ALGA! жобасының түлектері үлкен футболдағы алғашқы қадамдарын жасады
Әлімхан Ермеков атындағы кубоктың жеңімпазы атанған №19 жалпы білім беретін мектептің оқушылары ALGA! жобасының арқасында жаңа белестерді бағындыруды жалғастыруда.

Мектеп турнирінде сәтті өнер көрсеткен соң команда Астана қаласында өткен «Балдәурен» республикалық турниріне қатысты. Егер ALGA! турнирінде қыздар алаңда «лимитті ойыншылар» ретінде өнер көрсетсе, «Балдәуренде» №19 мектептің оқушылары алғаш рет бір мектептің атынан шыққан толыққанды қыздар командасы ретінде бақ сынады.
Бұл турнир жас футболшылардың дамуындағы маңызды кезеңге айналды. Жарысқа дайындық барысында «Шахтер» ФК скауттары талантты ойыншыларды байқап, бірден он қызды клуб академиясына шақырды. «Балдәурен» аяқталғаннан кейін олардың барлығы қарағандылық команданың базасында жаттығуға кірісті.

Тағы бір ескеретіні ALGA! жобасының алғашқы түлектерінің Freedom BFL турниріндегі дебюті болды. Онда олар ұлдарға қарсы ойнау мүмкіндігіне ие болды. Мұндай тәжірибе жас спортшыларға жоғары бәсекелестік ортаға тезірек бейімделуге және өз шеберліктерін шыңдай түсуге көмектеседі.
Жас футболшылардың отбасылары үшін академияға шақырту алу нағыз мерекеге айналды. Дильназ Асанның анасы — Аяужан Жапарова өз әсерімен бөлісті:
«"Шахтердің" қыздар командасына шақырылғанын білгенде, баламыз үшін шексіз қуаныш пен мақтаныш сезімін сезіндік. Қызым алаңға алғаш шыққандағы эмоцияларды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әрине, аздап уайымдадық, бірақ сонымен бірге оның алаңға нық қадаммен шыққанын көріп, үлкен мақтаныш сезімін бастан өткердік. Бұл мен үшін ең ұмытылмас сәттердің бірі болды».
Аяужан Жапарова
Жас футболшылардың талпынысы мен еңбегіне «Шахтёр» футбол клубы әйелдер академиясының жаттықтырушысы Юлия Бут та жоғары баға берді. Оның айтуынша, дебюттік матчқа дейін ол қыздардың жаттығу барысындағы жұмысқа деген көзқарасын, дамуға деген ынтасын және жаңа талаптарға қаншалықты бейімделетінін мұқият бақылаған.
«Әдетте қыздар жаңа командаға алғаш келгенде, ортаға үйренісу үшін уақыт қажет болады. Олар қобалжиды, қателесуден қорқады, бастама көтеруге именеді. Бірақ ALGA! жобасының қатысушыларында мұндай болған жоқ. Олар алғашқы жаттығудан-ақ жұмысқа ашық болды, жаңа жаттығуларды орындаудан қорықпады, түсінбеген жерлерін сұрап отырды. Жаттықтырушы үшін бұл – баланың дамуға және жаңа білім алуға деген шынайы ынтасының белгісі».

Ол сондай-ақ ALGA! жобасының әйелдер футболын дамытудағы маңызын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, жоба қыздардың мектеп қабырғасында жүріп-ақ футболмен танысуына, алғашқы базалық дағдыларды меңгеруіне және кәсіби спортқа алғашқы қадам жасауына мүмкіндік береді.
Жас футболшыларға үндеу жасаған жаттықтырушы оларға мынадай тілек айтты:
"Әрбір қызға айтарым: арманшыл болудан қорықпаңыздар. Егер футболды шын жүрекпен жақсы көрсеңіздер, армандарыңызға соңына дейін ұмтылу керек. Мейлінше жаттығуларды жіберіп алмай, сәтсіздіктерден кейін тоқтап қалмай және өзгенің жетістігіне қарап емес, күннен-күнге өз-өздеріңізді дамытуға ұмтылыңыздар дегім келеді"
Юлия Бут

№19 мектеп командасының жетістігі – ALGA! жобасының жас футболшыларға үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын тиімді алаң екенін дәлелдейді. Мектепішілік жарыстардан бастап кәсіби клуб академиясына шақырту алғанға дейінгі маңызды жолды бағдарламаның алғашқы түлектері сәтті еңсерді.
Бұл – олардың талабы мен еңбегінің ғана емес, жобаның да нақты нәтижесінің көрінісі. Енді алда жас футболшыларды жаңа белестер мен жарқын жетістіктер күтіп тұр. Жас өрендерге сәттілік тілейміз! Армандарыңыз асқақ, қадамдарыңыз нық болсын!
Басқа жаңалықтар
ALGA! жобасының оқушылары республикалық футбол турниріне қатысты
Қарағанды қаласындағы №19 мектептің оқушылары 1–5 маусым аралығында Астанада өткен «Балдаурен» республикалық футбол турниріне қатысты.

XXV қалалық «Жаңа буын» футбол турнирі өз мәресіне жетті
Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен жарысқа өңірдің 21 мектебінен 2011–2012 жылы туған жасөспірімдер командалары қатысты.

Қарағандыда оқушылар арасында алғашқы ALGA! футбол турнирі өтті
Жарыс Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінде ұйымдастырылып, оған ALGA! жобасына қатысушы мектептердің 3–4 сынып оқушыларынан құралған 8 команда қатысты.

Қарағандыда жаңа арт-нысанның авторлары марапатталды
ALGA! жобасы аясында ұйымдастырылған мурал эскиздерінің ашық байқауы өз мәресіне жетті.
