ҚОФА Жаңалық
Карағанды облыстық футбол Ассоциациясы
Төрешілер мектебі

Алғашқы көмек көрсетпегендерге жаза барын білесіз бе?

Адам өміріне қауіп төнген сәтте ең қажеті – дер кезінде көрсетілген алғашқы көмек.

Алғашқы көмек көрсетпегендерге жаза барын білесіз бе?

Көшеде құлап жатқан адамды көргенде, спорт алаңында есінен танған баланы байқағанда немесе тынысы тарылып, дем ала алмай тұрған жанға тап болғанда – көпшілік абдырап қалады. Бірақ дәл сол мезетте жасалған ең қарапайым әрекет бір адамның тағдырын түбегейлі өзгертуі мүмкін.

Адамға көмектеспей өтіп кету –  бейжайлық қана емес, заң алдында жауапкершілік жүктейтін әрекет. Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексі бойынша, өміріне қауіп төнген адамды қараусыз қалдыру – қылмыс. Мұндай жағдайда айыппұл салынып, қоғамдық жұмысқа тарту немесе бас бостандығынан айыру жазасы да қолданылуы мүмкін. Яғни «менің қатысым жоқ» деп шет қалу – заңмен де, адамгершілікпен де ақталмайды. 

Осы тақырыпта Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының ұйымдастыруымен  арнайы оқыту тренингі өтуде.14–18 сәуір аралығында өткен сабақтарға 65 жаттықтырушы қатысып, төтенше жағдайда қалай әрекет ету керегін меңгерді. 

 Тренингті жүргізген дәрігер, алғашқы көмек нұсқаушысы Саят Қанатұлы үшін бұл бағыт – кездейсоқ таңдау емес. Ол студент кезінде болған бір оқиғаны ерекше еске алады. Бір күні құрбысы тамаққа қақалып, тынысы тарылып қалады. Қасындағылар не істерін білмей сасып қалған сәтте, ол кідірмей әрекет етіп, қарапайым тәсілдер арқылы көмектеседі. Сол бір жағдай оның өмірлік бағытын айқындап берген.

Медицинада жүргенде бір ойға келдім: адамдарға тек емдеу емес, ауыр жағдайға жетпей тұрып алдын алуды үйрету қажет. Көп жағдайда дұрыс берілген қарапайым көмек адамның өмірін сақтап қалады.

Саят Базарбай, оқытушы - нұсқаушы

Still 2026 04 15 144419 1.3.1

Оның айтуынша, алғашқы көмек көрсету мәдениеті ең алдымен қорқынышты жеңуден басталады. «Адамдар көбіне қателесіп қаламын деп қорқады. Бірақ ең үлкен қателік – еш әрекет жасамау», – дейді маман.

Тренингке қатысушылардың бірі, Жаңаарқа ауданынан келген жаттықтырушы Асанәлі Закерия да алған әсерімен бөлісті:

Бұл салада жүргеніме 8 жыл болды. Бірақ осы тренингтен кейін алғашқы көмекке деген көзқарасым түбегейлі өзгерді. Қандай жағдайда да дұрыс әрекет ету, уақытты есептеу, секундтың өзі маңызды екенін түсіндім. Балалармен жұмыс барысында бұл дағдылардың қаншалықты қажет екенін анық сезіндім. Өте пайдалы болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай оқыту бағдарламалары әсіресе спорт саласындағы мамандар мен жаттықтырушылар үшін аса маңызды. Себебі статистика бойынша дәл осы ортада жарақат алу қаупі жоғары, ал алғашқы минуттағы дұрыс әрекет шешуші рөл атқарады.

Спортта жүрген адамдар үшін бұл тренинг өте үлкен мүмкіндік. Жай жұмыста, оқуда жүрген адамдардан көрі спортта жүрген адамдар жиі жарақат алады. Сонда жағдайда толыққанды тез арада дұрыс көмек берсе адам өмірін сақтап қала алады. Көбі алғашқы көмек көрсетуге қорқады. Тек спортшылар, оқытушылар ғана емес, сонымен қатар дәрігерлерде де осындай кейде қорқыныш сезімі болады. Сондай кезде ең бірінші айтар кеңесім сабырлық сақтау.

Саят Базарбай, оқытушы - нұсқаушы

Алайда қоғамда «көмек» деген атпен тараған қате түсініктер де жетерлік. Мысалы, эпилепсия ұстамасы кезінде адамның аузын күштеп ашу, инсульт кезінде ине шаншу, күйікке май жағу – мұның бәрі қауіпті әрі қате әрекеттер. Мұндай тәсілдер көмектеспейді, керісінше, жағдайды ауырлатады.

Сондықтан ең маңыздысы – сабыр сақтау мен нақты білімге сүйену. Алғашқы көмек көрсету үшін дәрігер болу шарт емес. Бірақ қарапайым әрекеттерді білу – әр азаматтың міндеті.

Басқа жаңалықтар