«Біз үшін ең үлкен жеңіс – көмек көрсету»: QOFA vs Star Team
Жүлде үшін емес, өмір үшін. Қарағандыда QOFA мен Star Team арасында өткен қайырымдылық шоу-матчтың басты жеңісі – кішкентай Расул Түлкібаевқа көрсетілген көмек.

7 наурыз күні «Аманат» спорт кешенінде Freedom Holding Corp. қолдауымен QOFA мен Star Team арасында қайырымдылық шоу-матч ұйымдастырылды. Freedom қолдауымен ұйымдастырылған QOFA мен Star Team арасындағы қайырымдылық шоу-матч қала жұртшылығын бір мақсаттың төңірегіне біріктірді. Бұл кештің басты миссиясы – ахондроплазия диагнозы қойылған 8 жасар Расул Түлкібаевқа көмек көрсету. Балаға иық сүйектері мен сирақтарын ұзартуға арналған күрделі операция қажет.

Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы (QOFA) бұл кездесуді жай ғана матч емес, нағыз футбол мерекесіне айналдырды. Кеш басталмай тұрып-ақ спорт кешенінің фойесінде ерекше көңіл күй сезілді. Әуен ойнап, «Шахтёр» клубының маскоты балаларды қуантты. Айта кетейік, қайырымдылық шоу-матчтың ұйымдастырылуына Natige, Biosfera, Life Football, Qasym Kitap, Dodo Pizza және «Вода Хрустальная» компаниялары серіктес ретінде қолдау көрсетті. Олар түрлі сыйлықтар мен дәмдерге толы үстел әзірледі: пайдалы йогурттар, футбол атрибутикасы, кітаптар мен пиццалар таратылды. Сонымен қатар, фойеде Расулға көмек көрсетуге арналған реквизиттер орналастырылып, келген әрбір жан сол жерде-ақ қайырымдылық үлесін қоса алды.

Іс-шараның ашылуында жүргізуші сөз алып, көрермендерге Расул Түлкібаевтың тағдыры туралы әсерлі әңгімелеп берді. Ол кішкентай баланың өмірге деген жігерін, батылдығын атап өтіп, бұл кештің ең басты мақсаты – бір баланың сауығып кетуіне үлес қосу екенін жеткізді. Осыдан кейін көрермендер үшін шоу-бағдарлама басталды. Алдымен жанкүйерлер арасында көңілді интерактив ойындар ұйымдастырылды. Қатысушылардың міндеті – допты алаңның ортасына қойып, оның айналасында бес рет айналып, кейін қақпаға дәл соққы жасау. Қарапайым көрінген бұл тапсырма ойыншыларға оңайға соқпады. Көпшілікке бірнеше рет әрекет жасап көруге тура келді. Соған қарамастан, сайыс балалардың күлкісі мен қуанышына толы болды. Соңында барлық қатысушылар серіктестер дайындаған сыйлықтарға ие болып, трибунаға көтеріңкі көңіл күймен оралды.QOFA командасы сапында Freedom Football амбассадоры Темірлан Ержанович, қазақстандық өнер иесі Дидар Камиев, Баламырза және өзге де танымал тұлғалар алаңға шықты. Матч алдында Темірлан Ержанович бұл кештің маңызы туралы өз ойын білдірді:
Бүгінгі шоу-матчтың басты мақсаты – сырқаттанған ініміз Расулға көмектесу. Осы ниетпен “Аманат” аренасында ерекше кеш ұйымдастырып, Қарағандыдағы танымал жандарды – жұлдыздарды, футбол блогерлерін және түрлі саланың мамандарын шақырдық. Медиа саласында бірге жұмыс істейтін адамдармен бір алаңда ойнау – өз алдына үлкен қуаныш. Бірақ ең маңыздысы – барлығымыздың бір мақсатқа бірігуіміз, яғни Расулға көмектесу.
Темірлан ЕРЖАНОВИЧ, Freedom Football амбассадоры

