Тимур Турлов Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының президенті
Қарағандыда бұқаралық және балалар-жасөспірімдер футболын дамытуға арналған төрт жылдық бағдарлама таныстырылды

18 тамыз күні Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының кезектен тыс конференциясы өтті.
Конференция жұмысына Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, өңірде бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ футболдың жастарды тартудағы негізгі бағыттардың бірі екенін ерекше жеткізді.
Жиында ұйым президентін сайлау ашық түрде өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов бірауыздан ассоциацияның президенті болып бекітілді.
Ол төрт жылға арналған стратегиялық бағдарламасын таныстырды. Бағдарлама негізгі бағыттарды қамтиды: бұқаралық және балалар-жасөспірімдер футболын дамыту, инфрақұрылым салу және жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру.

«Футболдың дамуы үшін жүйелі тәсілдер, ашық басқару және нақты нәтиже беретін мақсатты инвестициялар қажет. Осындай тәсілді жергілікті деңгейде де қолдану керек, сонда ғана өңірлік футбол жаңа мүмкіндіктерге және өрлеуге ие болады. Қарағанды - ерекше мінезі бар, мықты дәстүрлері қалыптасқан әрі спортқа деген шексіз махаббаты бар аймақ. Мұнда футбол жай ғана ойын емес, мәдени кодтың бір бөлігі»
Тимур Турлов

Жаңа бағдарламаның бастамаларының қатарында - мектептік футбол жобаларын іске қосу, қыздарға арналған әуесқой турнирлер мен фестивальдер өткізу, сондай-ақ қала мен ауылдарда шағын алаңдар салу бар. 2029 жылға қарай ассоциация бағдарламаларына 40 000-нан астам оқушы, 3 600 студент және жүзге жуық балабақша мен мектеп тартылуы жоспарлануда.
Бағдарламаның бөлек бағыты - спорттық резерв дайындау: футбол манеждерін және толық өлшемді алаңдар салу, қолданыстағы нысандарды жаңарту, сонымен қатар жаттықтырушыларға арналған семинарлар мен тренингтер өткізу. Үздік мамандарға UEFA лицензиясы бойынша оқуға және шетелдік тәжірибеге гранттар қарастырылған.
Бұған дейін Тимур Турлов Қарағандыда заманауи футбол академиясын салу жобасын ұсынған болатын. Академия құрамында 3 500 орындық стадион, манеж, жаттығу алаңдары, жатақхана және медициналық кабинеттер болады. Freedom Holding Corp. тарапынан өңір футболын дамытуға салынатын жалпы инвестиция көлемі 18,5 млрд теңгеден асады.

Тимур Турловтың Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының президенті болып сайлануы - өңірлік футбол қозғалысының дамуына жаңа кезең ашады.
Алдағы жылдары бұқаралық футболдың кеңеюі мен жастардың тартылуымен қатар, халықаралық стандарттарға сай инфрақұрылым қалыптасады деп күтілуде. Freedom QJ League тәжірибесі мен Турловтың спорттық бастамаларға тікелей қатысуы Қарағандыны Қазақстан футболының басты орталықтарының біріне айналдырады деген сенім бар.