Freedom BFL: Қарағандыда балалар футболын нөлден қалай құрды
Бірнеше жыл ішінде BFL шағын балалар турнирінен аймақтағы ең үлкен футбол лигаларының біріне айналды. Жобаны нөлден бастап құрған және бүгінде Қарағандыда балалар футболының толыққанды жүйесін дамытып жатқан адамдардың сұхбаттары.

Кез келген ауқымды спорттық жобаның артында тек командалар, матчтар мен турнирлік кестелер ғана тұрмайды. Оның негізінде бір кезде мәселені көріп, жауапкершілікті өз мойнына алып, өңірде бұрын болмаған істі бастаған адамдар тұрады.
Бүгінде Freedom BFL 2710 баланы, 159 команданы біріктіреді. Лиганың тікелей трансляциялары, жеке статистикалық базасы бар және ол толыққанды жарыс жүйесіне айналды. Бірақ мұндай ауқым бірден қалыптасқан жоқ. Ол жеке бастаманың, инфрақұрылымдық шешімдердің, серіктестердің қолдауының және балаларға кәсіби футболшы болуға мүмкіндік беруге деген ұмтылыстың арқасында біртіндеп дамыды.
Біз BFL-дің бастауында тұрған әрі бүгінгі күні де оны дамытуға үлес қосып жүрген адамдармен сөйлестік. Әңгіме барысында жобаның қалай басталғанын, балалар футболына жүйелі ойын тәжірибесі не үшін қажет екенін, сондай-ақ бұл жолда QOFA мен Freedom қандай рөл атқарғанын талқыладық.
«Бір ойын үш жаттығудың орнын басады». BFL идеясы қалай пайда болды
Мәди Қарибаев балалар жаттықтырушысы болып жұмыс істеген кезде бір мәселемен үнемі бетпе-бет келетін. Балалар жаттығады, бірақ ойын тәжірибесі өте аз.
— 2018 жылы балалар мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істедім. Сол кезде бір нәрсені анық байқадым: балалар көп жаттығады, бірақ толыққанды ойын тәжірибесі жетпейді. Ал,ойынсыз даму болмайды. Бір ойын үш жаттығудың орнын басады деуге болады. Себебі,бала жарыс кезінде мүлде басқаша сезінеді, жауапкершілік пайда болады, эмоция күшейеді, жеңіске деген құлшыныс оянып ойынды тереңірек түсіне бастайды.
Ол кезде Қарағандыда балаларға арналған тұрақты турнирлер жүйесі жоқ еді. Командалар кейде жекелеген жарыстарға қатысқанымен, тұрақты чемпионат, турнирлік кесте мен жүйелі матчтар ұйымдастырылмайтын.
— Біз сол кезде ересектер арасындағы ҚӘФЛ турнирін өткізіп жүргенбіз. Сонда «Неге дәл осындай жүйелі чемпионатты балалар арасында ұйымдастырмасқа?» деген ой келді. Жеке мектептер, «Шахтёр» және басқа да командалар қатысатын жарыс жасағымыз келді. Осылайша кейінгі BFL-дің негізі болған Junior Лига дүниеге келді.
Алғашқы турнирлер қазіргі форматтан мүлде өзгеше еді. Чемпионатта небәрі үш жас санаты болды: 2006–2007, 2008–2009 және 2010–2011 жылы туған балалар. Барлығы 20–25 команда қатысты.
Ол кезде үлкен инфрақұрылым да, заманауи платформалар да, тікелей трансляциялар да болған жоқ.
— Сол кезең жақсы есімде. Барлық жұмысты қолмен істейтінбіз. Хаттамаларды өзім толтырып, нәтижелерді компьютерге енгізетінмін. Тікелей эфир жоқ, кәсіби техника жоқ. Матчтарды жай ғана түсіріп, кейін голдардың үзінділерін жариялайтынбыз. Турнирлер көбіне спорт залдарында өтетін. Қалада сапалы алаңдар мен жабық манеждер жоқтың қасы болатын, сондықтан футзалға арналмаған доптармен ойнауға тура келді.

