Қарағандыда кәсіби футболды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді әріптестік бекітілді
Freedom Holding Corp. пен Қарағанды облысының әкімдігі өңірде кәсіби футболды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді меморандумға қол қойды.

15 желтоқсанда Freedom Holding Corp. пен Қарағанды облысының әкімдігі арасында кәсіби футболды дамыту жөніндегі өзара ынтымақтастықты көздейтін меморандум рәсімделді. Құжат футболды басқаруда жүйелі тәсілге көшуге негіз болып, кешенді жобаларды іске асыруға бағытталған.

Меморандумға Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов пен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қол қойды.
«Шахтёр» футбол клубын Freedom Holding Corp. басқаруына беру Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған спорт ұйымдарын басқару жүйесін жаңғырту саясаты аясында жүзеге асырылды.

Футбол клубын беру үдерісі бірнеше кезең бойынша жүргізіліп, қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес өтті. Оның аясында мүлікке тәуелсіз бағалау жүргізіліп, қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылды, содан кейін клуб ашық сауда-саттыққа шығарылды.
Іс-шара барысында Тимур Турлов клубты дамытуға арналған негізгі тәсілді таныстырды. Оның айтуынша, барлық формалды рәсімдердің аяқталуы жобаның нақты мазмұнына толық назар аударуға мүмкіндік береді.

Басым міндеттер қатарында жергілікті футболшыларға негізгі бағыт беретін іріктеу жүйесін жетілдіру, спорттық және басқарушылық қызметке аналитикалық шешімдерді енгізу, сондай-ақ команданың медициналық қамтамасыз ету жүйесін жаңарту көзделген.

«Біз клубтың жұмысын жаңартып, нәтижеге бағытталған тұрақты даму моделін қалыптастыруды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда “Шахтёр” төңірегінде жасақталып жатқан команда жоғары мақсаттарға, соның ішінде халықаралық деңгейде де жетістікке жетуге әлеуетті. Алда ауқымды жұмыс тұр, ал біздің ұстаным өзгермейді — біз қысқа мерзімді әсерге емес, ұзақ мерзімді дамуға басымдық береміз»
Тимур Турлов, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры
Қарағанды облысының әкімі жеке инвестормен ынтымақтастық спорттық инфрақұрылымды басқаруда жаңа тәсілдер енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Клубты жаңа инвесторға беру туралы келісімге қол қою — спортты басқаруда ашықтық пен жауапкершілікке негізделген жаңа тәсілдерге көшу жолындағы маңызды қадам. Бүгінде біз жасөспірімдер футболындағы оң өзгерістерді көріп отырмыз, соның ішінде Freedom QJ League жобасының дамуы жас ойыншыларды даярлаудың жаңа жүйесін қалыптастыруға ықпал етуде»
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі
Іс-шара аясында «Шахтёр» футбол клубының бас бапкері таныстырылды. Команданы отандық футболдағы ең тәжірибелі мамандардың бірі — Дмитрий Огай басқарды. Ол жаттықтырушылық қызметі барысында өз командаларын бірнеше рет жүлделі орындарға жеткізіп, екі мәрте Қазақстан чемпионы атанған, сондай-ақ Қазақстан Кубогы мен Интертото Кубогының иегері.

«Клубтың алдына нақты әрі ұзақ мерзімді міндеттер қоюы мен үшін маңызды. Біз “Шахтёрді” оның тарихы мен әлеуетіне сай деңгейге кезең-кезеңімен қайта алып келеміз»
Дмитрий Огай, «Шахтёр» футбол клубының бас бапкері
2023 жылдан бері Тимур Турлов Freedom QJ League қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретінде лиганың жұмысына жетекшілік етіп келеді. Лига Қазақстанның жасөспірімдер мен қыздар топтарын біріктіріп, жас ойыншыларды жүйелі іріктеу мен даярлау алаңы ретінде қызмет атқарады. Лига қызметінде бейне аналитика, статистикалық платформалар және жаттықтырушыларға арналған цифрлық құралдар белсенді қолданылады.

Айта кетейік, тамыз айында Тимур Турлов Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының (QOFA) президенті болып сайланды. Басым бағыттар қатарында — бұқаралық және балалар-жасөспірімдер футболын дамыту, соның ішінде ALGA!, Freedom Balalar Futbol Ligasy жобалары мен жаттықтырушыларды даярлау бағдарламалары бар. 2029 жылға қарай бұл бастамалар 40 мыңнан астам адамды қамтиды деп күтілуде.

Сонымен қатар Қарағандыда заманауи футбол инфрақұрылымын дамыту жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында ұлдар мен қыздарға арналған футбол академия-интернаты, 3 500 орындық стадион, жабық манеж және толық өлшемді жаттығу алаңының құрылысы көзделген. Жоба толықтай Freedom Holding Corp. қаржыландыруымен іске асырылып, инвестиция көлемі 12 млрд теңге деп бағалануда.

Басқа жаңалықтар
15 наурызда республикалық референдум бойынша дауыс беру өтеді
Қазақстан Республикасы азаматтары жалпыұлттық дауыс беруге қатысады

Қарағандыда Арлан Туркеновты қолдауға арналған қайырымдылық жәрмеңкесі өтті
Қала тұрғындары емге қаражат жинауға белсене атсалысты

QOFA Виктор Иванович Бобровтың өмірден өтуіне байланысты көңіл айтады
Ар-намысы биік, өмірін қарағандылық футболға арнаған тұлға

«Шахтёр» ФК ойыншылары балалар футболының болашағы туралы
Клуб ойыншылары ерте даярлық пен жарыс тәжірибесінің жас футболшылар үшін шешуші рөл атқаратынын атап өтті
