ҚОФА Жаңалық
Карағанды облыстық футбол Ассоциациясы
Студенттік футбол

Алдана Даурова: «Спорттағы кәсібилік жынысқа байланысты емес – бұл ескірген стереотип»

Спорт десе көпшілік бірден тартысты бәсекені елестетеді. Алайда бұл индустрияның көрінбейтін екінші жағы бар — басқару мен ұйымдастыру. Ал осы бағытта жүрген әйелдер саны көп болғанымен, олардың еңбегі жиі еленбей жатады.

Алдана Даурова: «Спорттағы кәсібилік жынысқа байланысты емес – бұл ескірген стереотип»

Алдананың тарихы дәл осы туралы. Ол бала кезден каратэмен, бал биімен айналысып, кейін жеті жыл бойы теннис ойнаған. Алайда жарақат кәсіби спорттағы мансабына нүкте қойған. Дегенмен бұл соңы емес, керісінше жаңа бастама болды. Спорттан алыстамай, ол осы саланың басқа қырынан өз орнын тапты. Бүгін ол бізбен осы жолға қалай келгенімен бөліседі.

IMG 6073 — Копия

— Еңбек жолыңыздың басында қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

— Ең үлкен қиындық — сенімнің жетіспеуі және еңбегімді бағаламау болды. Жас қыз болғандықтан, мені көп жағдайда қабылдай бермейтін. Өзімді үнемі дәлелдеуге, кәсіби деңгейімді көрсетуге және спортта жай ғана «көріну үшін» емес екенімді дәлелдеуге тура келді.

Мен бұл кезеңнен еңбекқорлық арқылы өттім: өзім тәжірибе іздедім, түрлі жобаларға қатыстым, ұсыныс жасадым. Әр іске жауапкершілікпен қарап, барынша жақсы нәтиже көрсетуге тырыстым. Соның арқасында біртіндеп өз орнымды қалыптастырдым.

— Бүгінде Қазақстандағы спорт менеджментінің деңгейін қалай бағалайсыз?

— Өкінішке қарай, білікті мамандар тапшылығы бар. Көп жағдайда жұмыс сапа үшін емес, есеп үшін жасалатындай көрінеді. Жүйелі ойлайтын, ұзақ мерзімді жоспар құра алатын мамандар аз. Соған қарамастан, қабілетті адамдар бар. Тек соларға мүмкіндік берілсе, нәтиже де өзгеше болар еді.

— Спорт индустриясында әйел болу қиын ба?

— Қиын. Бұл салада ер адамдармен бірдей деңгейде мойындалу үшін әйелдерге көбіне екі есе мықты, табанды және кәсіби болуға тура келеді.

Мен өз тәжірибемде де жалақы айырмашылығына тап болдым. Бірдей жұмыс істеп, бірдей жауапкершілік көтерсең де, ер адамдар көбірек табыс табатын жағдайлар кездеседі. Сонымен қатар спорт менеджментінде әйелдер әлі де жиі еленбей жатады. «Әйелдер бұл салаға лайық емес», «олар жауапкершілікті көтере алмайды» деген сияқты ескі көзқарастар бар. Сондықтан бізге әрдайым нәтижемен дәлелдеуге тура келеді.

Бірақ осының бәрі мені шыңдады. Өз құныңды білуді, өз ұстанымыңды қорғауды үйренесің. Ең бастысы — басқа әйелдерді қолдауға, олардың да осы салаға келуіне мотивация беруге итермелейді.

— Ер адамдар «жақсырақ маман» болғандықтан жалақы әртүрлі төленді ме? 

— Жоқ, мен бұнымен келіспеймін. Бұл — спорт индустриясындағы ең ескірген әрі зиянды стереотиптердің бірі. Бұл көзқарас ер адамдарда ұзақ уақыт бойы көбірек мүмкіндік болғандықтан пайда болған. Сондықтан олардың тәжірибесі көбірек көрінеді, ал бұл «сенімділік» ретінде қабылданады.

Шын мәнінде, спорт менеджментіндегі әйелдер көбіне жұмысына өте мұқият, терең қарайды. Бірақ олардың еңбегі жиі көзге көрінбейді. Ер адамдарға кей қателік кешірілсе, әйелдер үшін ол беделге қатты әсер етуі мүмкін. Шындығында, кәсібиліктің жынысқа еш қатысы жоқ. Ол білімге, тәжірибеге және жауапкершілікке негізделеді. Қазір спортта өте мықты әйел мамандар көп, олар ешкімнен кем емес, кейде тіпті жоғары деңгейде жұмыс істейді.

