ҚОФА Жаңалық
Карағанды облыстық футбол Ассоциациясы
Ассоциациясы

Елордада QJ League жаңа маусымының шымылдығы ашылды

Астанада Freedom QJ League-тің жаңа маусымына арналған ресми ашылу рәсімі өтті.

Елордада QJ League жаңа маусымының шымылдығы ашылды

Ауқымды жиынға лиганың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турлов, президенті Рохус Шох, сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясының  бас хатшысының м.а. Александр Кеплин мен өңірлердегі футбол ұйымдарының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында лига президенті Рохус Шох биылғы маусымдағы негізгі жаңашылдықтарға тоқталды. Оның сөзінше, QJ League жыл сайын дамып, ауқымын кеңейтіп келеді. Биыл төрт жас санаты қамтылады, соның ішінде U-15  алғаш рет қосылып отыр. Ал U-16, U-17 және U-18 жас ерекшеліктеріндегі командалар өз бәсекесін жалғастырады. Енді жасөспірімдер арасындағы жарыстар толықтай лига құзырында болады. Бұл – үлкен сенім мен зор жауапкершіліктің белгісі.

 

Whatsapp Image 2026 04 06 At 16.08.11

Александр Кеплин лиганың тек ойыншыларды ғана емес, футбол саласындағы мамандарды да даярлауда маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті. 

Бұл жоба алаң сыртындағы мамандардың дамуына да үлкен мүмкіндік береді. Біз бұл бастаманың ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталғанын алғаш күннен-ақ түсіндік. Әлемдік тәжірибеде мұндай жобалар 8–10 жылдан кейін ғана жемісін береді. Алайда QJ League қысқа уақыт ішінде айтарлықтай ілгеріледі.

Александр Кеплин

Шынында да, төрт жыл ішінде лига ел футболына тың серпін беріп үлгерді. Осы уақыт аралығында 1000-ға жуық матч ұйымдастырылып, тек өткен маусымның өзінде 5 турнир өткізілді. Оның ішінде қыздар арасындағы алғашқы жарыс та бар. Бүгінде 1500-ден астам жас футболшы лига арқылы тәжірибе жинап, түрлі сапарларға шыққан. Сонымен қатар еліміздің әр өңірінде 17 оқыту семинары өткізіліп, 3000-нан астам жас маман даярланды.

QJ League басшысы Тимур Турлов өз сөзінде лиганың бүгінгі жетістіктері – жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті. 

Whatsapp Image 2026 04 06 At 16.08.12

Қазір Қазақстан футболында жарқырап көрініп жүрген көптеген ойыншылар – осы лиганың түлектері. Біз үшін бұл тек спорт емес, бұл – болашақ, денсаулық және тұтас индустрия. Бүгін футбол ойнап жүрген әрбір бала ертең кәсіби ойыншы болмауы мүмкін, бірақ олардың арасынан білікті жаттықтырушылар, менеджерлер шығады. Елге дәл осындай мамандар қажет.

Сондай-ақ, лига аймақтық футбол инфрақұрылымының дамуына да оң әсерін тигізіп отыр. Өңірлік билік өкілдері жасөспірімдер футболына ерекше назар аудара бастады. Соның нәтижесінде бірқатар қалаларда стадиондар мен жаттығу базалары жаңартылып, жас спортшыларға қолайлы жағдай жасалуда.

Whatsapp Image 2026 04 06 At 16.02.09 (1)

Биыл QJ League жаңа серіктестіктермен де толықты. Жобаға Freedom Bank, SCAT Airlines және UNICEF қосылып, ел футболын дамытуға үлес қоспақ. Соның аясында 2000-нан астам ойыншы арнайы футбол дизайнымен жасалған Freedom Bank карталарын алады. Алаңда өткізген әр минут үшін оларға 75 теңге көлемінде бонус есептеледі. Бұл – Қазақстан спортында алғаш рет жүзеге асып отырған бастама. Сонымен қатар қатысушыларға қаржылық сауаттылық бойынша арнайы сабақтар өткізіледі.

Жаңа маусымның алғашқы ойыны 18 сәуірде басталады. Осы күні Қызылордада өтетін «Қайсар» мен «Тобыл» командалары арасындағы кездесу лига тарихындағы мыңыншы матч болмақ.

Whatsapp Image 2026 04 06 At 16.02.09 (2)

Айта кетейік, аталған маңызды жиынға өңірлік спорт ұйымдарының өкілдері де белсенді қатысты. Солардың қатарында QOFA (Қарағанды облыстық футбол ассоциациясы) өкілдері де бар. Қарағанды облысында жасөспірімдер футболын дамытуға үлес қосып жүрген ұйым үшін бұл конференция тәжірибе алмасу, жаңа бастамаларды талқылау және лиганың алдағы жоспарларымен танысу алаңына айналды.

2026 жылғы маусым аясында еліміздің 18 өңірінен 2000-нан астам жасөспірімді қамтитын 6 турнир өткізу жоспарланған. QJ League осылайша қазақстандық футболдың болашағын қалыптастыратын маңызды алаңға айналып келеді.

Басқа жаңалықтар