Соған қарамастан, алғашқы BFL өз нәтижесін берді.
— Қазір сол уақытты еске алу өте қызық. Сол құрамдағы көптеген балалар бүгінде «Шахтёр» сапында ойнап жүр. Мысалы Макридов пен Қағазбаев. Мен оларды Junior Лигада ойнап жүрген кішкентай кезінен білемін.
Жобаның дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі инфрақұрылымның қалыптасуы болды.
— Кейін бұл бағытты алғашқылардың бірі болып дамытуға кірістік. Ермеков көшесіндегі кешенде жасанды көгал төселгеннен кейін Қарағандыдағы балалар футболы үшін үлкен серпіліс болды. Біз манеждердегі және ашық алаңдардағы жарыстарды бөліп өткіздік, ұйымдастыру, төрешілік және медиа сүйемелдеуге әлдеқайда жауапкершілікпен қарай бастадық. Мұны адамдар бірден сезінді. Командалар дәл біздің лигада ойнағысы келді, өйткені мұнда сапалы ұйымдастыру, әділ төрешілік, трансляциялар мен ерекше атмосфера болды.

Әрине, даму жолында қиындықтар да кездесті.
— Бір кезде балама турнирлер пайда болды, бәсекелестік күшейді, түрлі кедергілер болды. Бірақ біз ешқашан жанжалға бармадық. Өз жұмысымызды жүйелі әрі адал атқара бердік.
Қазір BFL ішінде тек Қарағандыдағы лиганы дамыту ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша бірыңғай балалар футболы жүйесін құру туралы жиі айтылады. Менің басты мақсатым — Қазақстан бойынша біртұтас жүйе қалыптастыру. Әр облыста бірдей регламентпен, бірдей жас санаттарымен, бірдей форматта және бір мерзімде турнирлер өтуі керек.
Мәдидің ойынша, кейін өңірлердің үздік командалары арнайы финалдық турнирде кездесіп, бұл балалар арасындағы Қазақстанның өзіндік Чемпиондар лигасына айналуы мүмкін.
— Қазір ресми ірі жарыстарға көбіне кәсіби клубтардың академиялары ғана қатысады. Ал жеке футбол мектептеріндегі көптеген талантты балалар назардан тыс қалып қояды. Шын мәнінде, жеке клубтарда өте мықты ойыншылар көп.

«Қазір балалар камераға түсуді армандайды». BFL бүгінде қалай жұмыс істейді
Мәди жобаның философиясы мен болашағы туралы айтса, лиганы ұйымдастырушылардың бірі Изат Мүсилимов күнделікті атқарылатын жұмыстар туралы кеңінен әңгімеледі.
— Біз чемпионаттың толық ұйымдастырылуына жауаптымыз. Кесте құрамыз, электронды хаттамаларды жүргіземіз, қатысушыларды тіркейміз. Әр бала сайтқа кіріп, өз командасының нәтижесін, статистикасын және матч қорытындысын көре алады. Біз үшін балалардың өзін нағыз жарыстың бір бөлігі ретінде сезінуі маңызды.
BFL тек облыстың ең мықты командаларына арналған турнир емес.
— Бізде әртүрлі деңгейдегі командалар ойнайды. Біреулері бірнеше жылдан бері жаттығып келеді, ал кейбірі футболға енді ғана келген. Сондықтан лига бірнеше дивизионға бөлінген. Мысалы, 2015–2016 жылы туғандар арасында А, B, C және D лигалары бар. А лигасында ең мықты командалар, B лигасында резервтік құрамдар, ал C және D лигаларында жаңадан құрылған ұжымдар өнер көрсетеді.
Изаттың айтуынша, басты міндеттердің бірі — жаңадан келген командалардың да өз деңгейіндегі қарсыластармен тұрақты ойын тәжірибесін алуына мүмкіндік беру. Қатысу талаптары қарапайым болғанымен өзіндік міндеттер жүктеледі.
— Әр команданың жаттықтырушысы немесе жауапты өкілі болуы тиіс. Кейбіреулер балаларды жаттықтырушысыз тіркеуді ұсынған жағдайлар болды, бірақ бұған жол берілмейді. Сонымен қатар қауіпсіздік талаптары сақталуы қаже. Бірыңғай форма, футбол аяқ киімі және қорғаныш қалқандары болуы міндетті.

