QOFA не салып жатыр: академия, жабық манеждер және сегіз жаңа футбол алаңы
QOFA ұйымы Freedom компаниясымен және Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесіп өңірдің футбол инфрақұрылымын дамытуда. 2029 жылға дейін жүзеге асырылатын жоба аясында 15 нысан салу жоспарланған.

Оның қатарында футбол алаңдары, жабық манеждер және заманауи футбол академиясы бар. Бағдарламаның басты мақсаты – балаларға өздері тұратын жерге жақын жерде, жыл бойы сапалы алаңдарда жаттығуға мүмкіндік жасау.
Жобаның ең ірі нысаны – Қарағанды қаласында бой көтеріп жатқан футбол академиясы. Академия құрамына 3500 орындық стадион, FIFA талаптарына сай сертификатталған жасанды жабыны бар үш толық өлшемді футбол алаңы, жабық манеж, оқу корпусы және интернат кіреді. Облыстың кез келген қаласы мен ауданынан келген тәрбиеленушілер бір аумақта тұрып, білім алып, жаттығатын болады. Бұл – әлемнің жетекші футбол клубтары академияларының үлгісі бойынша жүзеге асырылатын жоба. Алаңдардың сапасы халықаралық деңгейдегі матчтарды өткізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Академияның іргетасы толық дайын. Интернат пен оқу корпусының құрылысы жалғасып жатыр.
Сонымен қатар, Қарағандыдағы «Шахтер» стадионы да жаңаша кейіпке енеді. Алдымен көгал толық ауыстырылды. Келесі кезеңде стадионның ішкі және сыртқы инфрақұрылымы қайта жөнделеді. Сондай-ақ стадион аумағында облыстағы алғашқы жабық футбол манежі салынады. Кейін осындай манеждер Теміртау, Шахтинск, Саран және Балқаш қалаларында бой көтереді. Бұл жоба өңір футболы үшін ерекше маңызға ие. Себебі қазіргі таңда жас футболшылардың маусымы қазан айында аяқталса, жабық манеждердің іске қосылуы жаттығу үдерісін жыл бойы үздіксіз жүргізуге мүмкіндік береді.

Бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты – облыс қалаларында баршаға қолжетімді жаңа футбол алаңдарын салу. FIFA Quality стандартына сәйкес келетін жасанды жабындысы бар жеті жаңа алаң Саран, Балқаш, Приозерск, Теміртау, Абай, Шахтинск және Шахан елді мекендерінде бой көтереді. Алғашқы алаңның құрылысы қазірдің өзінде Саран қаласындағы №17 гимназия аумағында басталды. FIFA Quality сертификаты жабынның жоғары сапасын растап отыр. Мұндай алаңдар жаттығулар мен ресми кездесулер өткізуге жарамды әрі ұзақ жылдар пайдалануға есептелген.

Бағдарлама аясындағы алғашқы нысандар 2026 жылдың төртінші тоқсанының соңына дейін пайдалануға беріледі. Олардың қатарында Сұрыптау ауданындағы «Локомотив» стадионы мен Саран қаласының стадионы бар. «Локомотив» стадионына алғаш рет жарықтандыру жүйесі орнатылып, кешкі уақытта да жаттығулар мен матчтар өткізуге мүмкіндік болады.

Бүгінде Қарағанды облысында футболмен 32 мыңнан астам адам айналысады. Оның шамамен 10 мыңы ауылдық жерлерде тұрады. Өңірде 100-ден астам команда өнер көрсетеді. Ал Freedom Balalar Football League және ALGA! мектеп жобасы аясында әр маусымда мыңдаған балалар бақ сынайды. Жаңа футбол алаңдары, жабық манеждер мен заманауи академияның салынуы – әрбір жас футболшының сапалы жағдайда тұрақты жаттығып, өз шеберлігін шыңдауына мүмкіндік беретін маңызды қадам.
