14 және 15 қараша күндері Қарағанды облысының футбол қауымдастығы (QOFA) Freedom қолдауымен ұйымдастырған футзалдан Қарағанды облысы біріншілігінің «Аманат» дивизионы аясында кезекті тур ойындары өтті. Жоғары лигада командалар екі турдан, ал қалған алты лигада үш турдан өткізді. Кейбір топтарда көшбасшылар анықталса, басқаларында бірнеше команда бірінші орынға таласу мүмкіндігін сақтап отыр.
Nura Fragment Жоғары лиганың көшбасшысы атанды
Екінші турдың қорытындысы бойынша көшбасшылық Nura Fragment командасына өтті. Олар «Ақжалды» 5:2 есебімен жеңді. QazTehna да мүмкін болған алты ұпайдың барлығын жинап, Aqtogai командасын 4:0 есебімен сенімді түрде ұтты.
Бірінші турдың көшбасшысы AIBYN Kenshoqy командасымен кездесуде ұпай жоғалтып (3:3), үшінші орынға сырғыды. Дәл осындай ұпай саны «Локомотивті» 4:3 есебімен жеңген «Жаңаарқа» командасында да бар.
Маусымдағы алғашқы жеңісіне Amanat қол жеткізді. Турдың ең нәтижелі кездесуінде команда «Сарыарқаны» 7:4 есебімен жеңді.
A және B лигалары
A лигасында үш турдан кейін SGS пен Temir City командалары бірде-бір ұпай жоғалтқан жоқ. Алғашқысы тікелей бәсекелестерінің бірі Seven Refractories командасын 4:2 есебімен жеңсе, екіншісі «Өспеннен» 3:1 есебімен басым түсті.
Айта кетерлігі, Temir City үш кездесуде өз қақпасына небәрі бір гол жіберген. Ал SGS лигадағы ең нәтижелі команда атанып, қарсыластарының қақпасына 18 гол соқты.
Үшінші орынға K-MED командасын 7:4 есебімен жеңген балқаштық «Алаш» көтерілді.
B лигасында «Нұркен» мен «Аль-Адият» командалары тоғыз ұпайдан жинады. Алайда «Нұркен» бір матчты кем өткізіп, әзірге бірде-бір ұпай жоғалтқан жоқ. Кезекті турда команда «Пантерны» 6:2 есебімен сенімді түрде жеңді. Сонымен қатар «Мэйкер» «Жарықты» 8:4 есебімен ұтса, Amanat-2 MET Bauyrlar командасынан 5:0 есебімен басым түсті.
Төртінші тур аясында «Пантера» мен «Аль-Адият» командалары өзара кездесу өткізді. Бұл ойында «Пантера» 2:1 есебімен жеңіске жетті.
C және D лигалары
C лигасында «Ақсу-Аюлы» мен «Сарыбел Осакаровка» жеңісті серияларын жалғастырып келеді. Екі команда да тоғыз ұпайдан жинады.
Турдың ең ірі жеңісіне «Ақсу-Аюлы» қол жеткізіп, «Молодежный Коал» командасын 9:3 есебімен ойсырата жеңді. Ал «Сарыбел Осакаровка» «Барыстан» 2:1 есебімен басым түсті.
Көшбасшылардан екі ұпайға қалып келе жатқан «Ақнар» үшінші турда «Төлеутай ата мешітін» 4:1 есебімен жеңді.
D лигасында да осындай жағдай қалыптасқан. «Бидайық» пен «Бүркітті» үш жеңістен тіркесе, олардың ең жақын қуғыншылары «Қасым» мен «Бабай» жеті ұпайдан жинады.
Үшінші турда «Бидайық» «Дарияны» 4:2 есебімен жеңсе, «Бүркітті» «Ақыт қажы мешітінен» 4:1 есебімен басым түсті.
E және F лигалары
E лигасында әзірге тек «Сарыобалы» ғана максималды ұпай санын сақтап қалды. Үшінші турда команда басты бәсекелестерінің бірі Tuz-ды 3:0 есебімен жеңді.
Сонымен қатар бірден алты команда көшбасшыдан үш ұпайға қалып келеді. Олардың қатарында Toqyrauyn, «Арпа», QMU, «Ғыйзат қажы мешіті», Voin-K және Tuz бар.
F лигасында көшбасшылықты «Ботақара» мен Bayer жалғастырып келеді. Екі команда да үш кездесуде үш жеңіске қол жеткізді.
«Ботақара» Aqtogay SC командасын 7:2 есебімен жеңсе, Bayer MFC Sortirovka командасына маусымдағы алғашқы жеңілісін тарту етті – 8:2.
Көшбасшылардың ең жақын қуғыншылары – алты ұпайдан жинаған MFC Sortirovka мен «Үштөбе» командалары.



