Карағанды облыстық футбол Ассоциациясы
Әуесқой турнирлер

Қарағандыда әуесқой футзал маусымы өз мәресіне жетті

2025–2026 жылғы маусым ресми түрде аяқталды. Қарағанды футзалында кім чемпион атанды, ал жеке жүлделер кімдерге бұйырды?

Қарағандыда әуесқой футзал маусымы өз мәресіне жетті

«Freedom – Қарағанды облысының кәсіпорындар, ұйымдар, оқу орындары, коммерциялық құрылымдар мен клубтар арасындағы 2025–2026 жылдар маусымының ашық біріншілігі» биыл да жоғары деңгейде өтіп, өңірдегі футзалдың қарқынын айқын көрсетті. Жарыс Қазақстан футбол федерациясы мен Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының қолдауымен ұйымдастырылды.

IMG 4837.JPG (1)

Биылғы біріншілік ауқымы жағынан да, бәсеке деңгейі тұрғысынан да ерекшеленді. Жалпы саны 29 команда екі лигада өнер көрсетті: 10 команда Жоғары лигада, 19 команда Бірінші лигада бақ сынады. Маусым бойы алаңдағы әр ойын тек ұпай үшін ғана емес, намыс үшін өткен шынайы текетіреске айналды.

Финалдық кездесуден кейін үздіктер анықталып, салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Жабылу салтанатына QOFA  басқарушы директоры, жоғары санатты ұлттық төреші Николай Бублинский қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.

IMG 4848.JPG (1)

Бірінші лигада маусым бойы тұрақты ойын өрнегін көрсеткен футболшылар арнайы номинациялармен атап өтілді. «KROSSFIN» командасының қақпашысы Александр Носов сенімді қорғанысымен көзге түсіп, үздік қақпашы атанды. Ал «Новодолинка» шабуылшысы Андрей Пинчин қарсылас қақпасын 55 рет дәл көздеп, сұрмергендер көшін бастады. «Авангард» ойыншысы Андрей Поликарпов алаңдағы әмбебап ойынымен ерекшеленіп, маусымның ең пайдалы ойыншысы атанды.

IMG 4842.JPG (1)

Жоғары лигада да бәсеке қыза түсті. «AVTOKING» қақпашысы Рустем Байрак тек қақпаны қорғаумен шектелмей, қарсыластар қақпасына 10 гол соғып, ерекше нәтижесімен көзге түсті. «Wooppay» шабуылшысы Сергей Лунев 16 матчта 61 гол соғып, маусымның ең нәтижелі ойыншысы атанды. Ал чемпион команда сапындағы Богдан Новиков 45 голымен және ойынға әсерімен MVP атағына лайық деп танылды.

IMG 4846.JPG (1)

Бірінші лигада үшінші орынды «OUTSIDERS» командасы иеленсе, күміс жүлде «Тұмар 49» командасына бұйырды. Ал маусым бойы тұрақты нәтиже көрсеткен «VALUA» командасы чемпион атанды.

Жоғары лигада да тартыс соңына дейін сақталды. Үшінші орын «Интеграция-МТС» командасына бұйырды. «Wooppay» командасы финалдық бәсекеде күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал маусымның басты сенсациясы мен сөзсіз көшбасшысы – «45 KVARTAL» командасы чемпион атанып, Қарағанды облысының әуесқой футзалындағы ең үздік ұжым екенін дәлелдеді. Оларға арнайы ауыспалы кубок табысталып, чемпиондық атақ ресми түрде бекітілді.

IMG 4845.JPG (1)

Ұйымдастырушылар жарысқа қатысқан барлық командаларға алғыс білдіріп, өңірдегі футзалдың дамуына үлес қосып келе жатқан серіктестерге ризашылықтарын жеткізді. Биылғы маусым тек жеңімпаздарды анықтап қана қойған жоқ, сонымен қатар жаңа есімдердің ашылуына, жас ойыншылардың тәжірибе жинауына мүмкіндік берді.

Айта кетейік, футзал жанкүйерлері ұзақ күтпейді. Мамыр айының үшінші онкүндігінде «Тұлпар» спорт кешенінің ашық алаңында дәстүрлі жазғы біріншілік басталады. Бұл – жаңа мүмкіндіктер мен жаңа тартыстар кезеңі болмақ.

Басқа жаңалықтар

ҚОФА Жаңалық