Қарағанды облысының ерлер командалары арасындағы ашық Freedom-футзал біріншілігінің алғашқы матчтары өтті. 31 қазанда маусымды бастаған «Тұлпардан» кейін жарысқа «Аманат» дивизионының командалары да қосылды.
Жаңа маусымда командалар жеті лигада өнер көрсетеді: Жоғары лига және А-дан F-ке дейінгі алты лига. Жарыс жоғарылау және төмендеу жүйесі бойынша өткізіледі. Маусым қорытындысы бойынша үздік командалар жоғары лигаға көтерілу мүмкіндігіне ие болады, ал Жоғары лиганың жеңімпазы Қарағанды облысының Суперлигасында өнер көрсету құқығына ие болады.
Жоғары лигада AIBYN көш бастап тұр
Жоғары лиганың алғашқы турында бес матч өтті. Ең ірі жеңісті Aibyn командасы тіркеді. Олар Жаңаарқаның «Сарыарқа» командасын 10:2 есебімен ойсырата жеңді.
Nura Fragment Aqtoǵai командасын 4:0 есебімен сенімді түрде ұтса, қарағандылық Qaztehna «Локомотивтен» 4:3 есебімен басым түсті. Тағы бір жеңіске «Ақжал» қол жеткізіп, Amanat командасын 1:0 есебімен минималды есеппен жеңді.
«Жаңаарқа» мен Kenshoqy арасындағы кездесуде ғана тең нәтиже тіркелді. Командалар үш голдан соқты.
Бірінші турдан кейін Aibyn соғылған және жіберілген голдар айырмасы бойынша турнир кестесінде бірінші орынға шықты. Nura Fragment, Qaztehna және «Ақжал» командалары да үш ұпайдан жинады.
A–B лигаларындағы нәтижелі бастама
А лигасында бірден төрт команда алғашқы екі матчта да жеңіске жетті. SGS, Temir City, Seven Refractories және K-Med командалары алты ұпайдан жинады.
Гол айырмасы 14:5 болатын SGS көш бастап тұр. Екінші турда команда «ҚазАэроНавигацияны» 7:2 есебімен жеңді. Temir City де маусымды екі жеңіспен бастап, әзірге өз қақпасына бірде-бір гол жіберген жоқ.
Екінші турдағы ең нәтижелі кездесулердің бірі «Алаш» пен TopGun арасында өтті. Матч 5:5 есебімен тең аяқталды.
В лигасында екі турдан кейін алты ұпай жинап, гол айырмасы 5:0 болған «Нүркен» бірінші орында келеді. Дәл осындай ұпайы бар «Әл-Адият» екінші сатыда орналасқан.
C–D лигаларындағы көшбасшылар
С лигасында «Сарыбел Осакаровка» мен «Төлеутай ата мешіті» командалары көш бастап тұр. Екі команда да екі матчта жеңіске жетті. Екінші турда «Сарыбел Осакаровка» «Молодёжный Коал» командасын 5:3 есебімен жеңсе, «Төлеутай ата мешіті» Salamat командасынан 4:2 есебімен басым түсті.
D лигасында екі турдың қорытындысы бойынша «Бидайық», «Жайрем жастары» және «Бүркітті» командалары әзірге ұпай жоғалтқан жоқ. Үшеуінің де еншісінде алты ұпайдан бар.
Бұл лигада екінші турдағы матчтардың басым бөлігі аз ғана айырмашылықпен аяқталды. «Бидайық» Qaragandy Zharyq командасын 3:2 есебімен жеңсе, «Бүркітті» «Жайрем жастары» командасынан 4:3 есебімен басым түсті. Ал «Дария» «Осакаровкадан» 6:5 есебімен жеңісті жұлып алды.
E–F лигаларындағы ірі жеңістер
Е лигасында «Сарыобалы», Voin-K және Tuz командалары көш бастап тұр. Үшеуі де екі жеңістен тіркеді.
Екінші турдағы ең нәтижелі матч Toqyrаuyn мен «ПЧ-10» арасында өтті. Кездесу 10:4 есебімен аяқталды. Тағы бір ірі жеңіске All Stars командасы қол жеткізіп, QMU командасын 5:0 есебімен ұтты.
F лигасында алғашқы үш орынды «Ботақара», Bayer және MFC Sortirovka командалары иеленіп отыр. Олардың әрқайсысында алты ұпайдан бар.
«Ботақара» маусымды екі жеңіспен бастап, соның ішінде «Юность» командасын 7:1 есебімен ойсырата жеңді. Алғашқы екі турдағы ең ірі есеп «Көктас ауылы» мен Aqtogay SC арасындағы матчта тіркелді. Кездесу алаң иелерінің 12:1 есебімен жеңісімен аяқталды.


