14 және 15 қараша күндері Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы (QOFA) Freedom қолдауымен өткізетін футзалдан Қарағанды облысы Суперлигасының екінші тур ойындары өтті.
Үш команда ұпай жоғалтқан жоқ
Турдағы ең ірі жеңіске MFC ADIL командасы қол жеткізді. Олар Шет ауданының «ЖасАқ» командасын 8:3 есебімен жеңіп, турнир кестесінде бесінші орыннан бірінші орынға көтерілді.
Турдың басты кездесулерінің бірінде FC Jauynger мен ТЧЭ-14 командалары бақ сынасты. Бірінші турдың көшбасшысы теміржолшыларға 3:6 есебімен есе жіберіп, турнир кестесінің төртінші сатысына түсті.
Qarmet те жеңісті сериясын жалғастыруда. Бірінші турда YDD командасын жеңген ұжым бұл жолы Tassay командасынан 4:1 есебімен басым түсті.
Бір қызығы, үш көшбасшының ұпай саны ғана емес, соққан және жіберген голдарының айырмасы да бірдей (+6). MFC ADIL соғылған голдар саны бойынша қарсыластарынан алда тұрса, Qarmet әзірге ең аз гол жіберген команда атанып отыр.
«Политех» пен «Прогресс» алғашқы жеңістеріне қол жеткізді
Маусымды сәтсіз бастаған «Политех» YDD командасын 4:2 есебімен жеңіп, алғашқы үш ұпайын еншіледі.
Турдың қорытынды матчында «Прогресс» «Биосферадан» 3:2 есебімен басым түсті. Қарағандылық екі команда үшін де бұл кездесу жаңа маусымдағы алғашқы ұпайларын жинауға мүмкіндік еді.
Екі турдан кейін «Биосфера», Tassay және YDD командалары әлі ұпай жинаған жоқ.
Дмитрий Двирный мергендер көшін бастады
Маусым басында Суперлиганың үздік сұрмергені атанған Дмитрий Двирный екі матчта алты гол соқты. Бұл – MFC ADIL командасы соққан голдардың жартысына жуығы.
Двирный қазақстандық футзал жанкүйерлеріне жақсы таныс. Мансабында кәсіби деңгейде өнер көрсеткен ойыншы облыстық жарыстарға да қатысқан. 2015/2016 жылғы маусымда ол Қарағанды облысы біріншілігінің Жоғары лигасында «Шұбаркөл Көмір» командасының намысын қорғаған.
Қазір тәжірибелі ойыншы Суперлиганың үздік сұрмергендер тізімінде көш бастап тұр. Оның ең жақын бәсекелестері – төрт голдан соққан Мейрам Нұрғалиев (Qarmet) пен Даниал Бегалы (FC Jauynger).