Бірнеше жыл бұрын лига мүлде басқа жағдайда жұмыс істеді.Бұрын барлық шығындар ата-аналардың және командалардың жарналары есебінен жабылатын.
— Алаңдарды жалға алу, төрешілердің еңбекақысы, дәрігерлердің қызметі — бәрі осы қаражатпен қамтамасыз етілетін. Лига пайда табуды емес, жарыстарды лайықты деңгейде өткізуді ғана мақсат етті.
Бірақ ұйымдастырушылар әлдеқайда сапалы өнім жасағысы келді.
— Біз әрқашан кәсіби трансляциялар, сапалы фотосуреттер, әлеуметтік желілердегі белсенді жұмыс сияқты толыққанды медиажобаны дамытуды армандадық. Бірақ мұның бәрі үлкен қаржыны талап етеді. Ал ата-аналарға түсетін жүктемені шексіз арттыру мүмкін емес еді.
Жағдай QOFA мен Freedom қолдау көрсеткеннен кейін өзгере бастады.
— Freedom секілді серіктестің келуі көптеген мәселені шешуге мүмкіндік берді. Жаңа камералар, жабдықтар, марапаттау атрибутикасы алынды. Қазір әр бала матчтарды көріп, фотоларын қарап, өз командасының медиа кеңістікте көрініс табуын бақылай алады. Бұл өңірдегі балалар футболы үшін үлкен қадам болды.
Изаттың айтуы бойынша оң өзгерістерді балалардың өздеріде сезе бастады.
— Бұрын кімнің қолында не бар, сонымен ойнайтын. Ал қазір барлығы әдемі форма киюге, сапалы жабдықпен шығуға тырысады. Жаттықтырушылардың өзі сыртқы келбетіне мән бере бастады. Ата-аналар көп боп келіп, балаларын қолдайды. Клубтар енді тек алаңда ғана емес, өздерін қалай таныстыратыны жағынан да бәсекеге түсіп жатыр. Мұның бәрі балалар футболының жалпы деңгейін көтеріп келеді.

Ұйымдастырушылар енді балаларды кәсіби футболға дейін жеткізетін тұтас даму жүйесін қалыптастыруды көздейді.
— Бала алдымен ALGA! мектеп жобасы арқылы футболмен танысады. Кейін жеке клубқа ауысып, BFL-де ойнайды, тұрақты ойын тәжірибесін жинақтайды. Одан әрі «Шахтёр» академиясына, QJ League-ке өтеді, кейін кәсіби футболға және болашақта Қазақстан құрамасына дейін жетуі мүмкін.
Изаттың айтуынша, бұл жүйе қазірдің өзінде жақсы нәтиже бере бастады.
— Қысқы маусымда «Шахтёр» академиясының өкілдері матчтарға келіп, ойыншыларды бақылады. Турнир қорытындысында 2014–2017 жылы туған бірнеше ұл мен қыз академияға шақырылды. Менің білуімше, шамамен он шақты бала BFL арқылы клуб жүйесіне өтті.

