Төрешілер корпусының дамуы
Қарағандыда үлкен футбол мен футзал бойынша төрешілерді жүйелі даярлау жүргізілуде

Террикон алқабында Жас төрешілер мектебінің жұмысы жалғасуда. Бағдарлама екі бағытты қамтып, жас төрешілердің теориялық білімін жетілдіруге және ойын сәттерін жан-жақты талдауға мүмкіндік береді.

Үлкен футбол төрешілері үшін қыс мезгілі – жазғы маусымға белсенді дайындық кезеңі болса, футзал төрешілері үшін жұмыс әдеттегі ойын ырғағында жалғасуда. Форматына қарамастан, оқу үдерісі төрешілік сапасын арттыруға және алдағы кезеңнің жүктемесіне дайын болуға бағытталған.

Қазақстан футбол Федерациясының инспекторы, Төрешілер комитетінің нұсқаушысы Артем Кучиннің жетекшілігімен төрешілер жаз мезгілінде өтетін футбол матчтарына қазірден бастап дайындалуда. Мұндай тәсіл жарыстар басталғанға дейін мықты теориялық әрі психологиялық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Футбол бағыты бойынша дайындық барысында оқыту тесттері өткізіліп, ресми матчтарда кездесетін ойын жағдайлары талданды. Бұл формат ережелерді тексеріп қана қоймай, ойынның жоғары қарқынында жылдам әрі дұрыс шешім қабылдау қабілетін дамытуға көмектеседі.

«Төрешілікке достарымның арқасында келдім. Әуесқой, облыстық және балалар матчтарында тәжірибем бар. Оқу жоғары деңгейде өтуде – офлайн және онлайн сабақтар дамуға, ойын сәттерін талдауға, болашақта қателік жібермеуге көмектеседі. Қарағанды облысының бас төрешісі Артем Александрович инспектор ретінде жас төрешілердің өсуіне үлкен қолдау көрсетіп келеді»
Шахислам Тайрханов, Жас төрешілер мектебінің шәкірті
Футзал бойынша оқу өткен тур матчтарының бейнежазбаларын жан-жақты талдауға негізделді. Қатысушылар негізгі ойын оқиғаларын саралап, даулы сәттерді, қабылданған шешімдердің дұрыстығын және төрешілер бригадасының әрекеттерін талқылады. Ашық пікір алмасу форматы әр қатысушыға өз ойын білдіруге мүмкіндік беріп, Қазақстан футзал чемпионатының төрешісі Изат Мусилимовтен кәсіби кері байланыс алуға жол ашты.

Футбол мен футзал арасындағы айырмашылықтарға қарамастан, төрешілерді даярлау тәсілі ортақ қағидаттарға негізделген. Екі бағытта да ережені терең түсіну, шешім қабылдау, қысым жағдайында жұмыс істеу және матч қатысушыларымен өзара әрекетке ерекше назар аударылады.

QOFA Жас төрешілер мектебі арбитр корпусын даярлау бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып, жас мамандардың кәсіби дамуына және әртүрлі форматтағы жарыстарға сенімді шығуына жағдай жасауда.
Басқа жаңалықтар
QOFA төрешілерінің дене дайындығы тексерілді
Қарағанды облысында кәсіби төрешілер мен Жас төреші мектебі жобасының қатысушыларын біріктірген фитнес-тестілер өтті

Төрешілер семинары: Қарағанды облысының футзал төрешілерінің дайындығы басталды
Қарағандыда QOFA бастамасымен футзал төрешілеріне арналған алғашқы оқыту семинары өтті.

Жас төреші мектебі – төрешілер мен инспекторларды дайындау жобасы
Жас төреші мектебі – QOFA негізінде жұмыс істейтін, Қарағанды облысындағы жас мамандарды кәсіби төрешілік пен инспекция саласына дайындайтын бірегей жоба.
