«Абай» ФК – Қазақстан әуесқой лигасының финалында Қарағанды облысының намысын қорғайды
Қарағанды облыстық футбол ассоциациясы (QOFA) облыс атынан Қазақстан чемпионатына қатысатын «Абай» футбол клубының сапарына қаржылай қолдау көрсетеді.

QOFA қызметінің басты бағыттарының бірі – аймақ тұрғындары арасында бұқаралық футболды насихаттау, жынысына не жасына қарамастан әрбір жанға тең мүмкіндіктер жасау. Осыған байланысты ассоциация жергілікті әуесқой клубтарға қолдау көрсетіп, олардың республикалық деңгейде ойнауына жағдай жасауды мақсат етеді.
Биыл Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен алғаш рет «Қазақстан әуесқой лигасы» ұйымдастырылды. Алғашқы маусымда 250-ден астам команда және 6 мыңнан аса ойыншы бақ сынауда. Чемпион атанған команда тек қана құрметті атаққа ие болмай, сонымен қатар Қазақстан Кубогына қатысу, UEFA Аймақтар кубогында ел намысын қорғау және Қазақстанның Екінші лигасына жолдама алу мүмкіндігіне ие болады.

Қарағанды облысының іріктеу кезеңінде жеңімпаз атанған «Абай» футбол клубы тәжірибесі мол ойыншылар мен жас буынды біріктірген ұжым ретінде көзге түсті. Команда сапында 1988 жылы туған футболшылардан бастап 2007 жылғы жасөспірімдерге дейін бар. Енді олар Жетісу облысында өтетін ақтық кезеңге жолдама алып, еліміздің үздік 16 әуесқой клубымен бақ сынайды.

Айта кету керек, регламент бойынша барлық шығын – жол ақысы, жатын орын, тамақтану және бір төрешіні іссапарға шығару – командалардың өз мойнына жүктелген. Бұл әуесқой ұжым үшін айтарлықтай қаржылық ауыртпалық.
Осыған байланысты QOFA өңірдің үздік әуесқойларын қолдау туралы шешім қабылдап, аталған шығындарды өз мойнына алды. Футболшылардың жол, тамақ және тұру шығындарын жабуға Freedom Holding Corp. қаржы бөлді.

Жақын күндері «Абай» футбол клубы ойыншыларының арнайы формасы таныстырылады. Ал «Қазақстан әуесқой лигасының» финалдық кезеңі 1 қазан күні басталады.
Басқа жаңалықтар
15 наурызда республикалық референдум бойынша дауыс беру өтеді
Қазақстан Республикасы азаматтары жалпыұлттық дауыс беруге қатысады

Қарағандыда Арлан Туркеновты қолдауға арналған қайырымдылық жәрмеңкесі өтті
Қала тұрғындары емге қаражат жинауға белсене атсалысты

QOFA Виктор Иванович Бобровтың өмірден өтуіне байланысты көңіл айтады
Ар-намысы биік, өмірін қарағандылық футболға арнаған тұлға

«Шахтёр» ФК ойыншылары балалар футболының болашағы туралы
Клуб ойыншылары ерте даярлық пен жарыс тәжірибесінің жас футболшылар үшін шешуші рөл атқаратынын атап өтті