Ойынның алғашқы таймы тартысқа толы өтті. Екі команда да шабуылға басымдық беріп, көрермендер төрт голдың куәсі болды. Үзіліске дейінгі есеп – 2:2. Алайда бұл кеште нәтиже екінші орында еді. Бұл туралы Дидар Камиев те ерекше атап өтті:
Бұл матч – ем-домға мұқтаж ініміз Расулға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған қайырымдылық шарасы. Алдымызда Наурыз мейрамы келе жатқан кезде осындай игі істі қолға алу туралы ой туды. Басты мақсатымыз – адамдарды біріктіріп, көмек көрсету. Егер соған қол жеткізсек, бұл – біздің ең үлкен жеңісіміз.
Дидар ҚАМИ, айтыскер ақын

Үзіліс кезінде көрермендерге OYUDANZ би ұжымы өнер көрсетті. Ал олардың әсерлі қойылымынан кейін ұйымдастырушылар Темірлан Ержановичтің қолтаңбасы қойылған арнайы жейденің ұтысын жариялады. Қатысу шарттары қарапайым: әлеуметтік желіде жазылып, репост жасап, белсенділік таныту.
Екінші тайм да жанкүйерлерді бейжай қалдырмады. Алаңда жылдам шабуылдар, әдемі комбинациялар, шебер пастар жиі көрінді. Баламырза Алиев пен Темірлан Ержанович ұйымдастырған ұтымды розыгрыштар көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Нәтижесінде екі команда да үш голдан соғып, негізгі уақыт 5:5 есебімен аяқталды. Буллиттер сериясында сәттілік QOFA командасының жағында болып, олар жеңіске жетті.
Алайда бұл кештің ең әсерлі сәті матчтан кейінгі көрініс болды. Алаңда қол соққан көрермендер, бір-бірін құшақтаған ойыншылар – барлығы бұл күні ең басты жеңіс бір баланың өмірін өзгерту екенін түсінді.
Кеш соңында ұйымдастырушылар іс-шараның өтуіне қолдау көрсеткен барлық серіктестерге, қатысушылар мен жанкүйерлерге шынайы алғыс білдірді. Командалар, қонақтар мен жұлдыздар бірге естелік суретке түсті. Іс-шара ұйымдастырушыларының бірі Елнұр Ербол кештің қорытындысы туралы былай дейді:
Алғашқы қайырымдылық шоу-матч сәтті өтті. Ең басты мақсатымыз – кішкентай Расулға көмектесу және көрермендерге жарқын эмоция сыйлау еді. Біздің бастамамызды қолдаған барлық серіктестерге, сондай-ақ Қазақстанның әр өңірінен келіп, Расулдың мәселесіне бейжай қарамайтынын көрсеткен жұлдыз-қатысушыларға алғыс айтамыз. Олар Қарағанды жұртшылығына тамаша кеш сыйлады.
Елнұр ЕРБОЛ, ұйымдастырушы

Бұл қайырымдылық кеші Қарағандыдағы спорт тек бәсеке мен нәтиженің айналасында ғана емес, қоғамды біріктіретін маңызды күш екенін тағы бір рет көрсетті. Бір алаңда футболшылар, өнер адамдары, блогерлер мен жанкүйерлер бас қосып, ортақ мақсатқа – кішкентай Расулға қолдау көрсетуге жұмылды. Ал алаңдағы голдар мен әдемі комбинациялар бұл кештің тек бір бөлігі ғана болды.
Басқа жаңалықтар
QOFA Қарағанды студенттеріне BASTA! жобасын таныстырды!
Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы (QOFA) Қарағандыдағы жетекші оқу орындарының студенттерімен бірқатар кездесулер өткізіп, спорттық менеджмент саласындағы тағылымдама бағдарламасы — BASTA! жаңа жобасын ұсынды.

QOFA жобалары «Жасыл толқын» эфирінде
«Жаңа FM» радиосындағы «Жасыл толқын» эфирінде QOFA ұйымының әлеуметтік жобалар бөлімінің жетекшісі Данияр Кәрібаев қонақ болды.

Жасымас жігер жеңіске жетелейді
Қарағандыда ерекше футзал командасы бар. «Пантера»– есту қабілеті шектеулі жігіттерден құралған ұжым. Олар үшін футбол – тек ойын емес, өздерін дәлелдеудің бір жолы.

BASTA! — жастарға жол ашатын тағылымдама
Қарағанды облыстық футбол ассоциациясында (QOFA) жас буынға мүмкіндік беретін жаңа жоба қолға алынды.