Изат бұрын медианың балалар спортына әсерін толық бағаламағанын мойындайды.
— Бұрын мен үшін ең маңыздысы турнирдің дұрыс ұйымдастырылуы еді. Ал QOFA мен Freedom келгеннен кейін медиа — болашақ екенін түсіндім. Трансляциялар, сұхбаттар, бейнероликтер, фотосуреттер, әлеуметтік желілер — мұның бәрі турнирдің ажырамас бөлігіне айналды.Қазір кез келген орта деңгейдегі турнирді әлем чемпионаты сияқты көрсетуге болады. Оның үстіне біздегі ойындардың өзі қызықты.
Бұл әсіресе балаларға ерекше әсер етеді.
— Олар камераға түсуді, сұхбат беруді, үздік сәттер топтамасына енуді армандайды. Әлеуметтік желілерді бақылап, трансляцияларды қайта көреді, бір-біріне жібереді. Олар өздерін үлкен жобаның бір бөлігі ретінде сезінеді.
Алдағы жазғы маусымда Қарағандыда жаңа 8+1 форматын енгізу жоспарланып отыр.
— Бұл үлкен футболға әлдеқайда жақын формат: алаң кеңірек, ойыншылар көп, тактикалық элементтер де күрделірек. Бірақ бұл барлық жас санатына арналмайды. 2016–2017 жылы туған балалар үшін ең бастысы — доппен жиі ойнау және ойынды сезіну.
«Жақсы төреші — ережені ғана білетін адам емес». BFL төрешілерді қалай дайындайды
Freedom BFL-дегі тағы бір маңызды бағыт — төрешілерді даярлау. Бұл жұмысты үйлестіретін Берхат Жаметтің айтуынша, бүгінде төрешілерге қойылатын талаптар айтарлықтай жоғары.
— Қазір Freedom BFL төрешілеріне жай ғана ысқырық ұстаған адам ретінде қарамайды. Олар жарыстың толыққанды қатысушысы. Ең алдымен төреші жақсы физикалық дайындықта болуы тиіс. Ойын қарқыны жоғары болғандықтан, әр эпизодқа үлгеріп, дұрыс позиция таңдауы қажет. Сонымен қатар футзал мен шағын футбол ережелерін терең білуі керек.
Бірақ білімнің өзі жеткіліксіз.
— Төреші өз шешіміне сенімді болуы, эмоцияға берілмеуі және ойынды толық бақылауда ұстай білуі керек.

BFL дайын төрешілерді ғана шақырмайды, оларды өз ішінде тәрбиелейді.
— Аптасына екі рет кәсіби нұсқаушымен дене дайындығы бойынша жаттығу өтеді. Әр турдан кейін барлық даулы эпизодтар талданып, қателіктер сараланады.
Берхаттың айтуынша, жас төрешілердің негізгі мәселесі білімнің жетіспеуі емес, өзіне деген сенімнің аздығы.
— Көпшілігі бастапқыда өз шешіміне күмәнданады немесе ойыншылар мен жаттықтырушылардың қысымына төтеп бере алмай қалады. Кейде дұрыс шешім қабылдайды, бірақ оны сенімді түрде түсіндіре алмайды. Сондықтан біз төрешілерді тек ережеге емес, өз ұстанымын қорғауға да үйретеміз.
Жақсы төреші — тек ережені білетін адам емес. Ол ойынды, атмосфераны басқара алатын маман болуы керек.

«Егер біз жасамасақ, онда кім?» Өңірдегі балалар футболын өзгерткен адамның тарихы
Сәкен Әбдікәрімұлы Қарибаев — меценат әрі кейіннен BFL-ге айналған футбол қозғалысының бастауында тұрған негізгі тұлғалардың бірі. Оның футболдағы жолы балалар лигасынан әлдеқайда бұрын басталған.
— Біз достарымызбен жай ғана футбол ойнайтынбыз. Қай жерден зал табылса, соны жалға алатынбыз. Кейін облыстық футзал чемпионатына өз командамызды қосуды ұйғардық.
Алғашқы маусымдар қиын өтті. Бірақ біз мойымадық.Тек қана алға қарадық.Сеніммен қарадық.
— Бірінші жылы тәжірибеміз аз болды. Бірақ кейін жастарды тартып, құрамды күшейтіп, бірінші лигада чемпион атандық. Кейін жоғары лигада ұзақ жылдар бойы ойнап, облыс чемпионы болдық.