Бірақ қазір жағдай біртіндеп өзгеріп келеді. Әйелдер басшылыққа көбірек келіп жатыр, өз жобаларын іске қосуда. Мамандар көбейген сайын, бұл стереотип те жойылады.

IMG 5627

— Қазақстандағы футболдың әлеуетін қалай бағалайсыз?

— Әлеует өте жоғары. Халықта футболға деген қызығушылық бар. Бірақ сол қызығушылықты дұрыс бағытқа бұру қажет. Жанкүйерлермен жүйелі жұмыс, сапалы маркетинг, заманауи инфрақұрылым және тиімді басқару қатар дамыса ғана нәтиже болады. Әйтпесе, құр қызығушылық жеткіліксіз.

— Сүйікті футболшыларыңыз бар ма?

— Мен көбіне әйелдер футболын қараймын. Сүйікті ойыншым — Айтана Бонмати. Ол «Барселона» клубы мен Испания құрамасының жартылай қорғаушысы, «Алтын доптың» үш дүркін иегері (2023, 2024, 2025).

— Спорт саласына келгісі келетін қыздарға қандай кеңес берер едіңіз?

— Ең бастысы – қорықпау. Өз жолыңды өзің іздеу. Алға ұмтылып, ешкімнің сөзін тыңдамаңыз дер едім. «Бұл сенің орның емес», «спорт қыздарға арналмаған» деген пікірлер болады – бірақ бұл сіздің емес, өзгенің шектеуі.

Үнемі білім алып, тәжірибе жинау маңызды. Мүмкіндікті күтпей, өзіңіз іздеңіз: жазыңыз, ұсыныс жасаңыз, әрекет етіңіз. Көрінуден қашпау да маңызды. Көп қыздар жақсы жұмыс істейді, бірақ оны көрсетпейді. Ал бұл салада өзіңді таныта білу қажет.

Иә, кейде екі есе көп еңбек етуге тура келеді. Бұл әділетсіз көрінуі мүмкін, бірақ қазіргі шындық осы. Ең бастысы – соған сынбай, керісінше шыныға түсу керек. Ешқашан өзіңізді «ыңғайлы болу» үшін өзгертуге тырыспаңыз. Спортқа мықты, ойлай алатын және принципі бар мамандар керек. Әйелдер ондай бола алады.

IMG 6057

— QOFA қолдауымен жүзеге асып жатқан BASTA! жобасы туралы не ойлайсыз?

– Бұл – өте қажет жоба. Себебі теория мен тәжірибенің арасы бізде жиі алшақ болып жатады. Ал мұндай жобалар сол олқылықтың орнын толтырады. Студенттердің нақты жұмыс процесіне араласуы, жобаларға қатысуы – олардың кәсіби қалыптасуына үлкен әсер етеді. Спорт менеджментін тек кітаптан үйрену жеткіліксіз, оны іс жүзінде көру керек. Осындай мүмкіндік берілсе, өз басым қуана қатысар едім.

IMG 6071

– Өзіңіз бастаған «Las Campeonas» жобасы туралы айтып өтсеңіз. Еркін медиа-платформа ретінде ашылыпты. Неге тек ағылшын тілінде жүргізуді таңдадыңыз? 

— Бұл жоба – спорттағы әйелдердің дауысы. Біз әр елдегі әйелдердің оқиғаларын жинап, олардың еңбегін көрсетуге тырысамыз.

Жобаны ағылшын тілінде жүргізуімнің себебі – халықаралық аудиторияға шығу. Ағылшын тілін қолдану — халықаралық аудиторияға шығу үшін қажет. Мен тек бір елмен шектелгім келмейді. Бұл жоба әлем бойынша спорт саласында еңбек етіп жүрген әйелдердің еңбегін көрсетуді мақсат етеді.

— Егер бәрін қайта бастау мүмкін болса, осы жолды қайта таңдар ма едіңіз?

— Иә, сөзсіз. Спорт менің өмірімнің маңызды бөлігі. 

— BASTA! қатысушыларына тілегіңіз?

— Бұл жоба талантты әрі батыл жастар үшін бастау алаңы болсын. Жоба жастар үшін нақты мүмкіндік алаңына айналсын. Қатысушылар тәжірибе жинап, өз жолын таба алатын орта қалыптассын. Күшті команда мен тұрақты даму тілеймін.

Снимок Экрана 2026 04 17 013934

Алданаға тұшымды әңгіме үшін алғыс білдіреміз және спорт менеджментіне қадам жасағысы келетін студенттерді BASTA! жобасына қатысуға шақырамыз. Толығырақ мәлімет алу үшін +7 771 312 6524 (Ғалымжан Қырықбай) нөміріне жаза аласыз.