Қарағандыда ерекше жандар арасында футболдан облыстық турнир өтті
Биыл осымен бесінші рет жалауын көтерген «Special Olympics» бағдарламасы аясындағы бұл жарысқа аймақтың арнайы мектеп-интернаттарынан, коррекциялық және әлеуметтік мекемелерінен жиналған спортшылар қатысты.

Аталған спорттық шараны Қарағанды облыстық футбол ассоциациясы (ҚОФА) мен «Қазақстандық Арнайы Олимпиада» қоғамдық бірлестігінің жергілікті филиалы бірлесіп өткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бесінші жыл қатарынан дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан бәсекенің басты мақсаты — ерекше қажеттіліктері бар жандарды оқшауламай, спорт арқылы қоғамға бейімдеу және инклюзивті орта қалыптастыру.

«Қазақстандық Арнайы Олимпиада» қоғамдық бірлестігі Қарағанды филиалының жетекшісі Ирина Эрзямкина бұл бағдарламаның спорттық нәтижеден бұрын, қатысушылардың өзіне деген сенімін арттыру үшін маңызды екенін айтады.
«Мына "Шахтер" стадионының жасыл алаңында әрбір қатысушы өзін нағыз чемпион сезінеді. Ерекше эмоцияға бөленеді. Осындай бірлескен жобалар арқылы біз шектеусіз мүмкіндіктер алаңын құрып жатырмыз. Футболдағы барлық бастамаларымызға әрдайым қолдап демеушілік ететін ҚОФА ұжымына ерекше алғысымды білдіремін.»
Ирина Эрзямкина

Жарыс алаңында бақ сынаған спортшылардың да бұл турнирге деген ықыласы ерекше. Көптен бері дайындалып, жасыл алаңға шыққан Аслан Лекеров өз әсерін жасырмады.
«Футбол — менің ең жақсы көретін спортым. Бұл турнирге біз өте ұзақ дайындалдық, бапкеріміз бізге көп көмектесті. Мұндай үлкен стадионда ойнау біз үшін нағыз мереке. Достарыммен бірге жеңіске жетіп, облыс құрамасына іліккім келеді. Бізге қолдау көрсетіп, осындай жарыс ұйымдастырған жандарға рақмет!»
Аслан Лекеров
Доп додасының қорытындысы бойынша бас жүлдені «Арлан» командасы иеленді. Екінші орынды «Сарань Спарта» місе тұтса, үшінші орын Пришахтинскіден келген «Сұңқар» командасына бұйырды. Оқ бойы озық шыққан «Арлан» футболшылары күзде Алматыда өтетін республикалық турнирге жолдама алды.
Айта кетерлігі, жеңімпаз атанған «Арлан» командасы бұған дейін де халықаралық жарыстарда бақ сынаған. Олар 2023 жылы Польшада өткен халықаралық бәсекеде екінші орын, ал, 2025 жылы өткен әлемдік додада төртінші орын алған болатын.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚОФА тарапынан арнайы кубоктармен, медальдармен және Freedom-нан естелік сыйлықтармен салтанатты түрде марапатталды. Барлық қатысушыларды жарқын ойындарымен құттықтаймыз және күзде Алматыда өтетін республикалық сынға аттанатын «Арлан» командасына тек сәттілік тілейміз!
Басқа жаңалықтар
Рух күші диагноздан күштірек: Футбол жаттықтырушысының шабыттандыратын әңгімесі
Инклюзивті футбол жаттықтырушысы Алмаз Асылбекұлы өзінің жұмысы, жиған тәжірибе және көрген білгенімен ағына жарыла бөліскен болатын.

QOFA өкілдері Қарағандыдағы жаңа экосаябақты көркейтуге атсалысты
Қарағанды қаласында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ауқымды көгалдандыру акциясы өтті.

Phygital: ерекше балалар үшін жаңа мүмкіндік
Қарағанды облысында phygital бағытындағы жобалар біртіндеп дамып келеді. Дәстүрлі футбол мен киберфутболды біріктіретін бұл формат бүгінде балалар мен жасөспірімдерге арналған маңызды әлеуметтік әрі спорттық бастамаға айналды.

QOFA Қарағанды студенттеріне BASTA! жобасын таныстырды!
Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы (QOFA) Қарағандыдағы жетекші оқу орындарының студенттерімен бірқатар кездесулер өткізіп, спорттық менеджмент саласындағы тағылымдама бағдарламасы — BASTA! жаңа жобасын ұсынды.
