XXV қалалық «Жаңа буын» футбол турнирі өз мәресіне жетті
Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен жарысқа өңірдің 21 мектебінен 2011–2012 жылы туған жасөспірімдер командалары қатысты.

Ширек ғасырлық тарихы бар дәстүрлі турнирдің басты мақсаты – жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, балаларды спортқа баулу және командалық рухты қалыптастыру. Турнирдің бас төрешісі Бағылан Қонақбаев жарыстың маңызына тоқталып, бұл дода тек спорттық бәсеке ғана емес, Шаймерден Оразалиновтың есімін ұлықтайтын маңызды алаң екенін атап өтті.
Бүгінгі турнирдің басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, балаларды спортқа баулу. Сонымен қатар бұл жарыс – ұлы тұлға Шаймерден Оразалиновты еске алуға арналған. Қарағандылықтар оның өңір мен республика тарихында өшпес із қалдырғанын жақсы біледі.

Ал жарысқа қатысушы жас футболшы Матвей Таку турнирдің өзі үшін ерекше маңызға ие екенін айтты.
Футбол – мен үшін өмір. Ағама қарап, футболға деген сүйіспеншілігім артты. Павел Таку Еуропа клубында бағын сынаған алғашқы қазақстандық футзалшы. Қазір бапкерлік қызметте жүр. Мен де бірнеше жылдан бері жаттығып келемін. Бұл турнирге екінші жыл қатысып отырмын. Өткен жылы төртінші орын алған едік.

Турнирдің жабылу салтанатына 1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасының қатысушысы, КСРО велоспорт құрамасының капитаны А.Г. Степаненко, турнирдің негізін қалаушылардың бірі В.Л. Громов, Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының басқарушы директоры Н.С. Бублинский, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің спорт секторының меңгерушісі Б.М. Досымбеков қатысты.

Қарағанды облыстық футбол ассоциациясы турнирдің дәстүрлі ұйымдастырушыларының бірі болды.
Бір аптаға созылған тартысты ойындардың қорытындысы бойынша Ыбырай Алтынсарин атындағы лицей чемпион атанды. №97 гимназия күміс жүлдеге ие болса, №19 жалпы білім беретін мектеп қола медаль жеңіп алды.
Турнир қорытындысы:
1-орын – Ы. Алтынсарин атындағы лицей
2-орын – №97 гимназия
3-орын – №19 жалпы білім беретін мектеп
Жеңімпаз командалар кубок, медаль, дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік, Шаймерден Оразалинов – Қарағанды қаласының әкімі қызметін атқарған, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ІІ және ІІІ шақырылымдарының депутаты болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол өңірде спорт саласының дамуына ерекше үлес қосып, жастар футболының дамуына қолдау білдірген тұлға ретінде ел жадында сақталған.
Басқа жаңалықтар
Қарағандыда оқушылар арасында алғашқы ALGA! футбол турнирі өтті
Жарыс Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінде ұйымдастырылып, оған ALGA! жобасына қатысушы мектептердің 3–4 сынып оқушыларынан құралған 8 команда қатысты.

Қарағандыда жаңа арт-нысанның авторлары марапатталды
ALGA! жобасы аясында ұйымдастырылған мурал эскиздерінің ашық байқауы өз мәресіне жетті.

Саранда шағын футболдан қысқы біріншілік мәресіне жетті
Саран қаласында 2025–2026 жылғы маусымдағы Қарағанды облысының шағын футболдан қысқы біріншілігінің салтанатты жабылу рәсімі өтті.

Ескі залдан — шабыт алаңына: ALGA! жобасы балалар спортына жаңа серпін сыйлады.
Қарағандыда ALGA! жобасы аясында белсенділік танытып, жоғары нәтиже көрсеткен Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейіне ерекше сый жасалды.
