Аймақтық футболдың жаңа кезеңі
Қарағандыда QOFA қызметінің қорытындылары шығарылып, футболды дамыту жоспарлары бекітілді

Бүгін, 15 желтоқсанда, Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының (QOFA) атқару комитетінің отырысы өтті. Жиында 2025 жылдың тамыз–желтоқсан айлары аралығындағы атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалып, өңірдегі футболды дамытудың алдағы жылдарға арналған негізгі бағыттары мен жоспарлары қаралды және бекітілді.

Отырыс барысында аймақтық футболды дамытудың барлық негізгі бағыттары қамтылды — бұқаралық және мектеп футболынан бастап, спорттық резервті даярлау, инфрақұрылым, төрешілік, цифрландыру және әлеуметтік бастамаларға дейін.
Есептік кезеңдегі басты жобалардың бірі — ALGA! мектеп футболы болды. Жоба 2025 жылдың қыркүйек айында іске қосылып, пилоттық форматта Қарағанды, Саран, Теміртау және Абай қалаларындағы 10 мектепті қамтыды. Сабақтарға шамамен 2 мың бала қатысып, 60-тан астам мұғалім оқудан өтіп, UEFA D санатындағы лицензияларға ие болды.

Төрт ай ішінде жоба аясында ашық сабақтар, оқыту семинарлары, медиа-күндер және футбол амбассадорларымен кездесулер өткізілді. ALGA! жобасының фестивалі оқушыларды, мұғалімдерді, спорт мектептерінің өкілдерін және қоғам белсенділерін біріктірген маңызды оқиғаға айналды.
2026 жылы ALGA! жобасы жаңа кезеңге өтеді. Жобаға тағы 30 мектеп қосу жоспарланып отыр. Бұл футболға қатысатын балалардың санын арттырып, өңір бойынша мектеп футболын жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік береді.

«Бірнеше айдың ішінде біз негізгі жобаларды іске қосып, өңірдегі футболды жүйелі дамытуға негіз қаладық. ALGA! мектеп жобасы бүгінде мыңдаған баланы қамтып отыр және алдағы уақытта ауқымы кеңейеді. Сонымен қатар біз инфрақұрылымға, цифрландыруға және медиасүйемелдеуге инвестиция салудамыз. Біздің мақсатымыз — тұрақты, заманауи және ашық футбол экожүйесін қалыптастыру»
Тимур Турлов, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры
Спорттық резервті даярлау бағытында жарыстық ортаны дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Өңірде ресми мәртебеге ие Freedom Balalar Futbol Ligasy (BFL) іске қосылды. Лигада 159-дан астам команда және шамамен 3 000 бала бақ сынайды. Турнир бірнеше жас санатында өтеді және матчтар, статистика мен нәтижелердің цифрлық есебі жүргізіледі.
Қысқы маусым аяқталғаннан кейін Freedom BFL жазғы біріншілікке көшуді жоспарлап отыр, бұл жыл бойы үздіксіз жарыс жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Лига бұқаралық футболдан академиялар мен кәсіби деңгейге дейінгі түсінікті даму жолын қалыптастыратын жүйенің негізі ретінде дамуын жалғастырады.

«Балалармен жұмыс бір реттік шаралармен шектелмеуі тиіс. Біз оларды жыл бойы — футбол, киберспорт, фестивальдер мен тұрақты белсенділіктер арқылы қолдауды көздейміз. Балалардың спортты күнделікті өмірінің бір бөлігі ретінде сезінуі — біздің басты мақсатымыз»
Игорь Агафонов, QOFA даму жобаларының жетекшісі
Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесіп, өңір қалалары мен аудандарында жүзеге асырылатын инфрақұрылымдық жобалардың жинақталған кестесі ұсынылды. Бұған дейін кәсіби клубты ұстауға бағытталған қаражаттың бір бөлігі енді футбол инфрақұрылымын салу және жаңартуға бағытталатын болады.
2026 жылдан бастап өңірде бірқатар инфрақұрылым нысандарын салу және жаңарту жұмыстары басталады. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, футбол алаңдары, манеждер мен стадиондар, сондай-ақ жаттығу базасы мен академиялық инфрақұрылым дамытылады. Жобалар ұзақ мерзімге жоспарланған және жергілікті атқарушы органдар мен серіктестердің қатысуымен жүзеге асырылады.

Есептік кезеңде QOFA облыстық чемпионаттарға, футзал және футбол турнирлеріне ұйымдастырушылық, медициналық және медиа тұрғыда қолдау көрсетті.
Сондай-ақ төрешілікті дамыту бағдарламасы таныстырылды. Бағдарлама оқыту семинарларын, тұрақты жаттығуларды, төрешілерді санаттау жүйесін және «Жас төрешілер мектебін» қайта іске қосуды қамтиды. Бұл өңірде кәсіби әрі тұрақты төрешілер корпусын қалыптастыруға бағытталған.

QOFA маркетинг бағыты мен әлеуметтік жобалар бойынша да есеп берді. Ассоциация цифрлық арналардағы жұмысын күшейтіп, серіктестер желісін кеңейтті және интернаттар мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне арналған инклюзивті бастамаларды жалғастырды. Жыл бойы әртүрлі санаттағы балалардың қатысуымен фестивальдер, жаттығулар, турнирлер және өзге де іс-шаралар өткізілді. Бұл Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының әлеуметтік мақсатының маңызды бөлігіне айналды.
Атқару комитетінің отырысы QOFA Қарағанды облысында футболды дамытуға жүйелі және ұзақ мерзімді көзқарасын тағы бір мәрте растады. Бұл — мектеп және бұқаралық деңгейден бастап, өңірдің тұрақты спорттық экожүйесін қалыптастыруға дейінгі нақты даму жоспары бар кешенді жұмыс.
Басқа жаңалықтар
Аймақтық футболдың жаңа кезеңі
Қарағандыда QOFA қызметінің қорытындылары шығарылып, футболды дамыту жоспарлары бекітілді

Қарағандыда инклюзивті матч өтті
«Astana UNI» және «НОДА» командалары аймақтық адаптивті футбол бағдарламасы аясында жолдастық кездесу өткізді.

«НОДА» командасына жаңа спорттық форма табысталды
Команда парафутбол турнирлеріне қатысуды жалғастырып, алдағы ойындарға дайындалып жатыр

Владимир Асылбаевты еске алуға арналған ашық қалалық турнирі
Турнир биыл да өз дәстүрін сақтап, маңыздылығын және жоғары спорттық деңгейін айқын көрсетті
