ҚОФА Жаңалық
Карағанды облыстық футбол Ассоциациясы
Мектеп футболы

ALGA! жобасының оқушылары республикалық футбол турниріне қатысты

Қарағанды қаласындағы №19 мектептің оқушылары 1–5 маусым аралығында Астанада өткен «Балдаурен» республикалық футбол турниріне қатысты.

ALGA! жобасының оқушылары республикалық футбол турниріне қатысты

Бастауыш сынып оқушыларынан құралған ұлдар және қыздар командасы мамыр айында ALGA! жобасы аясында өткен, QOFA ұйымдастырған Әлімхан Ермеков атындағы кубоктың жеңімпазы ретінде турнирге жолдама ұтып алды.

Осы деңгейдегі алғашқы жарысқа қатысқан қарағандылық оқушылар Астанадан үшінші орынның қола жүлдесімен оралды.

ALGA! жобасының менеджері Ғалымжан Қырықбай:

– Мұндай жобалардың басты мақсаты талантты балаларды іріктеумен ғана шектелмейді. Біз мүмкіндігінше көп баланың футболға қызығушылығы оянып, командалық жұмыстың маңызын түсініп, спорт арқылы жақсы әсер мен пайдалы тәжірибе жинақтағанын қалаймыз. Ең бастысы – олардың салауатты өмір салтына деген ынтасы сақталып, спортқа деген сүйіспеншілігі ұзақ жылдарға жалғасса дейміз.

Untitled 11

Астанадан оралғаннан кейін №19 мектепте турнир қатысушыларымен кездесу өтті. Балаларға естелік сыйлықтар табысталып, мектеп әкімшілігі, ата-аналар және QOFA өкілдері өз қолдауларын білдірді.

Данияр Кәрібаев, Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы:

– QOFA мен Freedom компаниясы балаларымызға өңір намысын республикалық деңгейде қорғап, жоғары деңгейдегі жарыста өнер көрсетуге мүмкіндік бергеніне қуанышты.

Команда құрамындағы барлық бала оқу жылы бойы ALGA! жобасы аясында өткізілген футбол сабақтарына тұрақты қатысты. Табандылығының, тәртіптілігінің және жаттығуларға жауапкершілікпен қарауының арқасында олар Астанаға барып, үлкен додада бақ сынауға мүмкіндік алды.

Біздің турнирге қатысудағы басты мақсатымыз жүлде қуалау емес, балалардың есінде қалатын жарқын әрі пайдалы тәжірибе қалыптастыру болды.

Untitled 39

Біріншіден, оқу жылы бойы еңбектенген балаларды жақсы ұйымдастырылған сапармен, жан-жақты қолдаумен және ауқымды спорттық шараға қатысу мүмкіндігімен марапаттауды көздедік.

Екіншіден, балалардың нәтижеге алаңдамай, футболдан шынайы ләззат алуына жағдай жасағымыз келді. Біз үшін олардың футбол сабақтарында үйренгендерін іс жүзінде сынап көруі, нағыз жарыстың атмосферасын сезінуі, жаңа әсерлерге бөленуі және Астанада уақыттарын қызықты өткізуі маңызды болды. Әсіресе, сапар барысында балалардың бір-бірімен жақын араласып, берік достық орнатқаны біз үшін өте құнды. Бұл достықтың ұзақ жылдарға жалғасатынына сенеміз.

Командалар алдына қандай жағдай болса да жеңіске жету міндеті қойылған жоқ. Бұл жастағы балалар үшін нәтиже емес, даму, ойын тәжірибесі және жағымды әсерлер әлдеқайда маңызды.

Соған қарамастан, ұлдар командасы да, қыздар командасы да өз санаттарында қола жүлдеге ие болып, үшінші орыннан көрінді. Бұл ALGA! жобасының нақты нәтиже беріп жатқанын және дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді.

Untitled 51

Сапардың ең маңызды қорытындыларының бірі – балалардың футболға деген қызығушылығының айтарлықтай артуы. Бүгінде футбол олардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Ұлдар мен қыздар ата-аналарымен бірге матчтарды талқылайды, турнирден алған әсерлерімен бөліседі, сүйікті клубтары мен футболшылары туралы бейнематериалдарды тамашалайды. Көпшілігі футболмен әрі қарай да айналысып, шеберлігін шыңдап, жаңа жарыстарға қатысқысы келетінін айтып жүр. Біз үшін ең үлкен жетістік – осы. Өйткені спортқа деген сүйіспеншілік пен алға ұмтылыс жобаның негізгі мақсаты болып саналады.

DSC08194

Үшіншіден, бұл сапар ата-аналармен өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік берді. Турнирге дайындық кезінде де, жарыс барысында да балалар үшін бірге алаңдап, пікір алмасып, ортақ мақсат жолында топтастық. Ата-аналар біздің қызметімізбен және жобаларымызбен жақынырақ танысып, ALGA! жобасы аясында QOFA мен Freedom жүзеге асырып жатқан жұмыстардың ауқымын көрді.

Балаларының футболға қызығушылығы артқанын, спорт туралы көбірек әңгімелейтінін және жаттығуларды асыға күтетінін ата-аналардың өз аузынан есту біз үшін ерекше қуаныш. Ата-аналардың алғысы мен балалар бойындағы оң өзгерістер – еңбегіміздің ең жоғары бағасы әрі дұрыс жолда келе жатқанымыздың дәлелі.

Басқа жаңалықтар