Уақыт өте келе негізгі мәселе инфрақұрылым екені анық байқалды.
— Залдар жетіспейтін. Кейде түннің бір уағында ғана бос уақыт табылатын. Сол кезде өз залымды салу керек екенін түсіндім. «Альянс Банктен» несие алып, 32-ші орамда құрылыс бастадық. Дәл сол кезде 2008 жылғы дағдарыс басталып, құрылыс тоқтап қалды. Кейін достарым көмектесіп, нысанды аяқтадық.
Кейін бұл бір команданың ғана емес, тұтас жүйенің негізіне айналды.
— Зал іске қосылған соң турнирлер ұйымдастырып, екінші және үшінші лигаларды өткіздік. Командалар көбейді.

Сәкен Әбдікәрімұлы үшін бұл ешқашан бизнес болмаған.
— Қазақстанда бұқаралық спорттан пайда табу өте қиын. Мен үшін бұл әрқашан әлеуметтік жоба болды. Достарым мен курстастарым қаржылай және ұйымдастырушылық жағынан көмектесіп келеді. Неге? Егер біз жасамасақ, онда кім жасайды?Өзі мамандығы бойынша хирург болғандықтан, қоғамға пайдалы іс жасауды өмірлік ұстанымына айналдырғанын айтады.Балалардың өсіп, кейін ересектер командасында ойнап жүргенін көру — үлкен бақыт.
Лиганың болашағы туралы сұраққа ол қысқа ғана жауап берді.
— Мен алыс болашақты ойлай бермеймін. Біз жай ғана дамуды жалғастырып келеміз. Жаңа форматтар, жаңа алаңдар, жаңа турнирлер пайда болады. Ең бастысы — бұл процесс тоқтамауы керек.
Ал неге әлі күнге дейін футболға қаржы құясыз деген сұраққа оның жауабы да қарапайым болды.
— Мен әрқашан қоғамға пайдалы іс жасағым келді. Қазір өзіңмен бірге 15–20 жыл бойы жүрген балалардың енді өз балаларын осы лигаға әкеліп жүргенін көргенде, бұл ерекше сезім сыйлайды.
Осыдан кейін балалар бағытын дамыту идеясы келді.
— Бізде өз мектебіміз ашылған соң Мәди жұмысқа келді. Кейін ол балалар арасындағы жеке чемпионат ұйымдастыруды ұсынды. Сол кезде облыстық балалар чемпионаты жоқтың қасы еді. Бастапқыда бірнеше команда ғана болды. Кейін ата-аналар қосылды, балалар турнирлерге қатыса бастады.
Келесі маңызды қадам инфрақұрылымды дамыту болды.
— 2021 жылы Ермеков көшесінде жасанды жабыны бар жабық манеж салдық. Бұл балаларға жыл бойы жаттығуға мүмкіндік берді. Кейін Қарбышев көшесінде тағы бір кешен аштық.
Сонымен қатар қаладағы бірнеше ескі спорт алаңы қайта жөнделді.
— Біз қараусыз қалған үш алаңды қалпына келтірдік. Соның бірі қазір тұрғындарға әрдайым тегін ашық.

Басқа жаңалықтар
Саранда жас футболшылар арасындағы «Достық – 2026» турнирі мәресіне жетті.
Саран қаласының «Сұңқар» стадионында Қарағанды, Саран және Теміртау қалаларынан келген алты команда өзара бақ сынасты.

Қарағандыда FREEDOM FUTSAL BFL AWARDS қорытынды марапаттау кеші өтті
Шара барысында маусым бойы жоғары нәтиже көрсеткен командалар, үздік ойыншылар мен арнайы номинация иегерлері марапатталды.

Қарағанды облысы кубогы 2026: «Дорожник» пенальти сериясында жеңіске жетіп, чемпион атанды
Биылғы додаға облыстың әр өңірінен 14 команда қатысып, Теміртау, Абай, Саран, Бұқар жырау, Осакаровка, Шет және Қарағанды қалаларының ұжымдары өзара мықтыны анықтады.

О.В. Миляевты еске алуға арналған республикалық турнир аяқталды
Саранда өткен республикалық турнирге 2013 жылы туған жасөспірімдерден құралған 12 команда қатысты.
