ҚОФА Жаңалық
Карағанды облыстық футбол Ассоциациясы
Әлеуметтік жобалар

Жасымас жігер жеңіске жетелейді

Қарағандыда ерекше футзал командасы бар. «Пантера»– есту қабілеті шектеулі жігіттерден құралған ұжым. Олар үшін футбол – тек ойын емес, өздерін дәлелдеудің бір жолы.

Жасымас жігер жеңіске жетелейді

Команданың тарихы 2004 жылдан басталады. Мектепте бірге доп тепкен балалар бас қосып, алғаш рет Қазақстан чемпионатына қатысады. Сол жолы-ақ топ жарып, чемпион атанады. Содан бері команда тарамай, бірге ойнап келеді. Құрам жаңарғанымен, өзегі сақталған.

Пантера ойыншысы Мәукенов Береке Мейрамұлы футболға бала кезден ғашық. Оның айтуынша, бұл спорт оған эмоция мен шабыт береді.

86

Футбол – мен үшін жай ойын емес. Бұл – сезім, құлшыныс, өзіңді көрсету.

Берекенің өзі бұл командаға бірден негізгі ойыншы болып келген жоқ. 2010 жылы Қарағандыда өткен есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы ел чемпионатында ол екінші құрамда болған.

Ол кезде жас едім, көп ойнаған жоқпын, көбіне қосалқы құрамда отырдым. Бірақ шағымданбай, тәжірибе жинап, өзімді дамытуға тырыстым. Бір жылдан кейін жаттығуларға жиі қатысып, бапкердің көзіне түстім. Сөйтіп, 16 жасымда негізгі құрамға шақырту алдым. Өскеменде өткен чемпионатта жеңімпаз атандық. Бұл — менің алғашқы медалім еді. Қуанышымда шек болмады. Анам да қуанып, мені қатты құшақтап еді.

161

Алаңдағы қарым-қатынас бұл командада өзгеше. Ойыншылар бір-бірін ыммен, ишарамен түсінеді. Ал төрешілер шешімді жалауша арқылы білдіреді. Уақыт өте келе бәрі үйреншікті нәрсеге айналған.

Команданың ең үлкен жетістіктерінің бірі – 2019/20 жылғы маусымда ЛЛФ-ның «С» лигасында бірінші орын алуы. Бұл жеңіс оңай келген жоқ. Он жыл бойы жиналған тәжірибе мен еңбектің нәтижесі.

Әрине, қиындықсыз болмайды. Береке де бір кезде футболды тастап кеткісі келгенін жасырмайды.

Бірде жаттығу кезінде шығып кетіп, футболды тастағым келді. Бірақ кейін ойланып, олардың бәрі менің дамығанымды қалағанын түсіндім. Сол сәттен бастап мотивациям артып, алға жылжуды жалғастырдым.

29

Командада арнайы дәстүр жоқ. Олар бір-біріне тірек . Ойыннан кейін бірге отырып, қателікті талдайды. Әркім өз деңгейін көтеруге тырысады. Өйткені нәтиже – ортақ еңбек.

 Жақында «Пантера» үшін маңызды жаңалық болды. QOFA командаға жаңа ойын формасын сыйлады. Бұл жігіттерге үлкен серпін берді.

4

«Жаңа форма – жаңа жауапкершілік. Енді одан да жақсы ойнағымыз келеді», – дейді ойыншылар.

Қолдау бұл команда үшін аса маңызды. Жаттығу жасау, жарысқа қатысу, алға жылжу – бәрі соған байланысты. Соған қарамастан, жігіттер барын салып келеді.  Алда да жоспар көп. Ұлттық құрама сапында өнер көрсету, халықаралық жарыстарға қатысу – басты мақсаттардың бірі. Ал ең үлкен арман – тұрақты қолдау тауып, үлкен деңгейде ойнау. Бұл команда үшін футбол – өмірдің бір бөлігі.

Біз туралы ғана емес, жалпы есту қабілеті шектеулі жандар арасындағы футбол туралы көбірек білсе дейміз. Алда ұлттық құрамның жиындары мен Азия чемпионаты бар — соған дайындалып жатырмыз. Ешқандай шектеу мақсатқа жетуге кедергі емес екенін көрсеткім келеді. Ең бастысы — өзіңе сену, еңбек ету және алға ұмтылу.

Береке Мәукенов

1356

 Команда үшін жеңіс те, жеңіліс те – тәжірибе, ал әр ойын – өз-өзін дәлелдеудің мүмкіндігі. Уақыт өте келе бұл ұжым мінезі қалыптасқан, бірлігі бекем ортаға айналды. Бүгінгі «Пантераның» мақсаты – тек жергілікті жарыстарда нәтиже көрсету емес, үлкен алаңдарға шығу, ел атын халықаралық деңгейде таныту. Ол үшін оларға ең алдымен тұрақты қолдау мен мүмкіндік қажет.

Ал олар үшін ең маңыздысы: табандылық, сенім және бір-біріне деген адалдық. Осы қасиеттер «Пантераны» алға жетелеп келеді.

Басқа жаңалықтар