ҚОФА Жаңалық
Карағанды облыстық футбол Ассоциациясы
Ассоциациясы

«Шахтёр» жаңа кезеңге қадам басты

Қарағандыда “Шахтёр” футбол клубының биылғы маусымына арналған ресми таныстырылымы өтті.

«Шахтёр» жаңа кезеңге қадам басты

Бұл кеш тек ойыншыларды көпшілікке таныстыру емес, клуб өміріндегі жаңа кезеңнің басталғанын аңғартқан маңызды оқиғаға айналды. Жанкүйерлер жаңартылған құраммен және ойын формасымен танысып, алға қойылған мақсаттар жайлы мағлұмат алды. “Шахтёр” биылғы команданы жасақтауда қазақстандық жас футболшыларға басымдық беріп, ұзақмерзімді даму бағытын айқындап отыр. 1958 жылы іргесі қаланған ұжым – ел футболының тарихында өзіндік орны бар, талай биікті бағындырған клубтардың бірі. Жеңісті жылдар мен сындарлы кезеңдерді бастан өткерген олар бүгінде даму жолының жаңа белесіне қадам басты.

Whatsapp Image 2026 03 26 At 22.24.50

 Клубтағы өзгерістер кездейсоқ емес. 2025 жылдың желтоқсанында басшылыққа Freedom Holding Corp. келуі даму бағытын түбегейлі жаңартты. Компанияның атқарушы директоры Тимур Турлов “Шахтёрді” жаңа деңгейге көтеру үшін кешенді жұмыс жүріп жатқанын атап өтті.

Біз мықты құрам жасақтап, жаңа маусымға нақты жоспармен қадам басып отырмыз. Негізгі басымдық — жергілікті жастарға беріледі. Командамен қатар, оның айналасындағы инфрақұрылымды да дамытып жатырмыз: академия, жаңа алаңдар, заманауи тәсілдер. “Шахтёрдың” жаңа тарихы бүгіннен басталады.

Тимур Турлов

Оның сөзін нақты деректер де айқындайды: командадағы ойыншылардың орташа жасы - 22-де, ал құрамның шамамен 60 пайызы — өзіміздің қазақтың қара домалақ жастары. Бұл көрсеткіш клубтың жергілікті таланттарды қолдауға және дамытуға қаншалықты мән беретінін айқын аңғартады.

Шараға арнайы қатысқан Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл бастамалардың өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, аймақта футболды дамытуға бағытталған нақты әрі кезең-кезеңімен жүзеге асатын жоспар бар. 

IMG 3827 (1)

Айрықша сәттердің бірі – клуб тарихында есімі алтын әріппен жазылған аңыз ойыншылардың Даңқ залына енгізілуі болды. Олардың қатарында Пётр Асылбаев, Андрей Финонченко және Айдос Таттыбаев бар.Сонымен қатар жанкүйерлер үшін автограф-сессия ұйымдастырылып, командамен жақын танысуға мүмкіндік жасалды. Кеш соңы концерттік бағдарламамен қорытындыланды.  Дастан Оразбеков жанды дауыста ән шырқап, шара көркін аша түсті.

IMG 3828

Айта кету керек, бүгінде стадионды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, балалар мен жасөспірімдер футболына ерекше көңіл бөлінуде. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, QOFA және Қазақстан әуесқой футбол лигасы өңірлік филиалы арасында меморандумға қол қойылған. Осы арқылы BFL лигасы, мектеп футболы және QOFA ұйымдастырған түрлі турнирлер болашақ ойыншыларды даярлау жүйесін қалыптастырып келеді.

IMG 3845

 Қазірдің өзінде бұл жаңашылдықтар өз нәтижесін беруде. “Шахтёр” шабуылшысы Глеб Макридов Мадридтің «Атлетико» жүйесінде тағылымдамадан өтуде. Бастапқыда U19 командасында (Atletico Juvenil A) жаттығады деп жоспарланған футболшы алғашқы жаттығулардан кейін бірден жоғары деңгей — Atletico Madrid C құрамына ауысты. Ал Никита Келджиев, Нұрхан Қағазбаев, Али Ақылбаев пен Даниял Назаров сынды ойыншылар Қазақстанның жасөспірімдер құрамасына тұрақты түрде шақырту алады. Жалпы  “Шахтёр”  клубының жаңғыруы – өңір спортының дамуына серпін беретін маңызды қадамның бірі. Инфрақұрылым, жастар саясаты және жүйелі басқару ұштасқан кезде, Қарағанды футболының жаңа дәуірі басталатыны анық.

Басқа жаңалықтар