Қарағандылық «Шахтёр» клубының ойыншысы KPL гранд-финалының чемпионы атанды
Қарағанды қаласындағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығы Қазақстан тарихындағы жаңа цифрлық спорт кезеңінің куәсі болды. Мұнда еліміздегі тұңғыш ресми ұлттық киберфутбол лигасы — eKPL алғашқы маусымының гранд-финалы өтті.

Бұл оқиға отандық киберспорт индустриясының дамуына жаңа серпін берген маңызды белес. Маусым үш кезеңнен тұрды: клубішілік іріктеу, онлайн чемпионат және Қарағандыда өткен шешуші LAN-финал.
Финалдық кезеңге Қазақстанның сегіз клубының үздік өкілдері жолдама алды. Олардың қатарында «Шахтёр», «Қайрат», «Ұлытау», «Ертіс», «Атырау», «Қайсар», «Астана» және «Жеңіс» командалары болды. Барлық ойындар плей-офф жүйесімен, BO1 форматында және 9 минуттық таймдармен өтті.

Үшінші орын үшін «Ұлытау» мен «Жеңіс» командалары кездесіп, ұлытаулық Амир Джелкибаев жүлделі үшінші орынды иеленді.
Ал гранд-финалда «Қайрат» өкілі Олжас Есентаев пен «Шахтёр» ойыншысы Данияр Шарабадин чемпиондық атақ үшін бақ сынады. Нәтижесінде жерлесіміз турнир жеңімпазы атанып, eChampions League халықаралық турниріне жолдама алды. Енді ол мамыр айында Англияда Қазақстан намысын қорғайды.
Турнир жеңімпазы Данияр Шарабадин өз әсерімен бөлісті:
10 жылдан бері футболдамын, былтырдан бері киберфутболға бет бұрдым. Әдетте, футболда барлығы командалық ойынға байланысты болады. Мұнда бәрі өз қолыңда – жеңіс те, жеңіліс те. Сол жағымен ерекше қызық.
Данияр Шарабадинов

Қарағанды облыстық футбол ассоциациясы бұл жобаның негізгі қолдаушыларының бірі. QOFA әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы Данияр Кәрібаев ұйымдастырушыларға өз алғысын білдірді: "Бүгін біз Орталық Азия тарихындағы ерекше оқиғаның куәсі болып отырмыз.Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының атынан айтарым: біз бұл жобаны жайдан жай қолдап отырған жоқпыз. Киберспорт — бұл тек ойын емес. Бұл — жаңа индустрия, футболдың, аналитиканың, жылдам ойлау мен командалық жұмыстың жаңа форматы. Осы орайда, іс-шараның өтуіне қолдау білдірген Қарағанды облысының әкімдігіне, ұйымдастырып отырған UEL TEAM ұжымына және Қазақстан футбол федерациясына шынайы алғысымызды білдіреміз. Бүгінгі финалдың тағы бір маңызды тұсы — залда біздің Phygital CyberLeague жобасының балалары отыр. Бұл біз үшін өте маңызды сәт. Біз олардың өз көзімен деңгейді, атмосфераны, ұйымдастыруды көргенін қалаймыз. Сол арқылы киберспорттың тек ойын емес, үлкен еңбек, тәртіп және мақсат екенін түсінсін дейміз."

Қазақстан футбол федерациясының өкілі Алишер Қайырбеков те киберфутболдың дамуына тоқталды: eKPL футболдың тек алаңмен шектелмейтінін, цифрлық кеңістікте де қарқынды дамып жатқанын көрсетеді. Футзал немесе жағажай футболы сияқты, киберфутбол да спортты дамытудың және жаңа аудиторияны тартудың тағы бір формасына айналып келеді.

Шоу-бағдарлама, интерактивті элементтер және жанкүйерлер арасында өткізілген ұтыстар турнирге мерекелік атмосфера сыйлады. Жалпы, eKPL лигасының алғашқы маусымы Қазақстандағы футбол мәдениетінің цифрлық бағытта дамуына жаңа серпін беріп, киберспорттың ел болашағында маңызды орын алатынын айқын көрсетті.
Басқа жаңалықтар
Freedom QJ League семинары: жаңа маусымға дайындық алаңы
Қазақстандағы жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған Freedom QJ League аясында арнайы семинар өтті.

Елордада QJ League жаңа маусымының шымылдығы ашылды
Астанада Freedom QJ League-тің жаңа маусымына арналған ресми ашылу рәсімі өтті.

«Шахтёр» жаңа кезеңге қадам басты
Қарағандыда “Шахтёр” футбол клубының биылғы маусымына арналған ресми таныстырылымы өтті.
Тимур Турлов «Парасат» орденімен марапатталды
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов ел дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар табыстады
