Таптаурындарға қарсы тайталас
Жеңістің артында тек әсерлі ойын ғана емес, жүйелі жұмыс жатыр. Сұхбат барысында бапкер ойыншылардың мінезі қалай қалыптасатынын және өңірде әйелдер футболы қалай дамып келе жатқанымен бөліседі.

2026 жылдың 20–22 наурызы аралығында Қарағандыда Freedom Balalar Futbol Ligasy аясында Freedom Nauryz Cup 2026 турнирі өтті. 2017–2018 жылы туғандар санатында «Шахтёр қыздары» командасы топ жарып, чемпион атанды. Күміс жүлде «ЖасStars» ұжымына бұйырса, қола медаль «Балқаш» командасының еншісіне тиді.
Алайда бұл жеңістің салмағы тек жүлделі орындармен өлшенбейді. Қарағандылық қыздар ұлдармен бір турнирлік жүйеде бақ сынап, оларды айқын басымдықпен ұтты.
Жеке марапаттар да «Шахтёр» өкілдеріне бұйырды:
– Үздік қақпашы — Варвара Бубнова
– Үздік сұрмерген — Аянат Болатова
Команданың бас бапкері Юлия Бут жеңістің басты себебін былай түсіндіреді:
Біз мінездің арқасында жеңдік. Команда қайсар, соңына дейін күреседі. Жас футболшылар үшін дәл осы қасиеттер — тәртіп, табандылық және командалық рух — аса маңызды.
Ал команда капитаны Айзере Мирбек ойыннан кейінгі әсерімен бөлісті:
Ойын өте тартысты өтті. Әр ойыншы өз орнында барын салды. Қақпашымыз ерекше көзге түсті — қақпаны мінсіз қорғады. Біз бір команда ретінде ойнадық: біріміз — бәріміз үшін, бәріміз — біріміз үшін
Соңғы жылдары елдегі әйелдер футболы біртіндеп дамып келеді. Бір кездері ауыр қабылданған Францияға қарсы 0:12 сияқты нәтижелерден кейін ұлттық құрама өз ойынын жақсартып, ішкі чемпионаттағы бәсеке де күшейді.
2025 жылы көп жылдар бойы үстемдік құрған шымкенттік БИИК клубының гегемониясы үзіліп, чемпиондық тұғырға Ақтөбе командасы көтерілді. Бұл — ішкі біріншіліктің жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын белгісі.
Дегенмен, жүйелі мәселелер де жоқ емес. Қыздарға арналған турнирлер саны әлі де аз, көпшілігі футболға кеш — 12–13 жаста келеді. Инфрақұрылым, қаржыландыру және медиа назар жеткіліксіз.
Юлия Бут бұл тұрғыда:
Біздегі әйелдер футболына Еуропадағыдай медиа қолдау қажет. Балалар Instagram-нан көріп, шабыт алып, футболға келуі тиіс

Сонымен қатар, қоғамдағы гендерлік стереотиптер де қыздардың жолына кедергі келтіреді. Кейде ойын барысында «футбол — қыздарға арналмаған» деген секілді пікірлер мен орынсыз сөздер естіліп жатады.
Қарағандыдағы жүйе: тұрақтылық пен даму
Шахтёр академиясында әйелдер футболы жүйелі түрде дамып келеді. Бұл бағыттың негізі «Шахтёр ҚарГУ» командасынан бастау алып, 2019 жылы клуб құрылымына ресми түрде енді.
Қазіргі таңда академияда бірнеше жас ерекшелік топтары бар:
– 2026 жылы Қазақстанның Жоғары лигасында дебют жасайтын негізгі әйелдер командасы;
– QJ League додасында өнер көрсетіп жүрген жасөспірімдер;
– 2012–2013 жылғы топ (11×11 форматына көшу алдында);
– 2014–2015 жылғы қыздар (ел чемпионатында алғаш рет бақ сынайды);
– дайындық топтары.
Жаттығу процесі кешенді түрде ұйымдастырылған: техника, тактика, физикалық дайындық, апталық арнайы дене дайындығы (СФП) және әр микроцикл соңындағы ойын тәжірибесі. Сонымен қатар, психологиялық дайындыққа да ерекше мән беріледі.
Бапкердің айтуынша, қазіргі жас футболшылардың ойлау деңгейі жоғары:
Қазіргі ойыншылар ақпаратты тез қабылдайды, ойынды жақсы түсінеді. Қыздардың мотивациясы тіпті кей жағдайда ұлдардан да жоғары — олар жауапкершілікті терең сезінеді.
Юлия Бут, жаттықтырушы

Қыздардың футболға келу жолы әртүрлі. Бірі мектеп арқылы, енді бірі достарының ықпалымен немесе әлеуметтік желілердегі хабарландырулар арқылы келеді.
Команда капитаны Айзере Мирбек үшін футбол — отбасыдан басталған махаббат:
Футболды кішкентайымнан жақсы көремін. Бұл сүйіспеншілікті маған атам дарытты.
Ол өзіне үлгі тұтатын ойыншылар қатарында Неймар, Дастан Сәтпаев және Игорь Шацкий есімдерін атайды. Болашақ — бүгіннен басталады
Биыл «Шахтёр қыздары» 2014–2015 жылғы ойыншылар арасында ел чемпионатына алғаш рет қатысып жатыр. Жалпы, қыздар футболында оң динамика байқалады: командалар саны артып, аптасына бір рет өтетін тұрақты ойын циклі қалыптасқан.
Freedom Nauryz Cup 2026 турниріндегі жеңіс — осы еңбектің нақты нәтижесі. Ұлдармен тең дәрежеде ойнап, чемпион атану — тек спорттық жетістік емес, қоғамдағы көзқарасты өзгертуге жасалған қадам.
Мұндай турнирлердің Freedom Holding Corp. қолдауымен өтуі де маңызды. Ұйымдастыру шығындарының толық қаржыландырылуы жас спортшыларға тұрақты түрде жарысқа қатысып, тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Қыздар футболы Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Ең бастысы, бұл қозғалыстың артында мінезі мықты, мақсаты айқын жаңа буын қалыптасып келеді.
Басқа жаңалықтар
Ескі залдан — шабыт алаңына: ALGA! жобасы балалар спортына жаңа серпін сыйлады.
Қарағандыда ALGA! жобасы аясында белсенділік танытып, жоғары нәтиже көрсеткен Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейіне ерекше сый жасалды.

Freedom Futsal BFL жаңа кезеңі: Қарағандының жас таланттары алаңға шықты
Қарағанды облыстық футбол ассоциациясы Freedom Holding Corp. компаниясының қолдауымен Freedom Futsal BFL жобасының жаңа кезеңін бастады.

FREEDOM – NAURYZ CUP 2026: Қарағандыда жас футболшылар додасы өтті
20–22 наурыз аралығында Қарағанды облысының жас футболшылары жеңіс үшін тартысқа түсіп, әрбір матч көрерменге ерекше сәттер сыйлады. Кім үздік атанды және болашақ жұлдыздар өздерін қалай көрсетті?

ALGA! жобасы аясындағы алғашқы жолдастық ойындар
Мектеп футболын дамыту мақсатында 8 мектеп қатысты
