұндай жобалардың жемісін көру үшін 8–10 жыл қажет. Алайда QJ League қысқа уақыт ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді».
Расында, төрт жыл ішінде лига ел футболының дамуына жаңа серпін беріп үлгерді. Осы уақыт аралығында шамамен 1000 матч ұйымдастырылды. Ал өткен маусымның өзінде бес турнир, соның ішінде қыздар арасындағы алғашқы жарыс өткізілді. Бүгінде 1500-ден астам жас футболшы лига арқылы тәжірибе жинақтап, түрлі сапарларға қатысты. Сонымен қатар еліміздің әр өңірінде 17 білім беру семинары өткізіліп, олардың аясында 3000-нан астам жас маман даярланды.
QJ League Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турлов өз сөзінде лиганың қазіргі жетістіктері жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті.
«Бүгінде қазақстандық футболдың көптеген жарқын ойыншылары — осы лиганың түлектері. Біз үшін бұл жай ғана спорт емес, бұл — болашақ, денсаулық және тұтас бір индустрия. Бүгін футбол ойнап жүрген әрбір бала кәсіби футболшы бола бермейді. Бірақ олардың арасынан білікті жаттықтырушылар мен менеджерлер өсіп шығады. Елімізге дәл осындай мамандар қажет».
Лига өңірлердегі футбол инфрақұрылымының дамуына да оң әсерін тигізіп келеді. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жасөспірімдер футболына көбірек көңіл бөле бастады. Соның нәтижесінде бірқатар қалада стадиондар мен жаттығу базалары жаңартылып, жас спортшылар үшін қолайлы жағдай жасалуда.
Биыл QJ League серіктестер желісін кеңейтті. Жобаға Freedom Bank, SCAT Airlines және UNICEF қосылды. Ынтымақтастық аясында 2000-нан астам ойыншы Freedom Bank-тің футбол тақырыбындағы ерекше дизайны бар арнайы банк карталарын алады. Алаңда өткізген әрбір минуты үшін оларға 75 теңге көлемінде бонус есептеледі. Бұл — Қазақстан спортындағы осындай форматтағы алғашқы бастама. Сонымен қатар қатысушылар үшін қаржылық сауаттылық сабақтары ұйымдастырылады.
Жаңа маусымның алғашқы матчы 18 сәуірде өтеді. Бұл күні Қызылордада «Қайсар» мен «Тобыл» командалары кездеседі. Аталған ойын лига тарихындағы мыңыншы матч болмақ.
Айта кетейік, бұл маңызды іс-шараға өңірлік спорт ұйымдарының өкілдері де белсенді қатысты. Олардың қатарында QOFA — Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының өкілдері де болды. Қарағанды облысында жасөспірімдер футболын дамытуға үлес қосып келе жатқан ұйым үшін конференция тәжірибе алмасуға, жаңа бастамаларды талқылауға және лиганың алдағы жоспарларымен танысуға мүмкіндік берді.
2026 жылғы маусым аясында еліміздің 18 өңірінен 2000-нан астам жасөспірім қатысатын алты турнир өткізу жоспарланып отыр. Осылайша, QJ League қазақстандық футболдың болашағын қалыптастыру бағытындағы жұмысын жалғастыруда.


